Баға бейнетке тати ма?

473

0

Қай мемлекетте болмасын, өз экономикасында бірден-бір орын алатын маңызды саланың бірі – ауыл шаруашылығы. Бұған талас жоқ. Қазақстанда бидай мен күріш, сондай-ақ өзге дәнді дақылдар өсіруде шаруалардың еңбегі орасан. Саланың өсіп-өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, кәсіби шеберлік пен шыдамдылықтың арқасында мол өнім жиып жүр.

Тапшылыққа қарамастан…

Шыдамдылық демекші, біздің облыста суармалы егістік саналатын күріш дақылының бейнеті айтпаса да түсінікті шығар. Табанында үнемі су жатпаса, өнім бермейтін егін алқаптарында диқан қауымның қиындықты белуардан кешетіні белгілі. Кейінгі жылдары су тапшылығын едәуір сезінген соң Сырдың басты дақылы – күріштің де көлемін біршама қысқартуға тура келді.

Биыл облыс бойынша 188 мың гектардан астам жерге егін егілді. Оның ішінде күріштің көлемі 78,6 мың гектарды құрады. Кешегі жиын-терімнің қорытындысымен бұның әр гектарынан 56,7 центнерден өнім алыппыз. Нәтижесінде 450 мың тоннаға жуық Сыр салысын қамбаға құйып алдық.

Осыдан екі-үш жыл бұрын 500 мың тоннадан астам күріш жинайтын облыс диқандарына бірден-бір кедергі – су тапшылығы. Дария арнасына жоғарыдан түсетін судың көлемі тым аз. Осының салдарынан былтырғы еккен күріш алқабы 5 мың гектарға қысқарды. Бұл өнім аздығына әсер етпей қоймайды. Бірақ осындай кедергі болдырмау үшін түрлі жұмыс атқарылып жатыр. Биыл Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге қаржы бөлініп, бұған 114 су айдайтын насос қондырғысы алынды. Одан бөлек, 45 ұңғыма қазылып, 16 канал тазаланған.

Дегенмен де, шаруалардың тынымсыз еңбегі биыл да ақталды. Жауын-шашынға ұрынбай, кешегі қазан айының бірінші онкүндігінде өңір бойынша күрішті орып, жинап алдық.

Экспорт әлеуеті немесе ішкі бағаның бөлінісі

Жалпы деректерде әлемде күріш егу бойынша алдыңғы орында Қытай мемлекеті тұр. Одан кейін Үндістан да бұл дақылды көптеп егеді. Ал жапондардың күрішке деген құрметі ерекше. Тіпті мемлекеттік символ деп қарап, тіл мен ұлт намысы ретінде ерекше қастерлейді. Жапон тілінің сөздік қоры күріш кәсібінің айналасында деген дерек бар.

Күрішті 80-нен астам мемлекет өсірсе, Қазақстан да осы сапта тұр. Оның ішінде республика бойынша күріштің негізгі отаны – Сыр бойы екені рас. Өніммен өзімізді қамтып қана қоймай, өзге де мемлекеттерге шығарып жүрміз. Әрине, құрғақшылық қысса да, ыстық күндері егін алқаптарында жүрген қызылордалық диқандар еңбегінің нәтижесі бұл.

Экспорт демекші, біз өзге мемлекеттерге сатылатын ақталған күріштің бағасын білмек болғанбыз. Бірақ, онымен айналысатын жекелеген компания өкілдері бұның «коммерциялық құпия» екенін айтты. Сапасына байланысты бағасы да әртүрлі. Осыған орай – күріш өндірушілер өзара ішкі келісім арқылы өнімін экспортқа түрлі бағамен шығарады екен. Бір белгілісі, ол ішкі нарықтағы бағадан 10-15 пайыз жоғары болып отыр.

Ал ішкі нарыққа келсек, облыстағы ақталған күріштің бір келісі 332 теңге. Бұл – орташа баға. Демек, әр аудан немесе қала орталығында өнімді сату бағасы әртүрлі деген сөз. Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы берген мәліметке сүйенсек, Арал мен Қазалы ауданында күріштің келісі 360 теңге болса, Қармақшыда 350, Сырдарияда 300 теңгеден сатылуда. Шиелі мен Жаңақорған аудандары бойынша 320-340 теңге аралығында босатылса, ең төменгі баға Жалағаш ауданында тіркеліпті. Мұнда бір келі күріш 257 теңгеден екен. Қызылорда қаласындағы дүкендерде бұл баға 360-370 теңгені құрайды. Ал әлеуметтік дүкендерде бір келісінің бағасы 175 теңге.

Тағы бір жаңалық, дәл осы өнімнің бағасын тұрақтандыру үшін күріш өндіруші және өңдеуші кәсіпорындармен көтерме бағадағы күріштің келісін 339 теңгеден босату жөніндегі меморандумға қол қойылыпты. Осы құжат негізінде жоғарыда айтқан кәсіпорындардан күріш алған сауда желілері бұл бағаға тек 10 пайыз қосып, яғни, 372 теңгеден ғана сата алады. Қазір 4 күріш өңдеуші кәсіпорын мен 4 супермаркет арасында осылай өзара меморандум жасалған.

