Қызылорда медициналық жоғары колледжі – Сыр өңіріндегі орта буын медицина мамандарын дайындайтын іргелі оқу орны. Жұмысшы мамандықтар жылына орай ғасырға жуық тарихы бар қарашаңырақтың бүгінгі жетістіктері туралы колледж директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Жанар Қалмақовамен сұхбаттасқан едік.
– Жанар Амангелдіқызы, сөзімізді аймақтың медицина саласындағы, оның ішінде сіз басқаратын оқу орнындағы кадр құрамы, әлеуеті туралы әңгімеден бастасақ…
– Қызылорда медициналық жоғары колледжі орта медициналық білім беру жүйесін жетілдіру, кадр даярлау мен олардың біліктілігін арттырудың жаңа үлгілерін қолданысқа енгізіп отыр. Себебі бүгінгі күні мейіргерлердің рөлі мен мәртебесін арттыру өзекті.
Аймақта 20 мыңға жуық медицина қызметкері болса, соның 11 мыңы – орта буын өкілдері. Өңір орта буын қызметкерлермен толық қамтылған. Оның 70 пайызы – мейіргерлер, 10 пайызы – аймақтық мейіргерлер. Орташа жас шамасы – 40, бұл мамандардың кәсіби тәжірибесі мен еңбекке қабілеттілігінің жоғары екенін көрсетеді. Қызылорда медициналық жоғары колледжінде 140 медицина маманы білім береді. Олардың 17-сі – педагог зерттеуші, 25-і – сарапшы, 37-сі – педагог модератор, 31-і – магистр, 1-уі – медицина ғылымдарының кандидаты, 2-уі – академиялық доцент.

– Биыл колледжден қанша түлек қанат қағады? Жұмысқа орналасуда қиындық болмай ма?
– Колледжде бүгінде 2719 студент білім алып жатыр. Биыл соның 873-і оқу бітіреді. «Мейіргер ісінің қолданбалы бакалавры» біліктілігі бойынша 858 қолданбалы бакалавр даярлап шығардық. Бұл – облыстағы мейіргерлердің 10,4%-ы. Түлектердің арасында оқуын университетте жалғастырып, академиялық бакалавр дәрежесін алып, дәрігерге дейінгі қабылдауды өз бетінше жүргізіп үйренгендер бар. Студенттердің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 88 пайыз. Біздің мамандар тек Қызылорда облысында ғана емес, еліміздің басқа да аймақтарында сұранысқа ие.
– Қазақстандағы мейіргерлердің кәсіби дамуында колледж жанындағы мейіргерлік істі дамыту орталығының рөлі қандай?
– Білікті маман қашанда сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Сондықтан жұмыс істеп жүрген орта буын мамандарының білімін жетілдіру, инновацияларды тиімді енгізу және орталықтандырылған тренинг жүйесі қажет. Мейіргер ісін кәсібилендіру және академиялық мансаппен оларға әдістемелік көмек көрсету де – өзекті мәселе.
Осыған орай 2024 жылы Қызылорда облысындағы орта буын мамандарының біліктілігін ұдайы арттыру мақсатында медициналық колледж жанынан мейіргер ісін дамыту орталығы ашылды. Басты мақсаты – орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыру, халықаралық стандарттарға сәйкес мейіргерлік білім беру жүйесін жетілдіру, сондай-ақ мейіргерлік көмектің сапасын бағалау мен талдау арқылы денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға үлес қосу.
