Жалағаш ауданында 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері оң нәтижемен қорытындыланды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында аудан әкімі Ардақ Ибраимов мәлімдеді.
Жыл басынан бері аудан экономикасының негізгі бағыттарында тұрақты өсім қалыптасты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 110,7 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 100,1 пайызға, инвестициялар көлемі 113,2 пайызға жетті. Сонымен қатар бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы, құрылыс және тұрғын үй пайдалануға беру көрсеткіштері де жоспардан жоғары орындалған.
«Бірінші жартыжылдықта аудан бюджеті нақтыланып, толық көлемде игерілді. Бұл инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды уақытылы жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Бүгінде ауданда 2541 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, оның 2471-і тұрақты жұмыс істеп тұр. Қаржы институттары арқылы кәсіпкерлердің 56 жобасы қаржыландырылды. Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы аясында биыл 37 жоба қаржыландырылып, 39 жаңа жұмыс орны ашылды», – деді аудан әкімі.
Өңірдегі ең ауқымды жобалардың бірі швейцариялық «Харвест Агро Холдинг» компаниясының техникалық қарасора, жүгері және мақсары өсіру әрі қайта өңдеу жобасы. Жалпы құны 68 млрд теңгені құрайтын өндіріс іске қосылғанда жыл сайын ондаған мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өңделетін болады. Биылдың өзінде компания 26,3 млрд теңге инвестиция салып, 7 мың гектар алқапқа егіс орналастырып, 142 жаңбырлатып суару қондырғысын іске қосқан. Қазіргі таңда жоба аясында 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Бұдан бөлек, ауданда жалпы құны 70 млрд теңгені құрайтын алты инвестициялық жоба жоспарланып, оның бесеуі іске асырылды. Нәтижесінде 120 жаңа жұмыс орны құрылды.
«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің, облыс әкімдігінің қолдауының арқасында аудан экономикасында тұрақты өсім қалыптасты. Инвестициялық жобалар өндірісті әртараптандыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», – деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі






