Жаңашылдық пен сабақтастық – сала жұмысының өзегі

522

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр еліне жұмыс сапарымен келген Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевпен кездесіп, бірлескен жұмыстарды талқылады.

Аймақ басшысы өңірдегі мәдениет, спорт саласындағы ауқымды жұмыстарға тоқталып, министрлікпен бірге жүзеге асатын жобалар туралы пікірлесті.

Министр сапары аясында Қызылорда қаласында бірқатар мәдени және спорттық нысандармен танысты. Сондай-ақ, халықпен кездесіп, туындаған сауалдарына жауап берді.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге бірнеше мекеменің жұмысымен танысты. 

Алдымен «Мұз айдыны» спорт кешенінде мәнерлеп сырғанау, күрес және көркем гимнастика үйірме мүшелерімен әңгімелесіп, спортшыларға республикалық, халықаралық жарыстарда табысты өнер көрсетуіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ, облыстағы спорттың даму көрсеткіштерімен танысты.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, 2013 жылы ел игілігіне берілген нысанда волейбол, баскетбол, күрес, көркем гимнастика залы мен мұз айдыны бар. Әр залға жүзден аса көрермен сыяды. Нақтырақ айтсақ, бірінші қабатта ойын залы, грек-рим күресі, көркем гимнастика, мұз алаңы, жаттықтырушы-оқытушылар бөлмесі, персоналдың қызметтік және жұмыс бөлмелері, ерлер мен әйелдерге арналған киім ауыстыратын бөлмелер орналасқан. Ал екінші қабатында әкімшілік қызметкерлер бөлмесі, би залы мен асхана бар. Қазір мұнда спорттың 7 түрі бойынша 615 спортшы жаттығады.

Мұнан соң министр «Тарлан» спорт кешенінде болып, бокс пен күрестен өтіп жатқан жаттығуды көрді. Сыр спортшыларының дүбірлі додаларда еліміздің намысын қорғап, даңқын арттыратынына сенім білдірді.

Спорт кешені 2016 жылы пайдалануға берілген. Мұнда бокс, таэквондо, күрес, ауыр атлетика және жаттығу залдары бар. Одан бөлек, жатақхана, асхана, демалыс бөлмесі, киім ауыстыратын бөлме және медициналық қызмет көрсету кабинетімен қамтылған. Бүгінде жаттықтырушылар таэквондо, бокс, пауэрлифтинг, дзюдо, каратэ, ауыр атлетикадан 350-ден астам талапкерді аталған спорт түрлеріне тәрбиелеуде.

Бұған дейін мұнда 20 ҚР спорт шебері, 78 ҚР спорт шеберіне үміткер дайындалды. Облыс әкімі «Балалар жылы» аясында өңірде демеушілер көмегімен 80 ойын алаңын салу басталғанын жеткізді. Бұған қоса, «Оқушылар үйі» де бой көтеретінін айтты.

Министр ұлттық спортты, оның ішінде ат спорты мен туризмін заманға сай жаңғырту мақсатындағы «Ұлы дала жорығы» атты жаңа жобаға тоқталып, белсенділік танытып, жанкүйер болуға шақырды. 1200 шақырымдық марафон-бәйге елордадан бастап Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтиды. Жеңімпаздар І орын 30 млн теңге, ІІ орын 20 млн теңге, ІІІ орын 15 млн теңге ақшалай сыйлықтармен марапатталады.

Мұнан кейін облыстық тарихи-өлкетану музейінде көнеден көш тартқан тарихқа қанығып, ондағы экспонаттарды көрді. Археология және этнография бөлімінің меңгерушісі Әйгерім Бекқұлиева музейдегі тарихи жәдігерлерді жеке-жеке көрсетіп, өлкетану саласындағы маңызына тоқталды. Музейдің негізі 1953 жылы қаланған. 2015 жылы келбеті қайта жаңарды. Бүгінде қорында 62 мыңнан аса экспонат бар. Бірінші қабатта кіріспе залы, «Өсімдіктер мен жануарлар әлемі», «Қасиетті Қазақстан және археология»,  «Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы» секілді көрме-залдары орналасқан. Ал екінші қабатта «Қызылорда облысы ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарында», «Ауыл шаруашылығы», «Өлкеде Кеңес өкіметінің орнауы», «Қызылорда облысының әлеуметтік саласын дамыту», «Мәдениет және өнер», «Этнография» және «Тәуелсіз Қазақстан» залдары бар.

– Сыр өңірінің тарихта алатын орны ерекше. Елдің әл-ауқатының нығаюына Ұлы Жібек жолының бойындағы ірі қалалар ерекше рөл атқарды. Алғаш ел астанасы болған бұл мекен сол ескі ордалардың жалғасындай. Қазақ хандығының негізі Ақ Орда мемлекетінің орталығы, жоңғар басқыншыларына қарсы күрес, Орта Азия хандықтарына қарсы әскери іс-қимыл да Сыр өңірінде болды. Көріп тұрғандарыңыздай, ХІV-ХХ ғасырлар аралығындағы саяси-әлеуметтік дамуы туралы мәліметтер толық сақталған, – деді музей қызметкері.

Кіріспе залында облыстың физикалық-географиялық картасы, климаты, жер бедері, табиғат байлығы, ХІХ-ХХ ғасырдағы облыс аумағын зерттеушілер, Арал теңізінің өткені мен бүгіні туралы мол дерек  қамтылған. Ал «Өсімдіктер мен жануарлар» залында Сырдария өзенінің флорасы мен фаунасы жайлы мәліметтер бар. Өңірде  сирек кездесетін өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау мақсатында ұйымдастырылған  «Барсакелмес» қорығы, Арал ауданындағы ең ірі көл – Қамбаштың туризм аймағына айналып отырғаны  жайлы ақпараттарға қанықтық. Ал «Археология» залына неолит, кейінгі қола, ерте темір дәуірі және орта ғасырлардағы жәдігерлер қойылған.

Дәурен Абаев музей қонақтарына арналған естелік кітапқа ізгі тілегін жазды.

***

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында сала қызметкерлерімен кездесті. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжанов қатысты.

Басқосудың модераторы, облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов  алдымен өңірдегі мәдениет және спорт саласында атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

–    Биылғы жылдың мамыр айынан бастап біздің облыста  мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасына денешынықтыру және спорт басқармасын қосу жолымен қайта ұйымдастырылып, жаңадан облыстық мәдениет және спорт басқармасы құрылды. Сыр бойындағы зор әлеуетке ие дәстүрлі өнерді одан әрі жетілдіру, бұқаралық спортпен шұғылданушылар қатарын арттыру, мәдениет пен спорт өкілдерін әлемдік кеңістікке шығару үшін республикада, шетелдердегі түрлі фестивальдер мен байқауларға, біріншіліктер мен спартакиадаларға қатысуына қолдау көрсетіліп  келеді.

Биыл ел үшін де, өңір үшін де айшықты оқиғаларға толы жыл болды. Ән падишасы атанған Роза Бағланованың 100 жылдығына, әнші-композитор Батырхан Шөкеновтің 60 жылдығына арналған республикалық әншілер конкурстары мен «Ақкербез» республикалық бишілер байқауы өткізіліп, облыс орталығында Роза Бағланованың ескерткіші орнатылды. Сонымен қатар, Қазақстанның халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовті еске алу іс-шарасы, республикалық ғылыми конференция өткізілді. Бәбіш мола, ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарына археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Спортпен тұрақты айналысушылар 38 пайыз болса, 2025 жылы 50 пайызға жеткізілмек. 2024 жылы Парижде өтетін олимпиадаға әзірлік – алдағы күннің еншісіндегі шаруа. Жыл басынан бері спортшылар Қазақстан Республикасы чемпионаттары мен кубоктарында 807 медальға, Әлем және Азия чемпионаттарында 153 медальға қол жеткізді. Елорда күні қарсаңында өткен  «Қазақстан барысы – 2022» турнирінде жерлесіміз Мақсат Исағабылов «Қазақстан барысы» атанды.  2008 жылдан бастап ұлттық құрама сапында 4 жазғы олимпиада ойындарына 21 спортшы қатысып, 2 қола медаль жеңіп алды. Олар – боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен ауыр атлет Александр Зайчиков.