– Орталықтың тәжірибесі туралы айтып берсеңіз…
– Орталық орта буын медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, стимуляциялық оқыту, ғылыми-әдістемелік, мейіргерлік көмектің сапасын талдау және мониторингілеу бөлімдерінен тұрады. Сұраныс артқан сайын орталықтың штаты да көбейіп, бүгінде мұнда 12 маман еңбек етеді. Облыс мейіргерлерінің біліктілік арттыру курсынан өту деңгейі, еңбек жағдайы, кәсіби тұрғыда өсу мүмкіндігі, басқару жүйесінің тиімділігі және мейіргерлік тәжірибеге инновацияларды енгізу дайындығы жөніндегі пікірін анықтау мақсатында облыстағы барлық орта буын қызметкерлері арасында сауалнама жүргізілді. Сауалнама нәтижесінде облыстағы мейіргерлердің 44 пайызының жаңа әдістер мен технологияларды тұрақты оқытуға қол жеткізгені анықталды. Ал 50,3 пайызы бакалавриат бағдарламасы бойынша білім алғысы келетінін көрсеткен. 2020-2024 жылдар аралығында «Патронаж қызметінің әмбебап-прогрессивті моделі» курсы бойынша мониторинг жүргізілді. Нәтижесінде белгілі болғаны, аймақтық дәрігерлердің 28,3 пайызы, аймақтық мейіргерлердің 37,7 пайызы, әлеуметтік қызметкерлердің 10,2 пайызы, психологтардың 15,2 пайызы біліктілігін арттырған.
Бұл көрсеткішті жоғарылату үшін оқу курстары ұйымдастырылып, аймақтағы барлық емхананың бас дәрігерлері мен орынбасарлары білімін жетілдірді. Қазіргі таңда емханалардың психолог мамандары мен әлеуметтік қызметкерлері біліктілік арттыру курсынан өтуде.

– Мектеп оқушыларының денсаулығы мектеп мейіргерінің бақылауында екенін білеміз. Олардың да білімін жетілдіруге көңіл бөліне ме?
– Әрине, баламен жұмыс істейтін маманның жаңашылдықтан қалмағаны абзал. Мектеп мейіргерлері арасында да талдау жүргізілді. Нәтижесінде 1,9 пайызы ғана білімін жетілдіру курсынан өткеніне көз жеткіздік. Бұл нәтижені жақсарту үшін «Мектеп медицинасындағы мейіргер ісі» тақырыбында 300 сағаттық сертификаттау курсын ұйымдастырып, нәтижесінде 417 мейіргердің 97 пайызы курстан өтті. Басым бөлігі – шалғай ауылдардағы мектептің мейіргерлері. Олардың кәсібилігі балалар саулығына септігін тигізері анық.
– Медицина мамандарын стимуляциялық оқытудың тиімділігі неде? Қандай нәтиже күтуге болады?
– Стимуляциялық оқыту болашақта көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Біліктілігін арттырып, заманауи жоғары технологиялық жабдықта жұмыс істей алатын кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін шешуге көмектеседі. Сондықтан колледждің стимуляциялық материалдық-техникалық базасын жақсартуға баса мән берілді. Игі бастамаға облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы тікелей қолдау білдірді. Орталықтың заман талабына сай материалдық-техникалық жарақталуы үшін өткен жылы қаражат бөлініп, 3 виртуалды оқу кабинеті заманауи оқу құралдарымен жабдықталып, соңғы модельдегі 50 моноблок сатып алынды. Білім ордасының спорт залы күрделі жөндеуден өтті. Биыл тағы облыс бюджетінен қаржы бөлініп, оқу процесіне аса қажетті медициналық білім беруге арналған динамикалық платформадағы жедел жәрдем стимуляциялық оқу-жаттығу кешені орнатылды. Стимуляциялық орталық қызметін колледж студенттері ғана емес, келісімшарт негізінде қаладағы 7 емхана және 2 аурухана қызметкерлері қолданады.
– Жаңа технологияны оқу жүйесіне енгізу бағытында қандай жұмыс атқарылып жатыр?
– Уақыт талабына сай білім алушыға да, оқытушыға да заманауи техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттік. Интерактивті тақталар, принтер, стимуляциялық тренажер-манекендер алынып, оқу бөлмелері заманауи жиһаздармен жабдықталды. Оқытушылардың дәрісін таспалауға және жергілікті мейіргерлерге тәжірибелік мақсатта әдістемелік құрал ретінде ұсынылатын видео контенттерді сапалы дайындау мақсатында заманауи бейнестудия ашылды. Демеушілік көмек есебінен «Фармация» мамандығы студенттерінің практикалық сабақтары үшін емдік өсімдіктер өсіретін «Жасыл дәріхана» жылыжайы салынды. Сонымен қатар Алматы ботаникалық бағының дәрілік өсімдіктер зертханасымен келісімшарт жасалып, дәрілік өсімдіктер егілді. Келісім негізінде студенттер Алматы ботаникалық бағы – Ботаника және фитоинтродукция институтының құрамындағы ғылыми-зерттеу мекемесінде оқу-өндірістік практикадан өтті.
