Жас ғалымдарға артылар жүк салмақты

1103

0

Байзақ Момынбаев атындағы №278 IT мектеп-лицейінде облыстық жас ғалымдар слеті болды. Оған ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова, аймақтың белгілі ғалымдары мен жастар қатысты. Слет барысында интеллектуалдық сайыс пен экскурсия ұйымдастырылды.

Іс-шарада сөз алған басқарма басшысы Мира Жомартқызы дарынды балалар мен талантты жастарды қолдау, олардың бойындағы дарынды, көшбасшылық, мақсатқа жету дағдыларын қалыптастыруда ауқымды жұмыстар атқарылып келетінін айтты. Аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда, оның ішінде ғылыми әлеуетті дамытуға үлес қосып жүрген ұстаздарға, аға буынға және жастарға алғыс білдірді.

– Жыл басында Жастар орталығы жанынан «Жас ғалымдар клубы» құрылды. Клуб «Жас ғалымдар альянсы қауымдастығымен» бірлесе жұмыс  жүргізуде. Сонымен қатар, жас ғалымдарға кәсіби деңгейін арттыруға көмек көрсету, ғылым саласының заманауи жетістіктерін насихаттау мақсатында аймақтағы 3 жоғары оқу орнында «Жас ғалымдар» кеңесі құрылған, – деді басқарма басшысы. 

Слет барысында IT бағыты бойынша ағайынды Бек және Сұлтан Ғалымжанұлы өздері құрастырған жаңа компьютерлік ойынды таныстырды. Қорқыт ата атындағы универститеттің «Археология және этнография» ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Жетесби Сұлтанжанов баяндама жасады. Ол орталықтың  10 жылда атқарған жұмыстарына тоқталып, тың жаңалықтарын да бөлісті.

– Бүгінде Жанкент қаласын қайта қалпына келтірумен қатар, туризм нысанына айналдыру, аспанасты музейін жасау жұмыстары  қолға алынуда. Қалашық ішінде бір тұрғын үй қалпына келтіріліп, ішіне мүсіндер қойылды. Ортағасырлық Асанас қалашығында жүргізілген зерттеу жұмыстары да өз нәтижесін берді. Қазір қалашықтан хирургиялық мақсатта пайдаланған қоларба мен қасық табылды. Ондай жәдігерлер Қазақстан мен Орта Азияда әлі табылған жоқ. Біздегі мәліметтер бойынша, ежелгі Римде осыған ұқсас  құралдар пайдаланған екен. Хирург дәрігерлер де кейінгі уақытқа дейін осындай құралдардың қолданыста болғанын растады. Сондай-ақ қоссазды домбыра жайлы да мәліметтер табылды. Орталық зерттеушісі Әзілхан Тәжекеев бір іссапарында сол ағаш бұйымдарға кезігеді. Оларға талдау жүргізу барысында оның қоссаз, яғни екі мойны бар домбыра екені анықталады. Бұл жайында жазған зерттеу мақаласы баспасөз беттерінде жарияланып, ол еуропа ғалымдарының қызығушылығын тудырды. Норвегиялық ғалымның айтуынша,  бізде табылған аспап ол жақтағы лира деген құралмен сәйкес келген.  Ол да екі мойынды, жетіген тәріздес болып келеді. Бірақ біз бұл қоссазды домбыраның табылған уақыты ол аспаптан ертелеу. Біздің пікірімізше, қоссазды домбыра бізде пайда болып, ғұндардың кезінде миграция арқылы Еуропаға баруы мүмкін, – дейді жас ғалым.

Слет соңында жас ғалымдарға басқарманың Алғыс хаты табысталды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<