Құрылтай

Жалағаш білім сапасы бойынша көш бастады

6

0

Фото: Өңірлік коммункациялар қызметі

Жалағаш ауданында білім беру саласында өткен оқу жылы табысты аяқталды. Бұл жөнінде аудан әкімі Ардақ Ибраимов Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.

2025-2026 оқу жылында аудан мектептерін 6885 оқушы аяқтады. Оның ішінде 470 түлек мектеп бітірып, үлкен өмірге жолдама алды. Биыл 19 оқушы «Алтын белгі» иегері атанса, 43 түлек үздік аттестатқа ие болды.

«Аудан үшін ең үлкен жетістіктің бірі Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында Жалағаш ауданының бірінші орынға шығуы болды. Сонымен қатар Еңбек ауылындағы №232 М.Байділдаев атындағы орта мектептің түлегі Альфия Балхан ҰБТ-дан ең жоғары 140 балл жинап, аудан мерейін үстем етті. Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Бұл мақсатқа 145 млн теңге бөлініп, жеті мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ бір балабақшаға газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Білім сапасын арттыру ауданның басты басымдықтарының бірі. Алдағы уақытта да білім беру сапасын көтеруге бағытталған жұмыстар жалғаса береді», – деді аудан әкімі.

Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында барлық білім беру ұйымдары толықтай бейнебақылау жүйесімен қамтылып, олар полиция бөлімінің жедел басқару орталығымен біріктірілген.

Қызылорда облысының Өңірлік коммункациялар қызметі