Қызылордада Дариха Ақмағамбетованың мерейтойы аталып өтілді

809

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дариха Ақмағамбетованы 80 жас мерейтойымен құттықтады.

Салтанатты жиында аймақ басшысы өңірдің өсіп-өркендеуіне еңбегі сіңген абзал жандардың жарқын жолы мен ғибратты ғұмырын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, лайықты құрмет көрсету игі дәстүрге айналғанын атап өтті.

«Құрметті Дариха Ақмағамбетқызы, Сізді ақ пейілді, дархан көңілді Сыр жұртшылығының атынан мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Еңбек жолыңызды комсомол, партия ұйымдары өзіңізге жүктеген міндеттерді қапысыз атқарудан бастап, Тәуелсіз Қазақстанның еңсе тіктеуіне, ел бірлігі мен берекесін берік қалауға күш-қайратыңызды жұмсадыңыз. Адамгершілік, ақыл-парасат, даналық пен мейірбандыққа толы төл өнегеңіз ұрпаққа ұлағат болды. Қай кезде де жауапты қызметтің салмағын санамен, ауырлығын ар адалдығымен өлшей білген қасиетіңіз Өзіңізді құрмет төріне шығарды», – деді облыс әкімі.

Сыр елінің дамуына, әлеуметтік саланың, азаматтық сектор жұмысының алға жылжуына зор үлес қосқан Дариха Ақмағамбетқызына Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы табысталды.

Мерейтой иесін облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, «Парасат», «Құрмет», ордендерінің, «Ерен еңбегi үшiн» медалінің иегері Алмагүл Божанова, Арал, Жалағаш, Қармақшы аудандарының Құрметті азаматы, «ҚР еңбегі сіңген эколог» Биғали Қаюпов және Арал, Қазалы, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, Нажмадин Мұсабаев құттықтады.

Анықтама үшін: Дариха Ақмағамбетова 1943 жылы Қызылорда облысының Арал ауданында дүниеге келген.

Еңбек жолын 1966 жылы комсомол, партия комитетінен бастады. 1983-1997 жылдары Жалағаш аудандық, Қызылорда қалалық партия комитетінің хатшысы, Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.

Білім саласында да адал еңбек етіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті жанындағы «Қабілет» мектебін басқарды. Қызылорда облыстық мәслихатының 2-ші шақырылымдағы депутаты ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық мәселелерінің оң шешімін табуына атсалысты.

Кейінгі жылдары облыстық әйелдер кеңесінің, «Қызылорда облысы Азаматтық Альянсы» қауымдастығының төрайымы ретінде азаматтық сектордың дамуына, қоғамдық көзқарастардың орнығуына өзіндік үлес қосты.

Ұзақ жылғы табысты еңбегінің нәтижесінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Қазақстан Республикасы Президентінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. 2010 жылы облыстың бас шаһарының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан ерекше үлесі үшін «Қызылорда қаласының құрметті азаматы» атанды.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<