Қайырымды істер ұйытқысы

1099

0

Көктемнің алғашқы күнінде Қызылордада «Қайырымды істер марафоны» басталды. Игі шара тәуелсіздіктің отызжылдығында Президент бастамасымен жалпыұлттық деңгейде қолға алынып отыр. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ондағы мақсат – кәсіпорындар мен ұжымдарды, ірі, орта, шағын кәсіпкерлік субъектілерін ізгі іске жұмылдыру, корпоративті қайырымдылықты дамыту екенін атап өтті.

Бүгінде бүкіл әлем терең әрі қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басты. Пандемия дүниежүзілік экономиканың дамуын тежеп, қалыпты тіршілігімізге кері әсер етті. Қауіпті індет еліміз үшін де үлкен сынақ болды. Аймақ басшысы адамзат тағдыры кәсіби білікті мамандар мен іскер қоғам мүшелеріне, жомарт жүректі азаматтарға қараған сәтте күрделі кезеңді еңсеруге атсалысқан дәрігерлерге, құқық қорғау органдары мен әскери сала қызметкерлеріне, журналистерге, меценат кәсіпкерлерге, қайырымды жандар мен волонтерларға Сыр жұртшылығы атынан алғыс білдірді.

– Өткен жылы бюджеттен тыс қаржы көздерінен халықтың әлеу­меттік тұрғыдан осал тобына 1 млрд 634 млн теңге көмек көрсетілді. Карантиндік шектеу кезінде «Birgemiz-Kyzylorda» қорынан 30 мыңға жуық адамға 50 мың теңгеден 1 млрд 478 млн теңге көлемінде бірреттік қолдау жасалды. «Біз біргеміз» қайырымдылық акциясы аясында 12 мыңнан астам отбасыға 134 млн теңгеге азық-түлік және тұрмысқа қажетті зат жиынтығы түрінде жәрдем берілді. «Шын ниетпен» қайырымдылық шарасын ұйымдастырушылар 2430 адамға 24 млн теңгеге жуық көлемде көмек үлестірді, – деді облыс әкімі.

Түркістан облысындағы Мақ­тарал ауданының тұрғындары су тасқынынан зардап шеккенде де жерлестеріміз қарап қалған жоқ. 17 көлік, 30 бастамашыл топ, 180 волонтер қайырымдылық керуеніне қосылды. «Он адам жүрген жерде – із, жүз адам жүрген жерде – соқпақ, мың адам жүрген жерде жол қалады» дегендей, жерлестеріміз қай кезде де осылайша елдіктің, береке мен бірліктің үлгісін көрсетіп жүр.

Жиында жақсылық жаршысына айналған кәсіпорындар, бизнес және азаматтық қоғам өкілдері атқарылған жұмыс пен алдағы міндеттерге тоқталды. Мысалы, «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясы Қа­залыдағы «Шапағат» мүгедек балаларды оңалту орталығына, Жаңа­қорған ауданындағы тұрмысы төмен отбасылардың балаларына арналған «Қамқор» балабақшасына қамқорлық жасауды жалғастыра береді. «Orda school» жеке мектебінің басшылығы сол жағалауда тұратын 64 оқушының тегін білім алуына мүмкіндік берді.

«Ел-Арай» қоғамдық қорының директоры, облыстық «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері Асхат Байдәулетов қор өткен бес жылда бірнеше мыңдаған отбасыға қолдау білдіргенін жеткізді.

– Бірақ жұмыс барысында үй алу үшін тұрмысын аянышты етіп көрсеткендер де, атаулы әлеуметтік көмекке бола әке-шешесінен бас тартқандар да кездесті. Бұдан қиын кезеңді бастан кешірген қазақтың неге мұндай дәрежеге жеткенін түсінбедік. Ойлана келе біз олардың санасын өзгерту керек деп шештік. Тізімдегі отбасылардың балаларына арнап лагерь ұйымдастырдық. Бас­тауыш сынып оқушыларын білім-инновация лицейіне, «Дарын» және Назарбаев зияткерлік мектептеріне, мектеп түлектерін ҰБТ-ға дайындап жатырмыз. Бұдан балалардың санасы, түсінігі өзгереді. Өйткені көптеген ата-ана бізге ұл-қызын желеу ғып келеді, – деді ол.

Аудандарда ізгі істің ұйытқысы боп жүрген бірқатар азамат бейнебайланыс арқылы әлеуметтік ба­ғытта атқарылған шараларды сөз етті. Жиында белсенді жанашыр азаматтардың атынан «Абзал және К» компаниясының директоры, облыстық мәслихат депутаты Мағжан Ералиев үндеу жолдап, жұртшылықты қайырымдылық марафонынан тыс қалмауға шақырды.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<