Жетістіктің бәрі білімнің арқасында

808

0

Алматыда жұмыс сапарымен жүрген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың «Алматы БалаFest» шығармашылық фестивалінің қорытынды іс-шарасына барды.

Балаларды қорғау күніне орай ұйымдастырылған бұл мерекелік шараның қорытынды кезеңіне мың бала қатысты. Ботаникалық бақта өткен қорытынды іс-шара «ART SPACE» аймағы, «Кітаптар қазынасы» кітап көрмесі, «ECO LAB» экологиялық аймағы, «Шахмат әлемі» аймағы, «ROBO LAND» аймағы және «Жас өрендер» концерт алаңы сияқты алаңқайларға бөлінген.

Президент әрбір алаңқайдағы жеңімпаздардың өнерін тамашалап, олардың жетістіктеріне ризашылығын білдірді. Мемлекет басшысы жасөспірімдермен әңгімелесу барысында оларды мерекемен құттықтап, балалар ел болашағы екенін айтты. Солардың бірі 11-сынып оқушысы Михаил Шут «Кітаптар қазынасы» көрмесінде «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқып берді.

Іс-шара соңында бір ай бойы әртүрлі жастағы жасөспірімдер, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалар да қатысқан «Алматы БалаFest» фестивалінің жеңімпаздары марапатталды. Жалпы әдебиет, бейнелеу өнері, спорт, декоравтивті-қолданбалы өнер, эко-байқау, вокал мен хореография және IT салалары бойынша өткен фестивальда 300 мыңнан астам бала бақ сынаған.

***

Қасым-Жомарт Тоқаев Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барып, еліміздегі ең ірі жоғары оқу орнын Әл Фараби мұражайын аралап көруден бастады. Президентке ұлы ойшылдың өмірі мен қызметіне арналған экспонаттар, сондай-ақ сирек қолжазба кітаптары таныстырылды. Мемлекет басшысы Орталық Азия экологиялық зерттеулер институтын аралап көрді. Қасым-Жомарт Тоқаев әлемдік заманауи технологиялармен жабдықталған институттың жаңа ғимаратына барып, мекеме жұмысымен танысты.

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының арнаулы өкілі және Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі БҰҰ миссиясының басшысы Дебора Лайонсты қабылдады. Кездесуде Ауғанстандағы дағдарысты тұрақтандыру, гуманитарлық көмек көрсету және әлеуметтік-экономикалық жағдайды қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігер аясында Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықты дамытудың перспективалары талқыланды.  

Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясының сессиясына қатысты. Президент, ең алдымен, ғалымдарды Ұлттық ғылым академиясының 75 жылдығымен құттықтап, мұны еліміз үшін мән-маңызы айрықша оқиға деп атап өтті. Сондай-ақ дамудың бірден-бір жолы ғылым екенін айтып, адамзат баласы жетістіктің бәріне білімнің арқасында жеткеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жасаған жұмыс сапары оңтүстік астана әуежайының жаңа халықаралық терминалы құрылысының капсуласын салу рәсіміне қатысумен аяқталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<