Жыраулық өнердің жәдігер тұлғасы

1570

0

Сыр бойы –сүлейлер мен жыр дүлділдерінің қасиетті өлкесі. Қазақ ұлтының мәдениеті –оның дәстүрлі төл өнерінде, ғасырдан  ғасырға, атадан балаға жалғасып келе жатқан төл өнеріміздің қашанда  келешегі кемел. Қазақ  салт-дәстүрінің өркендеуіне, еліміздің мәдени-рухани саласының, ұлт руханиятының дамуына ерен еңбек сіңіріп жүрген көрнекті ақын, талантты термеші, белгілі жырау Бидас Рүстембековтың жеке тектік құжаттары Қызылорда облысының мемлекеттік архивінде сақтаулы.

Көмейден төгілген қоңыр даусымен, қазақы үнімен тыңдағанның құлақ құрышын қандырып, жан сарайды жадыратар жырау Бидас Рүстембеков биыл 70 жасқа  толып отыр.  Кешегі Дүзбенбеттен желі тартқан жыраулық дәстүр мектебі Жиенбай жырау арқылы  Рүстембекке, Рүстембек  жыраудан балалары Көшеней мен Бидасқа жетіп, киелі Сыр өңіріндегі өнерпаз елдің даңқын дүние жүзіне әйгіледі.

Бидас Рүстембеков 1951 жылы 23 қаңтарда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақжар ауылында дүниеге келген. 1957-1967 жылы Ақжар ауылындағы мектепте білім алып, 1967-1970 жылдары Қызылорда политехникумында оқып, бітіріп шықты. 1970 жылы аталған оқу орнынан Шардараға өз мамандығы бойынша жіберіледі. 1970-1971 жылдары Ақжар ауылындағы №28 орта мектепте денешынықтыру пәнінен сабақ беріп, педагогикалық қызметпен айналысады. 1972-1978 жылдары Ақжар ауылындағы жоғарғы кернеулі подстанцияда кезекші энергетик (диспетчер) болды. 1979-1982 жылдары ауылдағы мәдениет үйінің директоры қызметін атқарды.1982 -2001 жылдар аралығында Жосалы кентіне қоныс аударып, №12 кәсіптік техникалық училищеде электротехника пәнінен сабақ берді. 1983 жылдан бастап ауданның жарықтандыру жүйесінде учаскелік мастер қызметін атқарып, кәсіби мамандығы бойынша жұмыс жасайды. 

1989 жылдан бастап аудандық білім бөліміне қарасты әуез мектебі жанынан дәстүрлі жыр бойынша жыраулық үйірме ашып, шәкірттер тәрбиелеуді бастап,әкесі Рүстембек жыраудан тәлім алып, жыраулық  дәстүрдің берік  туын ұстап, атадан балаға жалғасқан мұраға иелік етті.

Кеңестік кезең талабына сай ұлы көсем Ленинді жырлау, «Алтын орақ», «Малшылар слеті»сияқты науқанды істің басында жыршылық өнерімен  қызмет атқарса, 1972 жылы Алматы қаласында өткен жыр алыбы Жамбылдың125 жылдық мерейтойында Ғылым академиясындағы үлкен өнер шеберлері арқылы берілген концертте өнер көрсетті. 1978 жылы Москва қаласында дәстүрлі музыкадан бүкілодақтық фольклорлық байқау болып, әр одақтас республикадан бір адамнан шақырылады. Қазақстаннан осы байқауға Б.Рүстембеков жіберіліп, байқау қорытындысы бойынша  1 орынды иеленді.

1980 жылы Ленинград қаласында «Ленинград көктемі» байқауына қатысып, жүлделі орынға ие болып, лауреат атанады.  1992 жылы Балқы Базардың 150 жылдығына орай, Қармақшы ауданының жыраулық өнер экспедициясы бір ай бойына Өзбекстанның Бұқара қаласының «Кенимых», «Тамды», «Үш құдық» аудандарымен қоса аталған аудандардың елді – мекендерін аралап, Сыр сүлейлерінің жырлары мен мақам – саздарын халыққа паш етті.

