Астанада референдумға дайындық жұмыстары қалай жүріп жатыр

246

0

Фото: Ағыбай Аяпбергенов/Kazinform

Осы жексенбі (6 қазан) елімізде атом электр стансасын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум өтеді. Елордада 386 дауыс беру учаскесі бар. Kazinform агенттігінің тілшісі №238 дауыс беру учаскесіне барып, дайындық барысымен танысқан еді.

Елорданың 906 936 тұрғыны референдумға қатысып, дауыс беру құқығына ие. Қаланың аумақтық комиссиясының төрағасы Бейсембай Жұмабековтің айтуынша, дауыс берушілердің жартысына жуығы жеке шақыру алған.

«Қала бойынша 386 дауыс беру учаскесі бар, оның 34-і уақытша жұмыс істейтін болады. Олардың дені оқу орындарының ғимараттарында, мәдени және спорттық мекемелерде орналасқан. Учаскелік комиссия мүшелерінің саны – 3734 адам», – деді ол.

Сайлау заңнамасына сәйкес қалалық комиссия 20 қоғамдық бірлестік және үкіметтік емес ұйымдарға аккредитация берді. 

«Жалпы референдум өткізуге дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, дауыс беру учаскелері ресімделіп жатыр. Сонымен қатар азаматтарды рәсімдеу мәселелері де қаралуда, яғни тізімде қате көрсету мен дәлсіздік туралы өтініштер. Одан бөлек, референдум күні қалада болмайтын азаматтарға есептен шығару куәліктері беріледі. Ол азамат басқа елді мекенде дауыс бере алады», – деді Б.Жұмабеков.

Нұра ауданы аумақтық комиссиясының төрағасы Берік Төребеков референдум жарияланған сәттен бастап жұмыс қызу жүріп жатқанын айтып тұр.

«Барлық сайлау комиссияларының құрамы бекітілді, толық материалдық-техникалық жарақтандыру, кабиналар, урналар орнату және дауыс беру процесін ұйымдастыру үшін қажет нәрсенің бәрі дайындалды. Бұдан басқа, күнтізбелік жоспарға сәйкес 20 күн ішінде учаскелік комиссияларға нақтылау үшін сайлаушылар тізімі берілді. Қазір тізімдер нақтыланып жатыр. Дауыс берушілер өздері келіп, тізімде бар-жоғын анықтай алады», – деді ол.

Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар дауыс беретін жандарға жағдай жасалады. Учаскелерде пандустар, тактильді көрсеткіштер, сондай-ақ дауыс беруге ыңғайлы болу үшін Брайль шрифтімен, құлаққаптармен және компьютерлермен арнайы жабдықталған кабиналар орнатылады. №238 учаскенің сайлау комиссиясының басшысы Гүлмира Саберлинова дауыс беруге мүмкіндігі шектеулі бір азаматтың тіркелгенін мәлім етті.

«Біз үйлерді аралап, анықтап шықтық. Біздің учаске бойынша бір ғана мүмкіндігі шектеулі азамат бар. Біз оған шақыру қағазын апарғанда, ол қуанып, міндетті түрде келетінін айтты. Ол азаматқа арнайы кабина мен трафарет бар. Егер оның жанында еріп жүрген ешкім болмаса, онда комиссия мүшелерінің бірі көмектеседі, – деді Г.Саберлинова.

Оның айтуынша, дауыс беру күні учаскелер сағат 7:00-ден 20:00-ге дейін жұмыс істейді, алайда комиссия мүшелері өз жұмысын 06:00-ден бастайды. Учаскелер жабылғаннан кейін комиссия 12 сағаттың ішінде дауыстарды санайды.

Бұған дейін Алматы қаласында және Алматы облысында референдумға дайындық қалай жүріп жатқанын хабарлаған едік.

Айта кетейік, Астанада референдум өтетін күні қоғамдық көлікте жол жүру тегін болады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<