Жер реформасы жөніндегі заң жобасы маусымда Мәжіліс қарауына енгізіледі

665

0

Жер реформасы жөніндегі заң жобасы маусымда Мәжіліс қарауына енгізіледі. Бұл жайында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің Мәжіліс депутаттарының сауалына берілген жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өздеріңіз білетіндей, ағымдағы жылғы 31 желтоқсанда Жер кодексінің кейбір нормаларына енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Бұл ретте, мораторий енгізілген нормалардың одан әрі қолданысын айқындау мақсатында тиісті талдау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесі бойынша осы мәселелерді реттеуге бағытталған тиісті заң жобасын жоспарлы түрде әзірлеу Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2021 жылға арналған жоспарына енгізілді», – деді Асқар Мамин. Оның айтуынша, қазіргі уақытта аталған заң жобасына енгізілетін нормаларды қалыптастыру мақсатында және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жер реформасы жөнінде комиссияны құру, сондай-ақ, әзірленетін заң жобасының нормаларын қоғаммен талқылау шараларын жоспарлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Аталған заң жобасы аясында сіздердің шетелдік компаниялар мен азаматтарына жерді сатуға, сондай-ақ, Қазақстанмен шекаралас шет мемлекеттер мен олардың азаматтарына жерді жалға беруге тыйым салу туралы ұсыныстарыңыз жан-жақты қаралатын болады. Көрсетілген жоспар бойынша заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізу осы жылғы маусым айында жоспарланғанын хабарлаймыз»,- деді Үкімет басшысы.



 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<