Жомарт жанның жолы ашық

438

0

«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін» деген аталы сөз бар. Астарынан  адамгершілік аталатын ұлы ұғым есіп тұрғаны айтпасақ та белгілі. Оған қоса сауапты істі ұрпағының бойына сіңіруге тырысқан бабаларының жомарттық, мәрттік дағдыны да  ту көтерген. Бүгінгі әңгімемізге арқау жеке кәсіпкер Берік Жандәулетов – дәл осындай жомарт жүректі азаматтардың бірі. Сонау тоқсаныншы жылдардың бас кезінде Ақтөбедегі құрылыс колледжін бітірген Берік еңбек жолын жеке кәсіпкер ретінде бастаған болатын. Бұл кезең егемендікке жаңа қолы жеткен еліміздің экономикасы шатқаяқтап жатқан шағы еді. Қиындығы жалпақ жұртқа тұтас білінген өліара мезгіл біздің кейіпкерімізді де айналып өтпеді. Қиналды, талай мәрте торықты да. Алайда кездескен кедергілер жігерін жасыта алмады. Керісінше, қайрауы келіскен шарболатша шыңдалды. Ақыры сең қозғалды.  Берік басқарған «Жұлдыз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеке тұлғаларға несие беріп, шаруасын дөңгелентуге септігін тигізді. Жылдар өте Арал қаласынан монша құрылысын іске қосса, бірнеше жерден май құю бекеттерін ашты.

Табысқа тоқмейілсу  тұңғиыққа жетелейді. Ал іздену, жалықпай еңбектену – Берік Темірханұлының басты ұстанымының бірі. Әрі солай болып та келеді. Мұнан бірнеше жыл бұрын «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» аясында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізінің бойынан «В» категориялы жол бойы сервис кешенін іске қосты. Нақты кезеңде қарқынды жұмыс жасауда. Сондай-ақ өткен жылы пайдалануға берілген «Ер-Ай» сауда орталығында 70 орындық сауда қатары, ет өнімдерін сату орны, асхана, зертхана және ауқымды  азық-түлікті сақтау мен босату қоймасы орналасқан. Мұндай қадамға баруға кез келген кәсіпкер тәуекел ете бермес еді. Делдалсыз жұмыс жасау бүгінгі күннің ерекшелігі десек, артықтық етпес. Бұл бағытта Беріктің тындырған тірлігі мақтауға лайықты. Соның арқасында Қостанай қаласындағы өнім шығарушы компаниялармен келісімге отырып, шұжық, жұмыртқа,  ұн және ұн өнімдерін аудан тұрғындарына тікелей жеткізіп отыр.  Оған қоса күнбағыс майы, пияз, қырыққабат, басқа да көптеген  азық-түлік өнімдері Оңтүстік Қазақстан облысынан тікелей жеткізіп, аудан тұрғындарына нарықтағы бағадан арзан сатылып жатқаны да іскерліктің жемісіндей. Аталған сауда орталығында орналасқан кәсіпкерлерге екі ай көлемінде сауда қатарлары жалдама ақысыз тегін берілетінін, мұның өзі кәсібін жаңа бастағандарға әжептәуір көмек екенін жеткізе кетсек.

Кәсіпкердің табысы тынымсыз төгілген маңдай тері, жұмсалған қаражат пен есепке жүйріктігі, ең бастысы,  ерінбей бейнеттен­ген­нің арқасында құралатыны бесенеден белгілі. Қыруар шығын, адал еңбекпен келген нәпақаны өзгемен бөлісу үшін де адам бойында жомарт жүрек, мейірім мен имандылық сезімдері болуы қажет десек, ешкімнің намысына тие қоймаспыз. Өзіміз тілдескендерден Берік Жандәулетовтың жыл сайын облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілетін «Мектепке жол» акциясына  белсенді қатысатынын, акция барысында көпбалалы және аз қамтамасыз етілген  отбасыға мектеп құрал-жабдықтарын алуға қаржылай демеушілік жасап, өзге де шараларға, ауданның сәулеттеніп, келбеті артуына өз үлесін қосып жүргенін естідік.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<