Қызылордада 43 482 адамға 1,8 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді

711

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Т.Дүйсебаевты және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры А.Қайруллаевты қабылдады.


Кездесуде өңір басшысы карантиндік режимге байланысты аймақтағы әлеуметтік төлемдердің жүйелі жүргізілуін тапсырды.


«Кейбір кәсіпкерлік нысандарда карантин режиміне сәйкес жұмыс тоқтап тұр. Сол себепті әлеуметтік төлемдердің дұрыс ұйымдастырылуын бақылауға алыңыздар. Ақпараттандыру жұмысын күшейтіңіздер», – деді облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Бүгінгі күнге 57 708 адам 42 500 теңге көлемінде қосымша әлеуметтік жәрдемақы алуға өтінім жолдап, 43 482 азаматқа 1,8 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілді.

Өтініштер 42 500.enbek.kzпорталы, е-GOV электронды үкімет порталы, телеграмм бот арқылы 20 шілдеден бастап 1 қыркүйекке дейін қабылданады.

Аталған әлеуметтік төлем жұмыстарын жүргізу үшін облыстық, аудандық және қалалық деңгейде өтініштерді қарайтын арнайы штабтар жұмыс жасауда.

1 шілдеден бастап, биылғы жылдың 1-2 тоқсандарында атаулы әлеуметтік көмек алған 9 023 отбасының өтініші 3-тоқсанға ақпараттық жүйеде автоматты түрде ұзартылып, қайта тағайындау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, шілде айында атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балалар, 16 жасқа дейінгі мүгедек балалар, барлық жастағы I, II, III топтағы мүгедектер, мүгедек баланы тәрбиелеушілер, жұмыспен қамту органдарында тіркелген жұмыссыз азаматтар, жалпы 63 253 адамға 5567 теңгеден 352,1 млн. теңге төленеді.

Атаулы әлеуметтік көмек алуға бірінші рет өтініш беретін азаматтардың өтініштері «e-gov» электронды порталы арқылы қабылдануда.

Сондай-ақ, карантин шараларына байланысты тұрғындардың сауалдарына жауап беретін колл орталықтары іске қосылды.

– Әлеуметтік көмекке байланысты – 8 (7242) 27 01 11;

– 42500 теңгеге байланысты – 8 (7242) 26 38 20.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз