Қымбатшылық қысып барады

1747

0

Өңірде күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы қымбаттап, өсімдік майы, қант, жұмыртқаның бағасы шарықтады. Қысқасы, қысқы базар қысып тұр. Айналдырған бір аптаның ішінде аталған өнім түрлеріне баға үстемелене түсті. Бағаның күннен күнге қымбаттауына тұрғындар да наразы. Тапқан-таянғанын тамаққа жеткізіп, жан бағып жүргендер көп. Сондықтан олар «баға әлі де көтеріле ме?» деп алаңдаулы. Осы орайда қала орталығындағы сауда орындарындағы азық-түлік бағасын бағамдап қайттық. Баға әр сауда орнында әртүрлі.

Қазіргідей індет өршіп тұрған уақытта көпшілік үшін күнделікті тұтынатын тауар бағасының тұрақтылығы маңызды. Алдымен «Магнум» сауда желісінде болып, бағаға зер салдық. Мұндағы баға көңіл көншітпейді. Нақты айтар болсақ, сапалы 5 литрлік күнбағыс майы 3200, 25 келі ұн 6000 теңгеден жоғары, қарақұмық жармасы 400, қанттың келісі 261 теңге. Сиыр еті 2800 теңгеден, жұмыртқаның 30 данасы 1239 теңге, қызанақ 935, қызылша 110, қырыққабат 100, қияр 1245, сәбіз 175, картоп 185, жуа 112, алма 400-ден жоғары. Со­нымен қатар сүт өнімдері де едәуір қымбат. Еліміздегі жылы­жайларда өсірілетін қызанақ пен қияр бағасы да өскен. Қант пен қарақұмық жармасы сияқты им­портқа тәуелді тауарлардың бағасы қарқынды көтерілгені байқалады.  Себе­бі, қарақұмық пен қант Ресейден әкелінеді.

Одан әрі ескі базарға бардық. Мұнда халық көп. Көпшілік азық-түлікті молынан алуда. Бас сұққан сауда дүңгіршегінің барлығында тұрғындар бағаның өскенін айтуда. Күріш бағасы 300 теңгеден, алма 300, құрма 450, картоп 180, сәбіз 160, жуа 100 теңгеден саудалануда. Жұмыртқаның бір данасы 50 теңге, өсімдік майы 2950-3400 аралығында.

Қала тұрғыны Құндызай Доспанбетова – көпбалалы ана. Азық-түлік бағасының қымбаттағанына алаңдаулы. Ол азық-түлік қорын молынан жинаудың қамымен жүр. Себебі, бағаға сенім жоқ дейді.

– Бәрі қымбаттап жатыр. Басқасын айтпағанда, азық-түліксіз қалай отырамыз. Бұрын ай сайын азық-түлікке 20 мыңнан астам теңге жұмсайтынмын. Қазір 30-40 мың теңге жобасында қаражат кетеді. Осыдан бір ай бұрын күнбағыс майын 2900 теңгеден алсам, бүгін 3200-ден алдым. Жұмыртқа күннен күнге қымбаттауда. Кондитерлік өнім пісіретін болғандықтан, жұ­мыртқаны күнделікті тұты­намын. Байқап қарасам, негізгі тұтынатын өнім түрлерінің бағасы қымбаттап жатыр, – дейді ол.

Ал, кәсіпкерлердің өз уәжі бар. Атын атамауды сұраған сатушы бұл салада 10 жылдан астам еңбек етіп, нәпақасын тауып келеді екен. Оның айтуынша, тауар қымбатқа түсіп отыр.

– Тұтынушылар бізге ренішін білдіріп жатады. Бірақ, біз де күн­ұзаққа босқа тұр­ға­нымыз жоқ. Тауар болса да қымбат. Оның үстіне 5-10 теңгені біз қосамыз. Өнім­нің басым бөлігі сырттан келеді. Жет­кізілуі, шы­ғыны, тұрған орны­мыз­ға төлейтін төлемі бар, – дейді ол.

Жақында Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы «Facebook» әлеуметтік желісінде «Астық туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізуді талқыға салғаны туралы жазған болатын. Онда ол «Кем дегенде екі айға жететін 500 мың тонна астық қорын жасау, мынадай күрделі кезеңде өте қажет екені дау туғызбайды. Әттегенай дейтінім, ұн және ұн өнімдерінің бағасына қатысты қойған сұрағыма тиісті министрліктің жауапты тұлғасы қазіргі нарықтағы халық тұтынатын азық-түліктің бағасы былтырғы жылмен салыстырғанда көп өскен жоқ деп жауап берді. Мен оған «ұнның, нанның, еттің бағасы қандай болып жатыр екен деп базарға, дүкенге барасыз ба?» деген сұрағыма ертең жазбаша жауап берейін деп құтылды» делінген. Сонымен қатар депутат негізгі тұтынатын азық-түлік бағаларына тоқталып, күн сайын өсіп бара жатқан бағаны тұрақтандыру тек бір министрліктің ғана емес, тұтас Үкіметтің, жергілікті атқарушы органдардың жұмысы екенін қадап  айтты.

