Облыстағы бірқатар шаруашылық су үнемдеу технологиясын қолдануға көшті. Соның бірі – Қазалы ауданындағы «РЗА» АҚ. Компанияға қарасты «РЗА-Асыл түлік» серіктестігі мамыр айының бірінші онкүндігіне таяу
87 гектар жерді жаңбырлатып суару арқылы сүрлемдік жүгері дақылын егуді бастады.
Шөлейтті өлке шаруалары алқапты суару кезінде пайдаланылған судың басым бөлігі сол жердің тұзын шаюға жұмсалатынын айтып отыр. Осы орайда жаңбырлатып суару әдісі құптарлық шешім болған сияқты.
– Тұзды жуу үшін тәулік бойы суаруға тура келеді. Бұл аумақты малдың қиын, тыңайтқыш себу арқылы құнарландырдық. Соқамен жыртып, тегістеп, тырмалап, қалыпқа келтірдік. Спринкерлік жүйе бойынша екі метр тереңдікке дренажды құбыр жүргізілді. Ол шайылған тұзды суды егістіктен шығарып, жерасты суының көтерілуіне кедергі болады, – дейді серіктестік директоры Жеңіс Қарабалаев.
Тың әдісті қолданысқа енгізудегі басты мақсат – соңғы үлгідегі су үнемдеу технологиясының көмегімен құнарлы мал азығын дайындау. Жалпы құны 600 млн теңге көлеміндегі жоба аясында 2019-2020 жылдары 87 гектар аумаққа жерасты дренажды жүйесі жүргізілді. Қоршау орнатылып, насостар қойылды. Былтыр қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Соның негізгісі – испандық компанияның жаңбырлатып суару қондырғысы.
– Тамыз айының соңына таман жүгеріні жинап аламыз. Оның орнына бидай егуді жоспарлап отырмыз. Ол қыс бойы қар астында жатып нәр алады. Сосын көктемде егін орағына кірісеміз, – дейді шаруашылық басшысы.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<