1997 жылы Астананың ашылу салтанатына қатысып, 1998 жылы тамыз айында  «Астана»мерекелік медалімен марапатталды. 2007 жылы аудан әкімі Қаюпов Биғали Әбдікәрімұлының келісімен Омар Шораяқұлы атындағы №30 және Т.Ізтілеуов атындағы №29 орта мектептер базасында Алматы қаласындағы дәулескер күйші Абдулхамит Райымбаев басқаратын, жырау қыз Ұлжан Байбосынова жетекшілік ететін, «АГА-хан» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен жұмыс жасайтын «Көкіл» мектеп-колледжінің филиалын ашты. Осы аталған өнер мектебінде  32 шәкіртке Бидас Рүстембеков ұстаздық етті.

2007-2008 жылдары «Сыр елі-жыр елі» деп таныған жердің дәстүрлі жыраулық өнерін дамытып, кейінгі ұрпаққа қалдыру төккен терінің еңбегіне орай облыс әкімінің степендиясы тағайындалды. 2009 жылы Қармақшы ауданының  80 жылдық мерейтойына естелік медалі табыс етілсе, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2004 жылы Алматы қаласында, 2005 жылы Астана қаласында сыр сүлейлері ізімен өткізілген «Жыр керуені» фестивалінің лауреаты, 2011 жылы  Сыр сүлейі, жыраулардың ұстазы  Базар Оңдасұлының 170 жылдығына арналған «Жамиғы қазақ бір туған» атты аймақтық жыршылар фестивалінде арнайы дипломымен, 2011 жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған түркі тілдес елдердің халықаралық «Қорқыт және ұлы дала сазы» фольклорлық –музыкалық өнер фестиваліне қатысқаны үшін сертификат табысталды.2012  жылы ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтің туғанына 130 жыл толуына орай  «Шұғыла шашқан Шаһнама» атты жыршы – термешілер байқауында бас жүлдеге ие болып, осы тақырып аясында   өткен жыр–сұхбат бағдарламасында үлкен өнері үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. 2013 жылы Сыр өңірінің мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан зор үлесі үшін Қызылорда облысы әкімінің орынбасарының Алғыс хатымен, осы жылдың 24 қыркүйегінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, 23 қарашада суырып салма ақын Тұрымбет Салқынбайұлының туғанына145 жыл толуына орай өткізілген «Тұрымбет – ән атасы Кіші жүздің» атты аймақтық жыршы –жыраулар фестивалінде үздік өнер көрсеткені үшін Дипломмен марапатталған.

2014 жылы мамыр айында өткен 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты ардагерлер шығармашылығынан көркемөнерпаздардың аудандық байқау-фестивалінде I дәрежелі Дипломмен марапатталып, облыстық байқау-фестиваліне жолдама берілді. 2015 жылы тамыз айында Бидас Рүстембеков ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Қазақстан Конституциясына 20 жыл» мерекелік медалімен, 16 желтоқсан ел тәуелсіздігі мерекесі аясында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.

 Қорқыт бабадан бастау алған текті өнерді бойтұмардай қастерлеп жүрген Бидас жырау бүгінде өзінен кейінгі ізбасарларымен мақтанады.Бүгінде ол Көшеней Рүстембеков атындағы жыраулар үйінде дарынды жастардың талабын ұштап келеді. «Қобыланды» жыры, «Көрұғлы» дастаны, Ш.Омарының «Сәдуақас пен Сахи» қиссасы, «Кедей», Балқы Базардың, Жиенбайдың, Тұмағамбеттің, Ш.Омардың т.б. ақын-жыраулардың терме толғаулары бар.

Бидас Рүстембеков зайыбы Ырысалды апаймен бірге елге үлгілі  боларлықтай тамаша ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.Тұңғыш баласыБекнұр Рүстембеков «Алматы» құрылыс компаниясында инженер, Жарбол Рүстембеков СЭС қызметкері, Барбол Рүстембеков Алматы облыстық прокуратурасында прокурор, Ербол Рүстембеков «Заңгер» компаниясында заң қызметкері болып абыройлы қызметтер атқарып келеді.Атадан дарыған алдаспан өнер жыраудың басты қазынасы болып қала бермек.

А.Әлиасқарова,

Қызылорда облысының мемлекеттік  архивінің археографы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<