Құрылтай

Қазақстандық оқушылар су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін жақсырақ меңгере бастады

8

0

Оқушылардың су ресурстарын ұтымды пайдалану жөніндегі білім деңгейі 48,8%-дан 93%-ға дейін өсті. Мұндай нәтижені ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің (ХАҚҚ АК), ЮНИСЕФ-тің қатысуымен және Француз даму агенттігінің (AFD) қаржылық қолдауымен «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КеАҚ жүзеге асырып жатқан «Су және білім» білім беру жобасы көрсетті.

Жоба мектеп оқушылары арасында оқыту, тәжірибелік сабақтар өткізу және білім беру ұйымдарында заманауи су үнемдеу технологияларын енгізу арқылы суға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Жобаны іске асыру нәтижесінде жоспарланған көрсеткіштер едәуір жоғары деңгейде орындалды. Бастапқыда Қызылорда облысындағы 10 пилоттық мектепті қамту көзделсе, бүгінде жобаға 55 білім беру ұйымы қосылып, оған қатысушылар саны 67 мың оқушыға жетті. Аталған бағыттағы жұмысқа 1 773 педагог тартылды.

Жобаның тиімділігін бағалау мақсатында қаңтар және наурыз айларында Қызылорда облысындағы жобаға қатысқан 10 пилоттық мектептің оқушылары арасында бастапқы, аралық және қорытынды тестілеу жүргізілді. Нәтижесінде су үнемдеу жөніндегі білім деңгейі жобаның басында 48,8% болса, аралық кезеңде 68%-ға, ал оқу аяқталғаннан кейін 93%-ға дейін өскені анықталды.

Мұндай нәтижеге кешенді тәсілдің арқасында қол жеткізілді. Оқушылар су ресурстарын ұтымды пайдалану мәселелерін экосабақтарда, сынып сағаттарында және тәрбие іс-шараларында оқып-үйренді. Сонымен қатар су клубтарының жұмысына қатысып, түрлі байқауларға, экологиялық акцияларға және практикалық бастамаларға белсенді араласты. Педагогтер әртүрлі жас ерекшеліктері мен оқыту форматтарына бейімделген арнайы әзірленген әдістемелік материалдарды пайдаланды.

Жоба ұйымдастырушылары атап өткендей, 93%-дық қорытынды көрсеткіш тек тестілеудің нәтижесін білдірмейді. Бұл көрсеткіш жүйелі экологиялық ағарту жұмыстарының балалардың су ресурстарының құндылығын тереңірек түсінуіне, сондай-ақ оларды ұқыпты әрі жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға оң әсер ететінін айқын көрсетті. Мониторинг нәтижелері жобаға қатысушылардың теориялық білімдерін толықтырумен шектелмей, оны күнделікті өмірде де қолдана бастағанын көрсетті.

Жоба аясында мектептерде су клубтары құрылып, 2 800-ден астам интерактивті сабақ өткізілді, заманауи су үнемдеу технологиялары енгізілді, сондай-ақ оқушылар мен педагогтерге арналған жүздеген оқу-әдістемелік материал әзірленді.

Аталған жобаны іске асыру нәтижелері бойынша оның моделі еліміздің басқа өңірлерінде де қолдануға ұсынылды. Келесі кезеңде су клубтарының желісін кеңейту және экологиялық білім берудің үздік тәжірибелерін Қазақстанның барлық мектептеріне тарату жоспарланып отыр.

Анықтама:

«Су және білім» – Арал теңізі бассейніндегі Қазақстан мен Өзбекстанды қамтитын халықаралық жоба. Ол ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің, «Су ресурстары ақпараттық-талдау орталығы» КеАҚ-ның, Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің (ХАҚҚ АК), ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен, сондай-ақ ЮНИСЕФ-тің, Француз даму агенттігінің (AFD) және Өзбекстан Республикасының бейінді министрліктерінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Жоба су ресурстарын ұтымды пайдалану, сапалы білім беру және климаттың өзгеруіне бейімделу бағытындағы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) қол жеткізуге бағытталған.