Енді бір қызық жайт, облыста жеке тұлғалардан қаржы алып күріш өндірумен шұғылданатын шаруашылықтар бар. Бұл жерде бағаны ақша беріп отырған инвестор қоюы әбден мүмкін. Бір ғана мысал, биылғы көктем басында ақталмаған күріштің бір келісінің бағасы 80-90 теңге болған. Ал алдағы көктемде бұл 100-120 теңге болуы мүмкін. Осылайша бірнеше мың тонна күріштің ақшасын алдын ала алып, тіршілік етіп отырған шаруашылық күзгі науқан кезінде бар өнімін қарызының өтеуі есебінде қаржыландырушы инвестордың қамбасына құйып жүр.

Жоғарыда айтқан экспортқа оралсақ. Статистикаға сәйкес, биыл 1 қазанға дейін біздің өңірден құны 43 млн долларды құрайтын, 80 мың тоннадан астам ауыл шаруашылығы өнімі эскпортталыпты. Олардың қатарында күріш, балық, қамыс, қауын-қарбыз, қызанақ, көкөніс және күріш қалдығы бар. Бұл өнімдер 21 мемлекетке жіберілген.

Бұның ішінде барлық экспортталған өнімнің 88 пайызға жуығын күріш құрап отыр. Биыл 70,5 мың тонна күріш 34,1 млн долларға сатылған. Иә, Сыр дақылын сатып алған мемлекеттер тым көп. Көршілес Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстаннан бөлек, Украина, Грузия, Литва, Әзербайжан, Беларусь, Ирак және Түркия елдері де бар.

Күріш сорты көбеюде

Шаруашылық құрылымдарына күрішті өсіруден бөлек, оның сапасы мен түрлі сортының құнарлығы жайлы да білген абзал. Бұл мәселе бойынша арнайы айналысатын институт бар. Оның басты міндеті – күріш сапасының жоғары болуы және суды аз тұтынатын сорттарын шығару.

Қазір облыс орталығындағы Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты күріштің «Indica» түріне жататын,  ұзын дәнділігімен, шыны түстілігімен ерекшеленетін, сондай-ақ әлемдік нарықта сұранысқа ие «Slender» атты күріш түріне сәйкес келетін «Айсара» атты сортын шығарған.

– Біздегі күріш сортының көбісі – ресейлік. «Лидер» және «Янтарь» деп аталатын сортты біздің шаруалар көптеп егеді. Сондай-ақ институт ғалымдары дайындаған «Маржан», «Сыр сұлуы», «Әйгерім» және «Айсара» сияқты жергілікті күріш сорттарын айтуымызға болады. Қазір егіліп жүргені –  «Маржан» мен «Сыр сұлуы» сорты. Мысалы, ресейлік сорттар 120-125 күнде піссе, кейінгі шыққан «Сыр сұлуы» сортының өнімі 110 күнде дайын болады. Ал кейінгі «Айсара» сорты вегетациялық кезеңде 108-111 күнде пісіп жетіледі. Суару нормасы да басқа сорттарға қарағанда 15-25 пайызға төмен. Сондай-ақ бұл жоғары болып әрі біркелкі түптеніп өседі. Жинау кезінде тікелей комбайнмен орып, бастыруға ыңғайлы өнім, – дейді ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы Жүсіпбек Әжібеков.

Биыл «Қарауылтөбе» ғылыми-өндірістік учаскесінде «Айсара» сортынан 2000-2500 келі жиналса, келер жылы 50-60 тоннаға дейін тұқым өндірілмек. Айта кетейік, бүгінде біздегі күріш тұқымының 10 пайызы отандық болса, 90 пайызын ресейлік сорттар құрап отыр.

Аграрлы аймақ саналатын Қызылорда облысының аты көбіне-көп күрішімен танымал. Иә, төрт түлікті көбейтіп, өзге де кәсіп түрін жандандырып жүргендер жоқ емес. Сондай-ақ балық шаруашылығында да экспорт әлеуеті жоғары.

Күріш көлемін қысқартсақ та, суды аз қажет ететін дақыл түрін көбейту мақсат болып отыр. Биылдың өзінде малазықтық дақылдармен қатар, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын егу көлемі 7,3 гектарға артты. Бұған қосымша облыс әкімінің тапсырмасымен тұрғындардың өз-өзін қамтуы үшін аймақта 1433 гектар жер дайындалып, 3802 отбасы бақша екті. Бұл – өңірдегі азық-түлік бағасы тұрақтылығына бірден-бір септік.

Қорыта айтқанда, күрделі жағдайға қарамастан қиындыққа төзіп, мол өнім алуды мақсат тұтқан Сырдағы диқандардың еңбегі мың мәрте құрметке лайық.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<