Бағыт пен мақсат айқын

846

0

Nur Otan партиясының Сырдария ауданы бойынша сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасында алдағы 5 жылға нақты 89 іс-шара жоспарланған. Биылғы жылға жоспар нәтижелі орындалып келеді.

«Экономикалық тұрақты ауыл» бөлімінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру көзделген. Бұл мақсатта жыл  басынан  бері ауыл шаруашылығы саласының барлық бағытында өсім бар. Аудан аграрлық болғандықтан ауыл шаруашылығы дақылдарынан дәнді, майлы дақылдар, бақша және көкөніс, картоп, сонымен қатар, ет пен сүт бағытындағы мал өсіріледі. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 20 млрд теңгені құрады.

Тереңөзек кентінен 135 гектар жер бөлініп, ауызсу және электр желілері толық жүргізілді. Қазір жол жүргізу үшін тиісті басқармаға бюджеттік өтінім жолданды. Жұмыстар аяқталса, 645 жер учаскесі бөлінбек. Бұл тұрғындарды өз баспанасын салуға ынталандыруда.

Жол картасының таза ауызсумен және орталықтандырылған газбен қамтамасыз ету бағыты  бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, ауызсу мәселесі толық шешілген. Тереңөзек кентінің 36 әлеуметтік нысаны мен 1350 тұрғын үй, яғни, кентті газбен қамтуды 30-дан 60%-ке жеткізу жоспарланған. қазір Тереңөзек кентінің 70%-і «көгілдір отын» игілігін көруде. Жобадан қалып қойған және жаңадан салынған тұрғын үйлерге  газ құбырын жеткізу мақсатында республикалық бюджеттен 129 млн теңге қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар жүргізілмек. Биылғы жылға аудандық бюджеттен 30 млн теңге бөлініп,  С.Сейфуллин, Қалжан ахун, А.Тоқмағамбетов және Шаған ауылдарын газдандыру жұмыстарына жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік сараптамаға ұсынылды.

Сайлауалды бағдарламада көрсетілгендей, ауданға қарасты елді мекендердің электр желілерінің тозығы жетіп тұр. Шаған, Аманкелді, Қоғалыкөл, А.Тоқмағамбетов ауылдары бойынша 744,2 млн теңгеге жоба ұсынылды. Жаңғырту жұмыстарын Қоғалыкөл мен Аманкелді ауылдарында жүргізу жоспарлануда.

Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау. Бұл орайда 1149 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, 1885 жаңа жұмыс орны ашылды. 311 отбасына 67,6 млн теңге әлеуметтік көмек  төленді.

Сайлауалды бағдарламадағы негізгі міндеттердің бірі – апатты жағдайдағы мектептерді жою, жаңа білім ошақтарын салу, 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтуды 100%-ке жеткізу. Ауданда апатты мектеп жоқ, 3-6 жастағы балалар мектепке дейінгі біліммен толық қамтылып отыр. Білім беру ұйымдары түгел интернет желісіне қосылған.

Медициналық қызметтің сапасын арттыру мақсатында облыстық бюджеттен 73 млн теңгеге 45 медициналық құрал-жабдық алынып, жабдықталу көрсеткіші 76%-ке жеткізілді. Азаматтардың бұқаралық спортпен айналысуы үшін ауданда әртүрлі деңгейдегі 130 нысан қызмет көрсетуде.

Жақында Nur Otan партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Nur Otan партиясы тұрақтылық пен татулыққа, әлеуметтік-экономикалық прагматизмге, орнықты дамуға негізделген және тұтас қоғамның мүддесіне сай келетін саясатты жүргізіп отырғанын атап өтті. Сол арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақты дамуына серпін берілуде. Осы ретте, жетекші партияның негізгі бағыттарын басты мақсат ете отырып нақты жұмыстарды атқара беретін боламыз.

Мұрат ЕРГЕШБАЕВ,

Nur Otan партиясы Сырдария аудандық филиалының төрағасы,

аудан әкімі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<