Жер сілкінісінің қайталануы туралы ақпарат жалған – ТЖД

835

0

Түркістан облысы ТЖД жер сілкінісінің қайталануы туралы ақпараттың жалған екендігін мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде жер сілкінісінің қайталанатындығы туралы ақпарат тарады. Онда өзін Мырзакенттегі әскери бөлім қызметкерімін деп таныстырған ер адам жер сілкінісінің қайталанатындығын айтқан. Тіпті, жер сілкінісі күшті болатындығын ескертіп, қажетті құжаттарды алып, ұйықтамай күтіп отыру керектігін хабарлаған.

Ал, Түркістан облысының ТЖД мүмкін болатын жер сілкінісі туралы ақпарат жалған екендігін мәлімдеді.

«Тұрғындардан үрейленбей тыныштық сақтауды, тек ресми ақпаратты оқуын сұраймыз», – делінген ақпаратта.

Арада жарты сағат өткенде жалған ақпарат таратқан Мақтаарал аудандық Шекара басқармасының келісім шарт бойынша қызметкерінің көпшіліктен кешірім сұраған аудиосы тарады. 

Қатты қорқып қалғанын айтқан ол тек туыстарына ғана ескертпек болғанын жеткізген.

Жер сілкінісінен Түркістан қаласының да тұрғындары үрейленіп қалған. Түнгі мезгілге қарамастан, қала әкімінің орынбасары Байдулла Оразбеков және қалалық төтенше жағдайлар жөніндегі басқарма мен полиция басқармасының өкілдері көпқабатты үйлердің аулаларын аралап, тұрғындарға түсіндіру шараларын жүргізуде.

Жер сілкінісіне қатысты Төтенше жағдай қызметінің мәлімдемесінен тыс таралған хабарламалардың шындыққа жанаспайтынын айтып, үрейге бой алдырмауға шақырды.

Айта кетейік, бұдан бұрын Ауғанстандағы жер сілкінісі Тараз бен Шымкентке сезілгенін жазған болатынбыз.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<