Жүзден жүйрік үздіктер

521

0

кеше «Үздік жас маман – 2021» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Шарада облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Мира Қазбекова үздіктерді құттықтады.

–    Облыс бойынша жүзге жуық қатысушыдан құжат келіп түсті. Біз олардың ішіндегі ең мықтыларын ғана жеңімпаз етіп таңдадық. Жүзден жүйрік шыққан өздеріңізді марапат төрінен көргенімізге қуаныштымыз. Күнделікті жұмыстарыңызға жай ғана келіп-кетпей, қоғамдық шараларда белсенді болғандарыңыз үшін сіздерге алғыс айтамын. Бұл марапат  тындырымды тірліктеріңізге шабыт сыйлап қана қоймай, алдағы уақытта үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді басқарма басшысы.

«Рухани жаңғыру» орталығы директорының орынбасары, комиссия мүшесі Сәулет Сахиев үміткерлердің көбінің құжаттарының дұрыс еместігін айтты. Жалпы іріктелген мамандар 4 критерий бойынша таңдалған.

–    Құжат тапсырған жастардың басым бөлігі білім мен мәдениет саласынан екен. Ал әскерилер мен  қаржыгерлерден белсенділік байқалмады. Жалпы құжаттар нәтижелі жұмыстары, қоғамдағы белсенділігі, жеке өміріндегі жаңалықтары мен жетістіктеріне қарай сараланды. Әлде де аудан, қала жастарының мұндай байқауларға қатысып, өздерін көрсетуі үшін насихат жұмыстары жасалу керек, – деді С.Сахиев.

Шара соңында үздік мамандарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйақы табысталды. Байқау жеңімпаздарының арасында «Үздік жас журналист» номинациясын алған әріптесіміз, «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Гүлдана Жұмадинова да бар.

Айсәуле Қарапаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<