Облыста әлеуметтік тауарлар­дың бағасын тұрақтандыру жұмыс­тары жүргізіліп жат­қанымен, азық-түлік бағасы ырық бермей тұр. Бұған сала мамандары не дейді? Осы орайда  өңірлік комму­никациялар қызметінің алаңын­да өткен брифингте облыс­тық ауыл­­ шаруа­шылығы басқар­ма­сының басшысы Шах­мардан Қойшыбаев әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарларының баға­­­сын тұрақтандыру шараларына тоқталды. Әсіресе, тауық жұ­мырт­­қасы, қант, өсімдік майы, қарақұмық жармасы, ұн бағасы өндіруші кәсіпорындар тарапынан күрт өскен. Әлеу­меттік маңызы бар өнім түрлері өңірде өндірілмеген соң өзге облыс­тар мен сырт ел­дерден келетіні белгілі.  Ал, тауық жұ­мырт­қасының қымбаттауы жыл са­йын қыс­та қайталанады. Биыл құс тұмауынан үй құсының басым бөлігі жойылды. Оған қоса, жемнің қымбаттауы да себеп болып тұр. Еліміз бойынша жұмыртқа жетіспеушілігінен бір апта ішінде баға 20 процентке дейін өскен. Соңғы мәліметтерге қарағанда облыс­қа ал­дағы үш күнде 3 миллион дана жұмыртқа жет­­кі­зілмек. Жұ­мыртқа тиелген 8 жүк көлігі жолда.

Қанттың қымбаттауына қант қызыл­шасы­ның егіс алқаптары қысқарып, импорттық шикізаттың қымбат болып келуі себеп екені айтылды. Тиісті сала мамандары бұл мәселеге бейжай қарап отырған жоқ. Өңірлік тұрақтандыру қорынан әлеуметтік дүкендерге арзан бағада  азық-түлік күнделікті жет­кізіледі. Бірақ тез сатылып кетуде. Жалпы мемлекет тарапынан әлеуметтік маңызы бар негізгі азық-түлік тауарларының бағасы шектен тыс  артқан жағдайда рұқсат етілген мөлшерін бекіту қарастырылған. Жыл басында төтенше жағдай енгізілгенде алдын ала өнім қорын жасап, тапшылық пен баға өсіміне  жол бермеу үшін 4,1 мың  тонна өнім сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлінген. Биыл тұрақтандыру қорынан 6,3 мың тонна өнім сатып алынып, оның 5 тоннасы сатылып үлгерген.

Қазір тұрақтандыру қорында 2,5 мың тонна өнім сақтаулы. Олар қаладағы 29 әлеу­меттік дүкен мен 2 әлеуметтік маркетте, 4 ірі супермаркеттегі  әлеуметтік бұрыш­тарда сатылуда. Бұл жерде азық-түлік нарық бағасынан 10-15 процент төмен.  Тұрақтандыру қоры­нан бөлек 8 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарын өндіруші кәсіпкерлерге, сауда субъектілеріне бағаны тұрақтандыру үшін қайтарымды қарыз беру шаралары қабылдануда.  Қазіргі таңда 2 ұн өндіру комбинатына, 2 жұмыртқа өндіруші кәсіпорынға, 1 бордақылау алаңына етпен қамтамасыз ету үшін және 3 кәсіпкерге азық-түлік саты­лымын ұйымдастыруға айналым қаражатын беру қолға алынды.

– Өңірде өндірілмейтін өнімдер бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында кәсіпкерлерге қарыз беру үшін облыстық бюджеттен қо­сым­­ша қаражат қаралды. Сонымен қатар әлеу­­­­меттік дүкендердің желісін ұлғайту үшін 36 дүкен ашу жоспарлануда,–деді Ш.Қойшыбаев.

Мұнан әрі  облыстық ауыл­шаруашылық басқармасының маман­дары арнайы баспа­сөз турын өткізді. Алдымен әлеуметтік дүкен­дердегі бағамен, азық-түліктің жеткізілу барысымен таныстырды.  Әлеуметтік дүкенде бірінші сұрыпты «Ажар», «Пионер» ұны 6350 теңгеден сатылуда. Жұмыртқа 29, қара­құмық жармасы 360, күріш 210, қант 218 теңгеден. Сиыр еті 1638 теңге, нан 55, тауық еті 790, сүт 2,5 процент 280, ірімшік 1391, өсімдік майы 1 литрі 475 теңгеден саудалануда. Ал, қырыққабат 60, пияз 70, сәбіз 100, картоп 100 теңгеден.  Келушілер мұнда баға көңілге қонымды еке­нін айтты. Себебі базар бағасынан арзан. Бірақ тез таусылып қалады. Сондықтан болар, әлеу­меттік дүкенде кезекке тұрғандар жетерлік.

Азық-түлік сақтайтын қоймада да болдық. «Алтын қамба» ЖШС тұрақтандыру қоры бас­қармасының басшысы Лаура Жанасбаева сақ­тау қоймасындағы өнім қоры туралы айтты.

– 19 әлеуметтік маңызы бар тауардың ішінде ұн, күріш, макарон, қант, өсімдік майы, сүт өнімдері, сиыр еті мен көкөністер сатып алынды. Республика көлемінде жұмыртқа, өсімдік майы мен қарақұмық жармасының бағасы өсті. Сондықтан бұл өнім түрлері әлеу­­меттік дүкендерде тез сатылып кетуде. Қазір қоймаға 32 тонна қарақұмық жармасы жет­­кізілді. 50 тонна қырыққабат, 300 тонна қар­­топ сатып алынды. Сонымен қатар 46 тонна қант, 26 тонна өсімдік майы қоймада бар,– деді ол.

Баға тұрақтандыруға байланысты атқа­рылып жатқан жұмыстар жүйелі. Алайда, бағаны ұстап тұру қиынға соғуда.

Сара адайбаева,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<