Жаңа форматтағы қылмыстық процестің басты мақсаты – үш буынды модель қалыптастыру

256

0

Облыстық прокуратураның ұйымдастыруымен «Болашақ» университетінде қылмыстық процестің үш буынды моделі және прокурорлардың кісі өлтіру қылмыстарын тергеп-тексеру пилоттық жобасы аясындағы мәселелер бойынша семинар-кеңес өтті.

    Шараның өткізілуіне қылмыстық істер бойынша негізгі шешімдерді қабылдау құзіреті кезең-кезеңімен прокурорларға жүктелуі себеп болды.

   Енді прокурорлар 2022 жылдан бастап кісі өлтіру, 2023 жылдан бастап аса ауыр және сыбайлас жемқорлық қылмыстар, 2024 жылдан бастап барлық санаттағы істер бойынша негізгі шешімдерді өздері қабылдайтын болды. Осы мақсатта биылғы жылдың 30 наурыз күні Бас прокурор мен ІІМ кісі өлтіру қылмыстарын ведомствоаралық тергеу-тобын құру арқылы тергеп-тексеру пилоттық жобасын іске асыру туралы бірлескен бұйрыққа қол қойған болатын.

Осыған орай 1 шілдеден бастап кісі өлтіру қылмыстары бойынша тергеу тобы құрылып, оның жетекшісі болып прокурор тағайындалады. Ал тергеушілер мен полицияның жедел қызметкерлері топ мүшелеріне енеді. Прокурор күдікті деп тану, бұлтартпау шарасын қолдану, қылмыстық істі тоқтату және айыптау актісін жасау сияқты негізгі 10 шешімді қабылдайды.

   Қалған тергеу әрекеттері (жауап алу, тінту, сараптама тағайындау) тергеушілермен жүзеге асырылады. Сондықтан пилоттық кезеңде прокурорлар тергеу тәжірибесін неғұрлым кең көлемде меңгеруі тиіс.

   Осыған орай, бұл бағытта туындайтын проблемалық мәселелер талқыланып, прокурорлармен кісі өлтіру қылмысының жағдайында оқиға орнына қарап-тексеру тергеу әрекеті жүргізіліп, көрсетілді.

     Жаңа форматтағы қылмыстық процестің басты мақсаты – үш буынды модель қалыптастыру. Яғни полиция қылмысты ашады, қылмыскерді анықтайды, дәлелдерді жинақтайды және бекітеді. Прокурор жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына тосқауыл қояды, сотта мемлекеттік айыпты қолдайды. Ал сот органның әрекеттеріне түскен шағымдарды қарайды және іс бойынша түпкілікті шешім қабылдайды.

   Сонымен қатар, облыстық прокуратура, полиция департаменті және Болашақ университетінің арасында өзара қызмет және ынтымақтастық туралы үшжақты Меморандумға қол қойылды.

    Меморандум жаңа формациядағы заңгер кадрларды даярлау және прокуратура мен полиция органдарында студенттердің тәжірибеден өту, прокуратура мен полицияда қызмет жасауға ниет білдірген студенттерді тартуды көздейді.

    Семинар қорытындысымен жаңа форматтағы қылмыстық процестің талаптарын қамтамасыз ету бағытында тиісті шаралар қабылданды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз