Жастарды жігерлендірген 10 бастама

771

0

Облыстық жастар ресурстық орталығында «Жасампаз шақ – жастық шақ» атты жастар форумы өтті. Іс-шараға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев арнайы қатысып, форум алдында көрсетілген жас кәсіпкерлер көрмесін тамашалады. Бизнес жолын таңдаған талапты жастармен еркін пікір алмасқан аймақ басшысы форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, ақыл-білімімен, толайым табыстарымен дараланып жүрген Сыр жастарының жетістіктеріне тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», деп бүгін мен болашақтың жүгін сеніммен жүктеді. Мұны ортақ мүдде деп қарастыруымыз керек. Еліміздің абыройын асқақтату жолында жастардың ықпалы қашанда үстем. Аймақ жастарының барлық салаларда жетістіктері жетерлік, – деді облыс әкімі.

Соның ішінде аймақтың спорт саласында ерекше қуаныштың бар екенін атап өткен жөн. Сыр мақтанышы, белгілі шахматшы Әсел Серікбай жуырда Италияның Сардиния қаласында өткен Әлем чемпионатынан күміс медаль иеленді. Бұған дейін 17 дүркін Қазақстан, 3 дүркін Әлем, 7 дүркін Азия чемпионы атанған Әсел Серікбай Сыр елінің қоржынына тағы да бір марапат – күміс медаль қосып, облыс бойынша ең алғашқы «гроссмейстер» атанды.

Жас мұғалім, Қазақстан Республикасының Президенті жанынан құрылған Жастар кеңесінің мүшесі, «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Медиа» бағыты бойынша жеңімпазы Айсана Намурадин сынды өз арамызда жүрген талантты жастарымыз жетерлік. Өнер саласында Яна Ким әлемнің 39 елінен 7-ден  60 жасқа дейінгі суретшілер қатысатын Лондондағы халықаралық суретшілер көрмесіне шақырту алды. Осыған дейін Түркияда өткен халықаралық суретшілер байқауының гран-при иегері атанды. Желтоқсан айында Египетте өтетін халықаралық байқауға қатыспақ.

Облыс әкімі аймақта жастар саясатына қатысты барлық мүмкіндік қарастырылып жатқанын атап өтті. Оның бір дәлелі – жергілікті мемлекеттік органдарды бағалау көрсеткішіне «Жастардың даму индексі» қосылды.

– Аймақ тұрғындарының 21 пайызын құрайтын жастарды қолдау мақсатында биыл бюджеттен 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлінді. Нәтижесінде аймағымызда маңызды әрі жастардың сұранысына сай бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Сұранысқа ие мамандықтар бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарынан және көпбалалы отбасынан шыққан балаларға арналған облыс әкімінің 100 гранты тағайындалды. Ғылыми қызметке тартылған жастар санын арттыру, жас ғалымдардың ғылыми жобаларын қаржыландыру жұмыстары қолға алынды, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ, аймақ басшысы қоғамдық және қайырымдылық істерге Сыр еріктілері қай кезде де белсенді түрде атсалысып жүргенін айтты. Олардың көмегімен жыл басынан бері 6,5 мыңға жуық мұқтаж отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биыл облыста 5 691 жұмыс орны ашылып, көрсеткіш артығымен орындалған. Ал  жастарды жұмыспен қамту тапсырмасы бойынша алдағы жылы аймақта 6 мыңға жуық жасты жұмыспен қамту жоспарлануда. Нәтижесінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9%-ға дейін төмендейді.

Аймақта атқарылған игілікті шаралардың барлығында өңір жастарының өзіндік үлесі барын айтқан облыс әкімі осыған дейін жинақталған ой-пікір, ұсыныстарды саралап, сала жетекшілері мен қала, аудан әкімдеріне арнайы тапсырмалар берді. Жастардың өз қабілетін толық жүзеге асыруы үшін әлеуметтік-экономикалық тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету мақсатында аймақ басшысы келесідей он нақты бастама көтерді:

 Бірінші, жас  отбасылардың баспаналы болып, қоғамда әлеуметтенуі – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Сондықтан облыс әкімі орынбасары Мархабат Жайымбетұлы мен Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Өмірбекұлына тиісті салалық басқармалармен бірлесіп, «Сыр елі жастары» облыс жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын қабылдау бойынша бір ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізуді міндеттеді.

 Екінші, шахматқа қызығушылық танытатын жастар көбейіп келеді. Әсел Серікбай секілді талантты жастардың әлеуетін әлі де пайдалану қажетін айтқан облыс әкімі мәдениет және спорт басқармасына облыс орталығынан шахмат академиясын ашу мәселесін зерделеп, ұсыныс енгізуді тапсырды.

 Үшінші, бұған дейін қала деңгейінде жүзеге асқан белгілі математик, Сыр елінің мақтанышы Асқар Жұмаділдаев атындағы жас математиктер байқауын келесі жылдан бастап облыстық деңгейде және халықаралық сипатта өткізу бойынша ұсыныстар енгізілуі тиіс.

 Төртінші, білім басқармасына облыс орталығында бюджет есебінен қоғамдық көлікте жеңілдікпен жүретін студенттер санын арттыру мәселесін қарастырып, нақты ұсыныс беруді жүктеді.

 Бесінші, еліміздің бас сәулетшісі, жерлесіміз, биыл 80 жасқа толған Мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібековтің еңбегін насихаттау үшін Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменовке облыс орталығынан «Жас сәулетшілер мектебін» қалыптастыру бойынша ұсыныс енгізуді тапсырды.

 Алтыншы, Жастар орталығы жанындағы өзен жағалауын «Жастар жағалауы» етіп қалыптастырып, оны абаттандыру қажет. Аймақ басшысы бұл бастамаға барша жастарды атсалысуға шақырды. Жоба жастар арасындағы экологиялық мәдениетті арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға деген жауапкершілікті сезіндіреді.

 Жетінші, аймағымыздағы оқуға ынталы жастарды қолдау маңызға ие. Аймақ басшысы жыл сайын бөлінетін облыс әкімінің білім грантын қажетті жаңа мамандықтарға бағыттауды тапсырды. Бүгінде шыны зауыты өзінің толыққанды жұмысын бастап, алғашқы өнімдерін шығаруда. Өңірдегі ірі кәсіпорындарда шетелдік жұмыс күшінен жергілікті мамандарға басымдық беріп, жастарды әлемнің маңдайалды оқу орындарында тәжірибесін арттыруға, қайта даярлауға барлық жағдай жасалуы қажет.

 Сегізінші, Қызылорда қаласы және барлық аудан әкімдеріне аймақта кәсіп ашуға ынталы, еңбек етемін деген жастарды қолдау үшін уақытша негізде жер беру мәселесін жан-жақты қарастыруды тапсырды.

Жастардың кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін 2023 жылы облысқа республикадан 3 млрд теңге қаржы тартылатын болады. Бұл мемлекеттік қолдау шаралары арқылы жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Облыс әкімі осы бастамада алғашқылардың бірі болып жас кәсіпкерлердің үлесін арттыруға қазірден дайындалу қажетін айтты. Сондай-ақ, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараковқа жастардың кәсібін ашып, жұмысын бастауы үшін бастапқы капиталға қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырды.

 Тоғызыншы, мемлекеттік бағдарламаларды, жобаларды насихаттау, ақпараттандыру – өте маңызды жұмыстардың бірі. Биыл қолға алынған «Мүмкіндіктер керуені» акциясының ауқымын кеңейтіп, мемлекет тарапынан берілетін мүмкіндіктерді әрбір жас сезінетіндей цифрлық жүйеде жетілдіру керек.

 Оныншы, NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау тек «Жастар ресурстық орталығының» міндеті емес. Дана халқымызда «Ұйымдасқан ұтады, біріккен бітіреді» деген сөз бар. Бұл жұмыста баршаңызды бірлесе жұмыс жасап нәтижеге қол жеткізуге шақырамын. Бүгінгі форумда аталған он бастама аймақ жастарының әлеуметтік, рухани дамуына үлкен серпін береріне сеніміміз мол. Бұл бастамалар сәтті жүзеге асқанда бірқатар өзекті деген мәселелер шешімін табады, – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Сондай-ақ, облыс әкімі форумға арнайы қатысқан бірнеше дүркін Қазақстан, Әлем және Азия чемпионы Әсел Серікбайдың ата-анасын облыстың Құрмет грамотасымен марапаттады. Волонтерлік қозғалысты дамытуға үлес қосқан бірқатар еріктілерге ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің Алғыс хатын табыстап, аймақта мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға үлес қосып жүрген белсенді жастарды облыс әкімінің Алғысымен марапаттады.

Форумға аймақтағы түрлі салада жетістікке жеткен қоғам белсенділері мен көшбасшы жастар қатысты. «Қызылорда облысының жастар одақтары» қоғамдық бірлестігінің басшысы, өңірдегі балаларға арналған алғашқы «ASLAN» киностудиясының директоры Жасұлан Алдабергенов аймақта кино өндірісін дамыту бойынша ұсыныс айтты.

– Мен кейінгі төрт жылда кино өндірісін дамыту бағытында жұмыс істеп келемін. Студиямыз қысқаметражды фильмдер, әлеуметтік бейнероликтер түсірумен айналысады. Бұл бағыттың халық арасында жаңашыл бастамаларды насихаттауда тиімділігі жоғары. «ASLAN» балалар киностудиясы қазіргі уақытта 6-18 жас аралығындағы жастарға арнайы оқыту курсын ашып, болашақ актерларды тәрбиелеуде. Аға буын өкілдері біз секілді жастарды қолдайтын болса, бұдан да биік белестерді бағындыруға дайынбыз. 2023 жылы Қызылорда облысының 85 жылдығына орай барлық жастардың басын қосып, көркем фильм түсіруді ұсынамын, – деді ол.

Сондай-ақ, Оқушылар сарайының ұстаздары, «Бала Орда» бағдарламасының авторлары  Мақсат Серікбаев пен Сәуле Қалабай жастарға облыс туралы қызықты деректер мен журналистік зерттеулерін ұсынды.

Ал Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің зерттеуші-профессоры Нұрбол Аппазов Сыр елі жас ғалымдарының жетістіктері туралы айтып, ғылым саласындағы елеулі оқиғаларға тоқталды.

– Жас профессорларымыздан, қауымдастырылған профессор, PhD доктор, ғылым кандидаттары, магистрлар мен ғылымға қызығушы студенттерден тұратын тобымыз әртүрлі бағытта ғылыми зерттеулер жүргізіп, үлкен жетістіктерге жетуде. Мысалы, Қазақстан Республикасы Жоғары білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің қаржыландыруымен жергілікті дәрілік өсімдіктерден әртүрлі биологиялық белсенді қосылыстар алып, көптеген ауруды емдеуде және алдын алуда қолданылатын негізгі әсер етуші заттарды әзірлеуде. Одан бөлек, Ауыл шаруашылығы министрлігі қолдауымен дақылдардың өсуін реттегіштер және олардың ауруларымен күресу үшін де біздің тобымыз жаңа әсер етуші заттар алуда. Тағы бір айта кетерлігі, өңірімізде тұңғыш рет «Ғылым қоры» АҚ қаржыландыруымен мұнай қалдықтарын өңдеу бағытында  жұмысымызды өндіріске енгіздік. Бұдан бөлек, жергілікті мұнай өндіруші компания «ПетроҚазақстан» қолдауымен мұнаймен ластанған топырақты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Тағы бір ерекше атап өтер жайт, Еуроодақтың қаржыландыруымен елімізде өте сирек кездесетін Альцгеймер және Паркинсон ауруларын емдеуге әсер етуші заттарды алуда зерттеулер жүргізудеміз. Зерттеулер нәтижесі әлемнің жоғары рейтингті ғылыми басылымдарында жарияланып, кең көлемде танылуда. Аймақ ғалымдарының еңбегі ескерусіз қалған емес. Оларға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы, «Дарын» жастар сыйлығы, талантты жастарға арналған мемлекеттік стипендия, басқа да беделді марапаттар табысталып, жетістіктеріміз бағалануда, – деді ол.

Форум аясында Сыр жастарының жетістіктерінен арнайы көрме, талантты және шығармашыл жастардың концерттік бағдарламасы ұйымдастырылды. «Жас ғалым-2022» облыстық байқауының жеңімпаздары мен белсенді жастар марапатталды.

Биболат Сәтжан,

«Сыр бойы»

Суреттерді түсірген Бағдат ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<