– Халықаралық серіктестікті жолға қоюдан қандай нәтиже бар?
– Оқу орнының басты бағыттарының бірі – халықаралық серіктестікті нығайту. Бұл мақсатта Германия, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Латвия секілді елдердің жетекші медициналық мекемелері және медициналық оқу орындарымен серіктестік келісімге келдік. Отандық медициналық оқу орындарымен, ғылыми зерттеу нысандарымен ынтымақтастық орнаттық. Германияның SES – Senior Experten Service, яғни мейіргерлік эксперттер сервисі компаниясымен меморандум аясында 3 эксперт және «Страдыня» Рига (Латвия) университетінің халықаралық эксперті облысымызға келіп, мейіргерлік күтім, акушерлердің тәжірибелік дағдысын көтеру мақсатында шеберлік дәрістерін өткізді. Түркия мемлекетінің «Medicana Atasehir» және «Medipol Mega» клиникалар желісімен меморандум қабылдадық. Меморандум аясында колледждің 20 оқытушысы аталған осы екі клиникада және «Acibadem», «Liv Hospital», және «Medical Park» мекемелерінде тәжірибе алмасты. Сонымен қатар Өзбекстан Республикасының «Әбу Әли Ибн Сино» қоғамдық денсаулық техникумында 12 оқытушы, Латвияның «Страдыня» медициналық университетінің Рига бірінші медициналық колледжінде 18 оқытушы тәжірибе алмасу сатысынан өтті.
– Студенттер де Латвияда оқуын жалғастырып жүр екен…
– Иә, Латвияның «Страдыня» медициналық университетінің Рига бірінші медициналық колледжінде «Стоматология», «Емдеу ісі», «Фельдшер» біліктіліктері бойынша студентіміз оқу жылының 2 семестрін аяқтап келді. Сонымен бірге бірлескен серіктестік негізінде ішкі академиялық ұтқырлық бойынша Қызылорда медициналық жоғары колледжінің жоғары курс студенттері республика бойынша медицина қызметкерлері жетіспейтін аймақтарға, атап айтқанда Жетісу, Қостанай облыстары және Астана қаласының медициналық колледждерінің клиникалық базаларында оқу-өндірістік тәжірибеден өтті.
Облыс әкімінің қолдауымен 12 студент Түркияның «Medicana İnternational Hospital» клиникалар желісіне оқу-өндірістік практикадан өтуге және 5 студент Латвия мемлекетінің «Страдыня» Рига университетінің бірінші медициналық колледжіне бір тоқсан оқуға жіберіледі.
– Дамыған елдердің тәжірибесін бізге де енгізу керек болар?
– Оқу орнында Латвия тәжірибесін негізге ала отырып, пациенттің туысқандарын күтім бойынша оқытуға арналған «Мейіргерлік күтім» арнайы кабинеті ашылды. Онда тек мейіргерлердің білімін арттырып қана қоймай, төсек тартқан науқастың туысқандарын күтімге қажет дағдыларды үйретіп жатырмыз. Орталықтың қалалық емханалармен бірлескен жұмысы аясында «Пациенттерді және олардың туысқандарын оқыту» мектебінде пациенттерге және олардың туысқандарына ойылудың алдын алу, тағайындалған дәрілерді дұрыс қолдану туралы ережелерді, эргономика, инсульт, деменция, тағы басқа диагнозы бар науқастарды оңалту жолдарын үйрету жұмыстары жүргізілуде. Бұл көмекті тікелей стандартталған пациенттерде ғана емес, виртуалды шынайы ортада жасалған әдістемелер (жасанды интеллект платформаларын пайдалану арқылы) бойынша да жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда 15 пациенттің өздерін және туыстарын оқыттық.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан:
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»