Жеті жылдық құбылыс емес пе?

433

0

Кеше облыстық әкімдіктің Ситуациялық орталығында Экология, геология және табиғи ресустар вице-министрі Серік Қожаниязов пен Су ресурстары жөніндегі комитет төрағасы Нұрлан Алдамжаров­тың қатысуымен су тапшылығы мәселесіне арналған селекторлық мәжіліс өтті.

Алдымен «Арал-Сыр­дария» бассейндік инс­пек­циясының бас­шысы Сейілбек ­Нұ­рымбетов жоғары­дан келіп жат­қан су көлемінің аз бо­лу себептерін айтып бер­ді. Қырғыз жеріндегі «Тоқтағұл» су қой­масындағы былтырғы 13,3 млрд текше метр су қазір 2,9 млрд текше ­метрге аз. Қоймадан тө­мен қарай секундына 450-500 текше метрдей су тасталып жатыр. Көктем айларында мұнан да бәсеңдейді. Өйткені, қырғыз ағайындар қысқы энергетикалық режим үшін су жинауды бастайды. Есесіне биыл қар аз түсті, жауын-шашын да жылда­ғыдан 30-40% кем.

Қазіргі күні «Шардара» мен «Көксарай­дағы» су көлемі 4,8 млрд текше метр. Инс­пекция басшысы мә­лім­­дегеніндей, 2021 жыл­­­ғы су пайдалану ли­­­миті 5,3 млрд текше метр көлемінде бекітілген. Оның 4,2 млрд текше метрі егінге, ал 1,2 млрд текше метрі эко­логиялық мұқтаждық­тарға жұмсалуы тиіс. Ол үшін «Шардарада» 5,2, «Көксарайда» 2 млрд текше метр су жиналуы тиіс.

Мәжілісте С.Қожа­ниязов «Тоқтағұл» су қоймасына кейінгі жи­ыр­ма жылда жүргізілген мониторингтік деректерді ортаға салды. Байқағанымыздай, әрбір жетінші жылы, яғни 2008 және 2014 жылы су өте төмен деңгейде жиналғаны анықталып отыр. Биыл да осындай табиғи құбылыс қайталанатын түрі бар. Демек, сақтық керек.

Облыстық ауыл шар­уашылығы басқармасының басшысы Шахмардан Қойшыбаевтың айтуынша, биыл барлық егіннің көлемі 188,2 мың гектар болса, әртараптандыру бағытында 96,6 мың гектарға дәнді, 6,7 мың гектарға майлы, 66,4 мың гектарға малазығындық да­­қылдар, 18,4 мың гек­тарға картоп, бақша егі­леді. Күріштің көлемі 84,4 мың гектар болып бе­кітілген. Қазіргі күні егінге қажетті тұқым, минералдық тыңайт­қыш­тар мен гербицид да­йындау, техника жөндеу жұмыстары жүргі­зілуде.

«ҚазСуШар» РМК об­­лыстық филиал дирек­торы Хамит Бейім­бетов хабарлағанындай, Су шар­уашылығы нысандарын пайдалану Ережесіне сәйкес «Қызыл­орда», «Қазалы», «Ақлақ» су то­раптарының барлық қақ­пақтары ашық және транзиттік режимде. «Әй­­тек» су торабындағы жөн­­­­деу жұмыстарына сәй­­кес «Қараөзек» арнасына 150 текше метрге де­­йін су тасталатын болады.

Вице-министр осы орайда аудандар бо­йынша бірқатар проблемаларға назар аударды. Жаңақорған ау­­данында «Келінтөбе» ка­налына су көтеру үшін тоспа жасау қажет, Сырдария ауданында «Әйтектегі» ­жөндеуге бай­­ланысты суды ескі ар­на­мен жіберуге мәж­бүр. Ондағы дамбыны бекіту керек. Қармақшыдағы Алдашбай ахун елді мекеніндегі 250 гектар күріш алқабына су жеткізу қиындығы тағы бар. Қазалы ауданында теміржол са­­­­ласында жұмыс істеп кел­­ген адам­дардың басым бөлігі қысқартуға іліккендіктен, олардың бау-бақша, көкөніс егумен айналысуы үшін де дария суы қажет. Сондай-ақ осы ауданда ескірген қашырт­қыларды жөндеу күн тәртібінде тұр. Ал Арал ауданы үшін Қамбашқа су жеткізу проблемасы өзектілігін жойған жоқ. ­Балық шаруашылығын да­мыту басымдық алған тұс­та мұның бәрі өте ма­ңызды саналады.

Мәжілісте тиісті сала басшылары мен мамандар ойларын ортаға салды.

С.Қожаниязов еліміз бойынша бірқатар көрсеткіштерді де атап өтті. Суармалы жерлердің басым бөлігі оңтүстік облыстарға тиесілі. Бір тәуірі өзге облыстармен салыстырғанда су шығынын ең аз жасайтын Сыр елі екен. Көп ысырапқа Жамбыл облысы жол беретін көрінеді. Оларда 36% болса, бізде 13%. Сонымен бірге пайдаланған су үшін төлемді уақытылы жасайтын Қызылорда облысы. Дегенде, айтылған болжамдар ендігі жерде су азаймаса көбеймейтінін байқатады. Халық саны өсіп келеді. Осыған орай, Су кодексіне өзгерістер ен­­гі­зу жоспарланған. Ал оны бұзғандарға қатаң сұ­­раныс бар.

Вице-министр мә­жі­лістен кейін «Әйтек» су тоспасындағы және оған жақын маңда жүргізіліп жатқан жұмыстармен та­­­нысатынын жеткізді. Кө­­­терілген мәселелерді ше­­шу жолдары мұқият қа­­­растырылатын болады.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<