Күрішке орақ түсер күн жақын

23

0

Сыр жерінде дала жұмыстары қыза түсті. Бидай мен сұлы орағы толығымен аяқталып, көкөніс пен бақша өнімдерін жинау жалғасып жатыр. Ал аймақтың басты дақылы – күріштің басым бөлігі ораққа таяды.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының мәліметінше, биыл 193,7 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы да­қылдары егілген. Оның 91,2 мың гектарын дәнді, 75,9 мың гектарын мал азықтық дақылдар алып жатыр. Майлы дақылдарға 9,6 мың гектар, картоп, көкөніс пен бақша өнімдеріне 16,9 мың гектар бөлінген.

Суды үнемдеу мақсатында күріш алқабы был­тырғыдан 10,9 мың гектарға қысқартылды. Соған қарамастан, күріш  70,1 мың гектар жер­ге ор­наластырылды. Егісті әртараптандыру жұ­мыс­тары да назардан тыс қалған жоқ. Мақсары алқабы 9 мың гектарға таяса, жаңа жоңышқа 24 мың гектардан асты. Жаздық бидай 4,4 мың гектарға, жаздық арпа 400 гектардан астам жерге егілді. Дәндік жүгері алқабы 10,6 мың гектарға жетіп, межеленген жоспар толық орындалды. Қант құмайы, судан шөбі, сүрлемдік жүгері, соя, күнбағыс, тары және малазықтық асқабақ жиын­тығында 3 мың гектарға жуық жерді қамтыды.

Өңірдің көкөніс пен бақша өнімдеріне бөлген алқабы да аз емес. Көкөніс 6,8 мың, бақша да­қылдары 8,8 мың гектарға орналастырылды. Бұ­ған 1,4 мың гектар картоп алқабын қоссақ, ха­лықтың күнделікті дастарқанына қажетті өнімдер 17 мың гектарға жуық жерде өсіріліп жатыр.

Күріш алқаптарындағы негізгі агротехника­лық жұмыстар аяқталуға жақын. Егістіктің 60 мың гектарға жуығы үстеп қоректендіріліп, 62,3 мың гектары арамшөптерге қарсы өңделді. Бұл – күріш алқабының басым бөлігі қажетті кү­тімнен өтті деген сөз. Қазір әр жүз гектар кү­ріштің шамамен 75 гектары балауызданып пісу кезеңіне жеткен. Нақты көлемі – 52,8 мың гектар. Тағы 14,3 мың гектар немесе егістіктің бестен бірі сүттеніп пісіп жатыр. Гүлдену кезеңінде қал­ған алқаптың үлесі төрт пайыздан сәл асады. Күріш орағы қарсаңында 39,8 мың гектардың суы байланды. Осылайша, жалпы алқаптың 57 пайызға жуығы жиын-терімге дайындаудың ке­лесі кезеңіне көшті. Бидай мен сұлы орағы толық аяқталды. Күздік және жаздық бидайдан 11,4 мың тоннаға жуық өнім жиналды. Күздік бидайдың әр гектарынан орта есеппен 15,2 центнерден өнім алынса, жаздық бидайдың түсімі 9,1 центнерден айналды.

Сұлы өнімі 69 тоннаны құрады. Оның гектар берекелігі орта есеппен 13,8 центнерге жетті. Қазір шаруалар көкөніс, бақша және басқа да да­қылдарды жинауға кіріскен. Мал азығын да­йындау жұмыстары да жоспарға сай жүріп жатыр. Шаруашылықтар күтімге алған 49 мың гектар ескі жоңышқаның 2,4 мың гектары тұқымға қалдырылды. Қалған 46,6 мың гектар алқаптан үш орымда 235,6 мың тонна шөп дайындалды. Бұл әр гектардан орта есеппен бес тоннадан ас­там мал азығы жиналғанын көрсетеді.

Дала жұмыстарына жұмылдырылатын төрт мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жөн­деуден өткізіліп, маусымға сақадай сай тұр. Шаруашылықтар көктемгі егіс пен күзгі жиын-терімге 20,3 мың тонна арзандатылған ди­зель отынын сұратқан. Оның тең жартысы көк­темгі жұмыстарға жұмсалса, қалған бөлігі күзгі науқанға бағытталады. Шілде мен тамыз айла­рына бөлінген 5,6 мың тонна дизель отынына келісімшарт жасалды. Оның 2,3 мың тоннасының қаржысы төленіп, 2 мың тоннасы облысқа жет­кізілді. Шаруашылықтарға ұсынылатын арзанда­тылған отынның бір литрі 283-284 теңгеден бел­гіленген.

Сыр даласы қазір жыл бойғы еңбектің өтеуі көрінетін шешуші кезеңге аяқ басты. Сарғайған бидай алқаптары орылып, ұшы-қиырына көз жет­пейтін күріш теңізі күн сайын толыса түсу­де. Дала төсіндегі мыңдаған диқан мен төрт мың­ға жуық техника енді күзгі науқанның ең жа­уапты бөлігіне кіріспек. Биылғы нәтиже жи­налған өніммен ғана емес, суды үнемдеу, егісті әртараптандыру және әр сүйем жерді ұтымды игеру ісімен де өлшенеді. Әр масақ пен әрбір кү­ріш дәнінің артында айларға созылған тынымсыз еңбек жатыр. Енді сол еңбектің жемісі қамбаға құйылып, Сыр өңірінің күзгі берекесіне айналмақ.

Бағлан АМАНЖОЛ,

«Сыр бойы»