Жырдың жампоз жүйрігі

2364

0

Кешегі апта соңында осындай тақырыптағы тағылымды шараның куәсі болудың сәті түсті. Жүз шайыр шыққан Қармақшы топырағындағы Тұрмағамбет ауылында ұлт құндылығын дәріптеген азаматтар ісіне тәнті болдық. Өйткені, биыл туғанына 140 жыл толатын ақын Тұрмағамбет Ізтілеуұлынан бөлек, бұл өңірден шыққан өзге де тұлғалар мұрасы жыл сайын дәріптелуде. Жалпы Сыр сүлейлерінің қалың шоғыры қалыптасқан өңір осы Қармақшыда десек, осындағы шайырлардың бірі Тасберген Құламанұлы еді.

Аталған іс-шара облыстық деңгейде өтіп, оның барысында жыраудың бейітіне арнайы белгі қойылып, ас берілді. Сондай-ақ «Жырдың жампоз жүйрігі – Тасберген жырау» атты жыраулар фестивалінде ақын мұрасы кеңінен ұлықталды.

Тасберген Құламанұлы Сыр сүлейлерінің бұрынғы ізін бүгінге бұзбай жеткізуімен ерекшеленеді. Туғанына 152 жыл уақыт болған жырау 1870 жылы қазіргі Алдашбай ахун ауылы маңында дүниеге келген. Сүйегі 1940 жылы Тұрмағамбет ауылының іргесіне қойылыпты. Атақты «Маңырамасын» шығарып, сонымен бірге бұрынғылардың туындысын бұзбай жеткізген кең көмейлі жырау болған. Ол бүгінгі күнге дейін жеткен, әсіресе Сыр бойына жақсы таралған «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Мұңсыз хан», «Көрұғлы», «һақ Сүлеймен», «Мағауия» жыр-дастандарды жырлап өткен.

Тасберген жыраудың әкесі де ел ішінде өнерімен белгілі болған адам. Халыққа бұрынғының нақыл сөзін айтып, ғибратқа толы толғауларды жеткізуші. Әкеден дарыған қасиет арқасында Тасберген де жыраулық өнерге ден қойып, бар өмірін соған арнаған. Атақты Ешнияз салдың ұлы Жүсіппен бірге жүріп, соның шығармаларын насихаттаушылардың бірі. Сондай-ақ қырықтан астам дастан мен толғау, Сырдағы басқа да бұрынғы жыраулар мұрасын жатқа айтыпты. Ас не тойда бес-алты күн жырлап, бір қисса не бір жырды екінші рет қайталамайтын нағыз дала өнерпазы болса керек.

– Әкем Нұрмахан – Тасберген атамыздың үлкен ұлы. Ол кісі «Кәкем (әкесін солай атаған екен) «Маңырамасын» айтқанда жеті буынмен қайтаратын» дейтін. Ілгеріде екінші ұлы Сағат ағамызбен бірге атамның жатқан жерін қоршап, құран бағыштап кеткенбіз. Бүгін, міне, ел ақсақалдары бас болып, одан ауылдағы «Тұрмағамбет» шаруашылығының төрағасы Нұржан Пірмантаев демеушілік жасап, басына үлкен етіп мрамордан белгі қойылды. Жалпы Тасберген Құламанұлының шығармашылығы – облыс қана емес, республикалық көлемде дәріптелуге татитын дүние, – дейді немересі Қалабай Нұрмаханов.

Бір қуанарлығы, бүгінде саф өнер саналатын жауһар жырдың деңгейі жоғарылап келеді. Аймақта түрлі бағыттағы жыраулық дәстүрдің мектептері мен үйірмелері ашылып, оған құштар ұрпақтың да қарасы қалыңдай түскен.

«Жыр деген құлаш сермеп ғаламатқа,

Ұрпағым өссін ерек саламатта.

Зейінді ашатын жыр, сананы сөз,

Қиянат қылмағайсың аманатқа…» деп Тасберген жыраудың өзі айтқандай, сөз қадірін жіті түсінер саналы ұл мен қыздың көбейгені – ұлтымыз үшін үлкен мақтаныш.

Иә, бұған дәлел ретінде айтар болсақ, Сыр сүлейін еске алу шарасында өткен фестивальге Қармақшы ауданынан бөлек, облыс орталығынан ат терлетіп жеткен жыршы-термешілер болды. Хас өнерді ұлықтап жүрген Қасарбек Кәрібаев, Амандық Бүрлібаев, Дінислам Тоқсанбаев, Балтабай Бедебаев, Айдос Рахметов, Серік Жақсығұлов сынды аға буынмен бірге қанатын енді қомдаған жас дүлдүлдер Әлішер Мырзағалиев, Динар Рахман, Алмат Азаматов, Аңсұңқар Бүркітбай және Арай Оңғарқызы сияқты жастар да жырдан шашу шашты. Атадан балаға, ұстаздан шәкіртке аманатталып келген ұлттық құндылық осылай жалғасуда.

– Тасберген Құламанұлын таңды таңға ұрып, неше күн, неше түн толғаса да қазынасы таусылмайтындай терең жырау десек, қателеспейміз. 1986 жылы осында жыраулар мектебі ашылып, соның бір класы жыраудың атымен аталды. Әлі де сол үрдіс жоғалған жоқ. Рас, Сырдың бойында қаншама мақам, қаншама саз бар десек, мысалы, қазір 300-ге тарта түрі бар деп жүрсек, соның жартысынан астамы осы Тасберген жырау арқылы бізге бұзылмай жетті. Мақам мен саз – бұл нағыз мәңгіліктің мәйегі, мұны біз ананың не мынаның шығарғаны деп айтпаймыз. Ол – халықтың мұрасы. Сол мұраның сақталуына ілгеріде өткен жыраулар арқылы бүгінгі біз бойымызға сіңірдік. Осылай ұрпақ сабақтастығы жалғасып келеді, – дейді Қазақстанның мәдениет қайраткері Берік Саймағанбетов.

Берік ағамыздың айтуынша, Тасберген жыраудың «Маңырамасын» айтпайтын жырау-жыршылар бүгінде кемде-кем. Ал атақты жыраудың бала бүркіттей баптаған жалғыз шәкірті болыпты. Есімі – Кәдір. Ол кешегі алмағайып заманда Ауғанстан жеріне өтіп, сонда дүниеден көшкен. Ауғанстанда жүрген Кәдір жыраудың дауысын американдық өнер зерттеушілер жазып алып, кейіннен белгілі жырау Алмас Алматов бастаған азаматтар сол жазбаны тауып, өз елімізге де жеткізіпті.

– Бұл – жоғымызды іздеп, барымызды жаңартып, кейінгі буын өткенін ұмытпасын деген ниетпен істеліп отырған дүние. Сыр сүлейлері дегенде есімізге көп есім түседі. Сол көп есімнің ішінде белді орын алатын Тасберген әкеміздің шығармашылығы кейінгі жылда өте жақсы деңгейде дәріптеліп жүр. Әлі де ел ағаларының араласуымен туған өлкемізде өткен тұлғалар ісін дәріптеу жалғаса береді. Өз ұрпағымыздың саналы да салиқалы болып өсуіне мұндай игілікті шаралардың пайдасы мол, – дейді Тұрмағамбет ауылының тұрғыны, зейнеткер Тоғанас Сарыбаев.

Бүгінде ауылдық клуб ішінде «Тасберген жырау» мектебі жұмыс істейді. Онда 20-ға жуық оқушы жыраулық өнер бойынша дәріс алып жүр.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Қармақшы ауданы.

Суретті түсірген Н.НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<