Кездесу барысында министр мәдениет, өнер, кино, спорт, туризм салаларындағы жаңалықтарды айтты.

– Еліміз бойынша 35 мәдениет нысанының құрылысы басталып, 265 ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілді.  Бұл тізімде кітапханалар, театрлар, музейлер, концерт залдары мен мәдениет үйлері бар. Ұлттық мәртебесіне ие мәдениет ошақтарындағы қызметкерлердің еңбекақысы 75 пайызға өсті. Бізде мұндай мекеме саны көп емес, бар болғаны онға жетер-жетпес. Сондай статусқа ие мекемеге барлық өңірден қызметкерлер келіп, жұмыс істеуге ұмтылу керек. Жаңа облыста қолға алынған шаралардан хабардар болдым. Біз «Айбоз»  ұлттық әдеби сыйлығына байқау жарияладық. Бұл байқауға Қызылорда өңірінен де азаматтар қатысады деп ойлаймын. Мұнда 7 номинация бойынша сыйлық беріледі.  Олар «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия»,  «Үздік әдеби аударма»,  «Үздік балалар әдебиеті»,  «Үздік комикс», «Үздік  кітап дизайны» деп бөлінеді. Әрқайсысының бас жүлдесі – 5 миллион теңге. Сондықтан қатысамын деушілердің барлығына есігіміз ашық. Аты-жөндеріңізді білмей комиссия мүшелері тек шығармаларыңызбен танысып, баға береді. Осы жерде комикстің не керегі бар деген ой туындайды. Бірақ балаларды әдебиетке тартудың бір құралы ретінде комискті қостық. Оған тек ұлттық комикстеріміз ғана қабылданады. Біз жаңа қазақ әдебиетінің серияларын шығаруды қолға алдық. Онда еш жерде жарияланбаған қаламгерлер еңбектерін бізге жолдауы керек. Жас мөлшеріне шектеу жоқ, – деді ол.

Министр елімізде жүргізілген «Артспорт» бағдарламасының асығыс жасалғанын айтты. Қазір балалар спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуда. Оған 40 млрд теңге қаражат бөлінген. Бірақ бірнеше проблеманың бары анықталған.

Ең негізгісі – жергілікті бюджетте қаржының жетіспеуі.

Одан бөлек, жалпы бағдарлама асығыс ойластырылған.

– Қажетті есептеулер, бағдарламаға қатысатын балаларды қамту бойынша болжамдар дұрыс құрылмаған, ақпараттық портал жұмысының қағидалары анық жазылмаған. Бағдарлама 4-тен 18 жасқа дейінгі балаларды қамтиды. Бұл – республикадағы 4 млн бала. Осыншама ауқымды салааралық күрделі бағдарлама қысқа уақыт ішінде енгізілген деді, – Д.Абаев.

Сондай-ақ,  министрлік ондаған миллиард теңге жұмсалатын денешынықтыру-сауықтыру кешендерін салудан біртіндеп бас тартатынын айтты. Мұндай кешендерде спорттық жүктемеге пайдаланылмайтын үлкен атриумдар, дәліздер, паркингтер, акт залдары көп. Оған қарағанда модульдік спорттық нысандардың құрылысы бірнеше есе тиімді әрі оларды салу оңай. Көбінесе мұндай нысандарды ауылдық жерлерге салу ыңғайлы. Ендігі  уақытта министрлік олимпиада нәтижелеріне толықтай жауапкершілікті өз мойнына алады.

Кездесуде ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Н.Бекежанов атындағы қазақ академиялық музыкалық драма театры режиссерінің кеңесшісі Хұсейін Әмір-Темір, облыстық спорт ардагерлері кеңесінің төрағасы Жақсыбек Егізбаев, Т.Жүргенов атындағы қордың төрағасы Сәпен Аңсатов ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Мұнан кейін министр республикалық және жергілікті БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап беріп, тұрғындарды жеке қабылдады.

Түстен кейін  Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалды кешенінде болып, «Байқоңыр» космодромы музейімен танысты.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<