Зиянкестермен  күрес басталды

426

0

Облыста ерекше қауіпті зиянкестерге қарсы жүргізілген жазғы және күзгі мониторинг қорытындысымен биыл 53 мың гектардан астам жерге химиялық өңдеу жүргізілмек. Аталған жұмыстар мамыр айының соңында басталып, маусым айын толық қамтиды. Егін мен жайылымның басты жауы саналатын шегірткені (азиялық) жоюға арнайы жұмыс тобы да құрылған. Сондай-ақ зиянкестерге қарсы іс-шара жұмыстарын бірлесіп атқару үшін көршілес Ақтөбе, Қарағанды және Түркістан облыстарымен ынтымақтастық келісім-шарт бар.

Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы зиянкестерге қатысты дайындық жұмыстарын пысықтап, семинар-кеңес өткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары С.Қожаниязов қатысқан жиын барысында шегірткеге қарсы препараттар мен техникалық жабдықтар таныстырылды.

– Биыл шегірткеге химиялық өңдеу жұмыстары жоспарға сай жүретін болады. Облыста осы зиянкес түрін екіге бөліп қарастырамыз. Азиялық және италиялық прус деп бөлінетін жәндіктердің егін мен жайылымға зияны көп екені белгілі. Енді соның ішінде италиялық прусқа қарсы биыл 6980 гектар жер өңделсе, азиялық шегірткеге қарсы 46700 гектар жерге арнайы препарат себіледі. Бұған республикалық бюджеттен бөлінген қаржымен өңдеу жұмыстарына қатысатын мердігерлер белгілі болды. Техникалары мен өзге жабдықтары дайын. Сонымен қатар, комитет арқылы бөлінген препараттар өңірге жеткізілді. Осы жиында әр ауданға баратын техника мен дәрілік препараттардың бөлінісі белгілі болады. Қазір азиялық шегіртке пен италиялық прустың оянуы басталды. Сондықтан барлық аудан бойынша бір ай өңдеу жұмыстары толассыз жүргізіледі. Әзірге барлығы бақылауда, – дейді облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Жаннат Дүзелбаева.

 Айта кету керек, зиянкестерге қарсы күреске 3 арнайы жер агрегаты, 2 жеңіл ұшақ (дельтоплан) және 1 ұшақ қатысады. Ал биыл саяқ шегірткелерге қарсы 46 мың гектардан астам жер бақылауға алынған. Бұл жұмыстарға 33 маман, 17 зерттеуші, 26 автокөлік қатыспақ. Сондай-ақ фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету үшін мамандарға қосымша көмек беріліпті. Ол үшін ауылдық округтер тарапынан «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» шеңберінде жастар тәжірибесі негізінде маусымдық жұмысқа 142 адам алынған.

Бұған қосымша ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянды организмдерден қорғау үшін жұмыстар атқарылып жатыр. Облыс бойынша калифорниялық қалқанша самыры, жатаған у кекіре, арамсояу және қауын шыбынына қарсы 2300 гектардан астам жер өңделуде. Бұл жұмыстарға да арнайы техника мен жабдықтар қарастырылған.

Ержан Қожас,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<