Су – тіршілік ететін жалпы адамзат баласы мен табиғатқа ауадай қажет. Себебі сусыз адам да, табиғат та, жан-жануарлар да өмір сүре алмайды. Сондықтан да «Су – тіршілік көзі» деп айтылған. Жер бетінің 70 пайызын су қабаты алып жатқанымен, оның 3 пайызы ғана тұщы суды құрайды.
Бүгінгі күні елімізде су ресурстарын сақтау мәселесі өте өзекті болып отыр. Елімізде экономика салаларының суға деген сұранысының артуын, оның үстіне тіршілік көзінің сарқылуын ескерсек, қазірден бастап суды үнемді пайдалануды қолға алуымыз қажет. Ол үшін қарапайым дүниелерді жасау арқылы суды үнемдей аламыз.
Ас үйде
• Ас үйде ыдыс-аяқты қолмен жуған кезде судың ағып кетуіне жол бермеңіз. Егер сізде екі раковина болса, онда бір раковинаны жууға арналған сумен, ал екіншісін шаюға арналған сумен толтырып ыдыс жуыңыз.
• Жемістер мен көкөністерді ыдыс-аяқта жуыңыз. Содан кейін суды өсімдіктерді суару үшін пайдалануға болады.
Үй шаруашылығында
• Үй шаруашылығында кіржуғыш машина мен ыдысжуғышты тек толық жүктелген кезде қосыңыз.
• Егер ыдыс жуғыш машина болмаса, ыдыс-аяқты жуғыш затпен жуыңыз, содан кейін басқа ыдыс-аяқта шайыңыз.
• Бір тұтқалы кранды орнатыңыз, оны бір қозғалыспен оңай қосуға және өшіруге болады, мұндай кранды ашу және жабу кезінде судың көп ағып кетуін болдырмауға көмектеседі.
• Құбырлардан судың ағып кетуін үнемі қадағалап отырыңыз және мүмкіндігінше оларды жойыңыз. Ол үшін су есептегішінің көрсеткіштерін бақылау жақсы, өйткені олар бірінші болып тұтынудың жоғарылағанын көрсетеді.
• Суды артық пайдаланбау үшін крандарды қолданғаннан кейін мұқият және біркелкі жабыңыз.
Жуынатын бөлмеде
• Ваннаға су толтырып суға түскеннен душ қабылдаған жөн. Себебі, ваннада суға түскенде сіз 3 есе көп су жұмсайсыз. Ваннаны толтыру үшін кем дегенде 140 литр су қажет, ал душ минутына 10 литр су жұмсайды.
• Душта жууынуды бір-екі минутқа қысқарту арқылы сізкүніне 12 литр су үнемдей аласыз!
• Тістеріңізді, қолыңызды, басыңызды жуғанда және қырынғанда шүмекті жабыңыз. Бұл арқылы сіз күніне шамамен 40 литр су үнемдейсіз.
• Кранға аэратор орнатыңыз. Кран аэраторы бұл – кранның «шүмегіне» бекітілетін шағын құрылғы. Ол крандағы суды ауамен байытып, соның арқасында су қысымын күшейтеді. Аэраторсыз крандағы су шығыны минутына 15 литр құраса, аэратор қойылған краннан минутына ағатын су бар болғаны 6-7 литрді құрайды. Осылайша краннан ағатын суды 50% дейін үнемдей аласыз.
• Үйіңізге жаңадан унитаз орнатарда екі түймесі бар суды ағызатын жүйемен қамтамасыз етілген унитазды таңдаңыз. Ондағы үлкен түйме (толық жуу, 6-8 л) резервуардағы барлық суды ағызуға, ал шағын түйме (үнемді жуу, 2-4 л) резервуардағы жарты суын ағызуға арналған.
Ал егер де үйіңіздегі унитаз бір түймесі бар суды ағызатын жүйемен қамтамасыз етілген болса, онда унитаз резервуарына сумен толтырылған пластик бөтелкесін салып қойыңыз. Бұл әдіс әр жолы суды ағызудан кейін резервуарды толтыру үшін қажетті су мөлшерін азайтады.
Бақшада
• Егер сіз таңертең немесе кешке, температура төмен болған кезде бақшаңызды суаратын болсаңыз, онда бұл булануды болдырмайды.
• Суару үшін мүмкіндігінше алдын ала жиналған жаңбыр суын қолданыңыз.
• Жапырақтарын емес, өсімдік тамырларын суарыңыз. Жапырақтарды суару кезінде су тез буланып кетеді.
Ауыл шаруашылығында
• Ауылшаруашылық дақылдарын өсіру кезінде тамшылатып суару және жаңбырлатып суару технологияларын қолданыңыз. Суарудың су үнемдеу технологияларын енгізу су шығынын азайтып, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді.
Өнеркәсіпте
• Өнеркәсіпте техникалық қажеттіліктерге суды пайдалану үшін айналмалы сумен жабдықтауды қолданыңыз. Айналмалы сумен жабдықтау жүйесі суды үнемдеуге және сулардың ластануына жол бермейді.
• Автокөлік жуу орындарында жергілікті тазалау қондырғыларын орнатыңыз. Жергілікті тазалау қондырғылары орталықтандырылған сумен жабдықтау көздерінен ауызсуды тұрақты қоспай және тұтынбай тазаланған суды автокөлік жууға қайта пайдалануға мүмкіндік береді.
Осы айтылған дүниелерді жасау арқылы Сіз, біріншіден, еліміздің су қорының сарқылуын болдырмайсыз, екіншіден, ақшаңызды үнемдейсіз. Судың да сұрауы бар екенін ұмытпайық!
Фариза МАДЕНОВА,
Су ресурстарын реттеу, қорғау және пайдалану жөніндегі Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының бас маманы