Жол жауапсыздық пен жүгенсіздікті көтермейді

349

0

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қала құрылысы кадастры жүйесін құру және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Жиынға салалық министрлер мен онлайн режимде өңір әкімдері қатысты.

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов жыл басынан бері жол-көлік оқиғалары өскенін жасырмады. Әсіресе, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарында көрсеткіш жоғары. Аталған өңірлерге Қазақстан бойынша барлық жол-көлік оқиғаларының 56%-ы, жарақат алғандардың 55%-ы және қаза тапқандардың 41%-ы тиесілі. Сондай-ақ, масаң күйде көлік жүргізу, құжатсыз көлік айдау оқиғалары жиілеп кеткенін ашып айтты.

– Есепті кезеңде полиция 4,5 млн-ға жуық жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісінің жолын кесті, 17,5 мыңнан астам мас жүргізуші ұсталды, 20 мың жүргізуші көлік басқару құқығынан айырылды, – деді министр.

Премьер-Министр аталған салаларға қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.

Үкімет тапсырмаларын орындау бағытында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жол-көлік оқиғаларына нақты талдау жүргізу, рейдтік шараларды қатаң қолға алуды тапсырды. Әсіресе, облыс аумағындағы трассаларда оқыс оқиғалар жиі болатындықтан, полиция департаментіне бақылау тетіктерін күшейтуді міндеттеді. Ал, көлік инспекциясына бақылау және тексеру жұмыстарын жауапкершілікпен атқаруды ескертті.

Биылғы жылдың 8 айында өңірде 247 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның салдарынан 91 адам қаза болып, 304 адам түрлі дене жарақатын алған. Республикалық маңызы бар М-32 «Самара-Шымкент» автожолының бойында 68 жол-көлік оқиғасы тіркелсе, оның басым бөлігі Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысына қарай бағыттағы ІІ техникалық санаттағы жолда болған.

– Өкінішке қарай, көлікті масаң күйде жүргізу, жүргізушілердің түнгі уақытта жол үстінде қалғып кетуі салдарынан қайғылы оқиғалар жиі орын алуда. Қараусыз қалған сиыр, жылқының жол бойына шығып кетуі де жол-көлік оқиғаларын азайтпай тұр. Кеше ғана Қармақшы ауданының тұсында жол үстінде ұйықтап кеткен жүргізушінің әрекетінен көлік апаты болып, бірнеше азамат көз жұмды. Қаншама отбасы үшін бұл – ауыр соққы. Жолда көлік айдау жауапсыздықты, жүгенсіздікті көтермейді. Сондықтан бұл мәселеге бей-жай қарауға болмайды, – деді Н.Нәлібаев.

Қала, аудандардағы жол-көлік оқиғаларын саралаған аймақ басшысы иесіз жүрген малға қатысты пада ұйымдастыру, патрульдік нарядтардың жұмысын қайта жолға қою қажеттігін қатаң ескертті. Бұл ретте жүргізушілермен түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізу керек. Әсіресе, екінші санаттағы жолдарда туындайтын келеңсіздіктерге жете мән беріп, рейдтік шараларға жиірек шығуды тапсырды.

Жиында қала мен ауылға қатынайтын ауыр жүк көліктерінің де мәселесі қаралды. Егін жинау науқаны кезінде жүк көліктерінің шамадан тыс мөлшерде жүк тиеп, қатынауы жолдың сапасына да әсер етеді. Бұл ретте аймақ басшысы көлік тізгіндеген жүргізушілердің талапты сақтауы қатаң қадағаланатынын жеткізді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<