Өмір өрнектелген ойлы туынды

251

0

Фото: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Қарымды қаламгер, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Сыр елінің тумасы, қазақ әдебиетінің ерек жанры – сатираның сардары Нұрмахан Елтайдың «Әр кәллада бір қиял» атты жаңа кітабы оқырманға жол тартты. Облыс әкімдігінің қолдауымен, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен жаңа туындының тұсаукесер рәсіміне аймақтың зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, БАҚ өкілдері қатысты.

Қалам иесі «Сөз сойыл» сатира жанры бойынша берілетін Балғабек Қыдырбекұлы атындағы арнайы сый­лықтың, облыс әкімінің шығар­ма­шы­лық өкілдеріне арналған «Тұран» сый­лығының, «Ерен еңбегі үшін» меда­лінің иегері, ауданы­ның құр­метті азаматы.

Әдеби кеште сөз алған облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысы­ның орынбасары Артур Қамбаров қарымды қаламгерге облыс әкімінің құт­тықтауын табыс етті. Ақын, Ха­лық­аралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Қатира Жәленова қаламгердің шығармашылығы туралы ойын айтып, саңлақ жанр – сатирадағы еңбегін жоғары бағалады. Қазақстан Жазушы­лар одағының облыстағы өкілі Қар­шы­ға Есімсейітова оқырманға жол тарт­қан жаңа туынды қазақ әдебие­тіне қосылған құнды қазына екенін атап өтті. Ақын Серік Ыдырысов жүрекжарды лебізін арнап, шығармашылығына шынайы ықыласын білдірді. Облыстық «Сыр бойы» газе­тінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер одағы об­лыстық филиалының төрағасы Қуат Ша­рабидинов қалам ие­сінің шығар­ма­шы­лығынан бөлек, адами биік болмысы, ағалық, азамат­тық тұл­ғасы жай­лы сөз қозғап, қаламдас­тарының сый-құрметін жеткізді.

Рухани тәлімі мол жиынды облыс­тық кітапхана директоры, тарихшы ға­лым Нұрлыбек Мыңжас жүргізді. Кі­тап­тың тұсаукесер рәсіміне облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, облыстық мәслихат депу­таты Жорабек Нұрымбетов, ардагер журналист Қайырбек Мырзахметұлы қатысты.

Кеш барысында «Мереке-думан» халықтық әзіл-сықақ отауының орын­да­уында автордың «Осындай да ойын болады екен?..» интермедиясы қойылып, көрерменге керемет көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ кеш аясында оқырмандар назарына «Сатира сайып­қыраны» тақырыбында ұйымдас­тырыл­ған кітап көрмесі таныстырылды.

Айта кетейік, жазушының бұған дейін жарық көрген «Жайма базар», «Қа­тырамыз», «Сүйінші дайында­ңыз­дар», «Ауылдағы айтқыштар», «Қия­ға қонған қыран», «Беласар», «Сы­пы­ра сыйлық», «Үшінші тайм», т.б кі­тап­­тары қалың оқырманның ыстық ықыла­сына ие болды. Сонымен қатар, «Жұлдыз», «Ара – Шмель» журналдары, «Қазақ әдебиеті» басылымының белсенді авторы. Облыстық «Сыр бойы» газе­тінің сатиралық бет редакторы, мен­шікті тілшісі қызметтерін атқарды.

«Әр кәлла­да бір қиял» атты сиясы кеппеген жаңа кітап «Кәсіби жөтел», «Гөй-гөй», «Ке­ліншектал әуені», «Жү­йелі сөз жүл­десі» деп аталатын төрт бө­лімнен тұ­ра­ды. Кітаптың жауапты ре­дакторы бел­гілі сатирик Ермахан Шайхы: «Ел адам­дарының өздеріне ға­на тән аң­ғалдау, кейде әпенділікке тән мінез­дері мен қылықтарын туынды­сына ар­қау ете отырып, айналамызда болып жат­қан тосын көріністер мен қоғамдағы ке­лең­сіздіктерді сын са­да­ғына алады. Оқырман күле отырып, күрсінетін жайт­тарға тап болып жатса, бұл шұ­райлы тіл мен астарлы баян­даудың әсе­рі деп түсінерсіз» деп пікір білдірген екен. Нақты берілген баға да осы болса ке­рек.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<