Қызылордада кейбір нысандардың жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілді

1256

0

Қызылорда облысы коронавирустық инфекциясының эпидемиологиялық ахуалы бойынша және репродуктивтік көрсеткіш бойынша «жасыл аймақта». Осыған байланысты кейбір әлеуметтік-экономикалық нысандардың жұмыс кестесіне өзгерістер енгізілді. Жаңа қаулыны таныстырған облыстың бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Динара Жаңабергенова осылай деп мәлімдеді.

Өзгерістерге сәйкес кейбір нысандарға белгіленген уақыт шектеулері алынып, штаттық режимдегі өздері белгілеген уақытымен жұмыс жасауға рұқсат берілді. Олар:

– азық-түлік дүкендері, шағын маркеттер;

– сұлулық салондары, шаштараздар;

– супермаркеттер, гипермаркеттер;

– ашық базарлар;

– азық-түлік емес дүкендер;

– сауналар, спа-орталықтар, моншалар;

– спорттық-сауықтыру орталықтары;

– сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда үйлері;

– балалар мен ересектердің білім беру орталықтары;

– бизнес орталықтары, кинотеатрлар.

Ал қоғамдық тамақтану объектілер сағат 07-ден түнгі 24-ке дейін қызмет көрсете алады. Бұл ретте үй-жайдың толтырылуы 50%-ға дейін, бірақ 50 орыннан аспауы тиіс.

2020-2021 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап:

– контингенті 300 оқушыға дейін қалалық және ауылдық мектептерде сыныптардағы балалар саны 15 адамға дейін дәстүрлі форматта оқуға рұқсат беріледі;

– сыныптарды 15 баладан асырмай, ата-аналардың өтініші бойынша жалпы білім беретін мектептерде 1-ден 5 сыныпқа дейін қоса алғанда, халықаралық мектептерде 7 сыныпқа дейін қоса алғанда кезекші сыныптарда оқытуға рұқсат беріледі;

– оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін аптаның 6 күні ішінде аралас оқытуға: пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30%-ын қашықтықтан оқытуға рұқсат;

– білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға болады;

– екінші семестрден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін штаттық оқытуға рұқсат беріледі.

Қаулы 2021 жылдың 6 қантары күні 00 сағат 00 минуттан бастап күшіне енеді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз