Жылжымалы бригадалар жұмылуда

382

0

Бүгінде облыс бойынша індетке шалдыққандар саны 5794-ке жетіп, науқас саны артуына байланысты ауруханалардағы инфекциялық төсек-орын көбейтілді.

Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов дәрігерге хабарламай, үйде өздігінен ем қабылдаушылар қатарынан COVID-19 көптеп анықталып жатқанын айтты.

– Облыста коронавирус инфекция­сына қарсы 49 386 адам екпе салдырды. Бетпердені шешіп, бұрынғы өмір қайта келу үшін аймақ бо­йынша 371 мың адам екпе алуы керек. Қазір халықтың 14 проценті вакцина алған.  Бұл – өте аз көрсеткіш. Өңірімізге «Спутник V», «QAZVAC»-қа қосымша Араб Әмір­лігінен 5000 «Hayat-vax» екпесі келді. Қазіргі таңда аймағымызда барлығы 15128 вакцина бар.

Жылжымалы бригадалар халыққа қол­жетімді жерлерде, сонымен қатар шал­ғай ауыл-аймақтарды аралап екпе жұмы­сын жүргізуде. «Қорқыт ата» сауда орталығында жылжымалы егу бригадасы өз жұмысын бастады. Қосымша «Aray City MALL», «Жібек Жолы», «Қызылорда» сауда үйлері мен театр, банктерде өз жұмысын жалғастыратын болады, – деді басқарма басшысы.

Брифингте облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев ек­пенің маңыздылығын, екпе егу науқанынан кейін көрсеткіш Еуропада төмендеп келе жатқанын айтты. Сондай-ақ, вакцина салдырғаннан кейін өзінде дене қызуының көтерілуі, қан қысымының өзгеруі секілді жайсыз жағдайлар болмағанын, отбасы мүшелері түгелдей екпе алғанын жеткізді.

Жиында облыстық мәслихат депутаты Сәрсенкүл Бихожа дерт келмей тұрып денсаулықтың қадірін білу керегін баса айтты.

– Қазір індетке байланысты әлеу­меттік-экономикалық жағдайдың төмендеп тұрғаны белгілі. Қайсыбір мемлекет болмасын, елде экономиканың көтерілгеніне, халықтың әл-ауқатының жақсарғанына мүд­делі. Сол себепті Үкімет, мемлекет халыққа зиян келетін,  денсаулығына сызат түсіретін екпені насихаттамайды. Сон­дықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген тиімді, – деді ол.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<