Жас ұрпақтың жылы ұясы

1226

0

Білім бәсекесіне қабілетті жастар бойында жан-жақты дағдыларды дамыту заман талабына айналды. Ал заманауи мектеп – сол бәсекеде шәкірт тәрбиелеуде үлкен мүмкіндік. Бүгінде аймақта сол талапқа сай білім ордалары көбею үстінде. Соның дәлелі ретінде «Baiterek school.kz» жеке мектебін айтуға болады.

Сейсенбіде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласындағы «Baiterek school.kz» жеке мектебінің ашылу рәсіміне қатысып, жұмысымен танысты. Салтанатты іс-шараға жауапты сала басшылары, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Әріп Хожбанов және сала ардагерлері қатысты.

Аймақ басшысы адами капиталды дамыту және білім саласын жетілдіру – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, жаңа мектептің жұмысына сәттілік тіледі.

– Баршаңызды жаңа оқу жылының басталуымен және «Baiterek school.kz»  жеке мектебінің ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылғы Жолдауында білім беру жүйесіне ерекше тоқталып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте оқуына жағдай жасаймыз» деп атап өтті. Бұл бағытта Сыр өңірінде қарқынды шаралар атқарылатын болады. Биылдың өзінде 4350 орынға арналған 6 мемлекеттік, 3 жеке мектеп пайдалануға берілуде. Алдағы үш жылда аймақта 32 мектеп салынса, оның 12-сі жеке мектеп. Жақында ғана Арал ауданында жаңа мектеп, денешынықтыру кешені, жеке балабақша ашылды. Ерекше айтуға тиіспіз, соңғы жылдары мемлекет пен бизнестің әріптестігі аясында жеке мектептердің желісі артып келеді. Облыс көлемінде олардың саны 20-ға жетті. Білім саласына жанашыр, мектеп ашуға ынталы кәсіпкерлерге барша Сыр жұртының атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі.

Осы тұста айта кетейік, 1500 орындық жаңа мектепте 150 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 120 педагог және 30 техникалық қызметкер бар. Бүгінгі күні мектепте 530 бала білім алуда. Алда бұл көрсеткіш артып, 720 оқушы білім алады деп жоспарлануда. Қазір мұнда 29 сынып бар. Айтпақшы, мектеп асханасынан аз қамтылған және көпбалалы отбасынан шыққан 187 оқушы бір мезгіл ыстық тамақпен қамтылып отыр.

– Президент Жолдауда химия, биология, физика, математика бағытындағы пәндерге басымдық берілу керектігін айтты. Біздің мектеп аталған бағытқа көңіл бөліп, тереңдетіп оқытуды қолға алмақ. Оған қауқарымыз толық жетеді. Өйткені сыныптар заманауи үлгіде жабдықталған. Лабораторияларда озық технологиялар жеткілікті. Бұл мектептің тағы бір артықшылығы – бір ауысымды. Оқу ақысы да тегін. Мектептің барлық шығынын кәсіпкер көтереді. Айтпақшы, бір ауысымда 1 жарым, екі ауысымда 3 мың баланы қамти аламыз, – деді мектеп директоры Бақытжан Иманбердиева.

Айта кетейік, өңірде «Балалар жылы» аясында тарту ретінде демеушілер есебінен 1 млрд теңгеге облыс орталығынан 50-ге тарта спорт алаңы, аудандарда 600 млн теңгеге 30-дан астам ойын алаңы салынуда.

Салтанатты сәтте ата-аналар атынан Ғ.Байұлы мен мектеп құрылтайшысы Шәркүл Иманбердиева құттықтау сөз сөйлеп, жаңа оқу жылында оқушыларға табыс тіледі.

Ақтілек Бітімбай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<