Береке басы – бақуатты ауылда

545

0

*сурет ашық дереккөзден алынды

Алаштың анасы атанған өңірде бүгінгі күні көңіл қуантар көптеген жарқын істер жүзеге асып, қоғамда бірлік пен береке бастауы болатын адамдардың тұрмыс жағдайларына қолайлы орта қалыптастыру қарқынды жүруде.

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысында болған іссапарында аймақтың даму жағдайына жоғары баға беріп, барлық сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға өзінің ризашылығын білдіріп, осындай игі істерді әрдайым қолдайтынын жеткізді.

Іссапар барысында Н.Ілиясов атындағы ауылда болып, еңбеккерлермен кездесуі Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы, ауылдарды дамытуға аса мән беруі және Үкіметке берген тапсырмасы деп қабылдадық.

Елімізде ауылшаруашылық еңбеккерлерінің мәртебесін көтеру, ауылдардың тұрмыстық-әлеуметтік мәселелерін шешу, өнім өндіруді, терең өңдеуді, логистикалық сұрақтарды мемлекеттік қолдаулар арқылы шешу секілді күрделі мәселелер үздіксіз жүргізілуде.

Жалағаш ауданы Таң ауылында ауыл шаруашылығын дамытып, жаңадан жұмыс орындарын ашып, жаңа технологиялар мен техникаларды егін шаруашылығында кеңінен қолданып, жер-су ресурстарын ұтымды пайдаланып, мол өнім жинауға қол жеткізіп, салық базасын нығайтуы және ауылдың әлеуметтік-экономикалық мәселелерін шешудегі жетістіктерін, берекенің көзі еңбек пен бірлікте деген қағиданы жүзеге асырушы, атымтай жомарт азамат «Таң LTD» ЖШС басшысы Имамзада Шағыртаевтың «Қазақстанның Еңбек Ері» атағымен марапатталуы облыстың бүкіл ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне берілген баға деп қабылдаймыз.

«Білікті басшы – елдің бір бағы» демекші кейінгі жылдардағы аймақ өмірінде орын алып отырған игі істер облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының жоғары ұйымдастырушылық, іскерлік, біліктілік, талапшылдық, уақытпен санаспай тынымсыз еңбектерінің нәтижесі екендігі айқын.

Саяси партиялар, түрлі қоғамдық, азаматтық қауымдастықтар, ұйымдар облыстың қоғамдық-саяси жұмыстарына белсенді араласып, қоғамда тұрақтылықты қалыптастыруда өз үлестерін қосуда.

Бүгінгі күнгі әлемде қалыптасып отырған күрделі геосаяси жағдайда еліміздің ішкі тұрақтылығы аса маңызды мәселе екендігін қоғамның көзі ашық мүшелері терең сезінеді және қоғамды соған жұмыс жасауға жұмылдыруда.

Қазақстан секілді территориясы үлкен мемлекет үшін әрбір ауылдық елді мекендерді сақтау, дамыту және халық санын арттыру, стратегиялық маңызы өте зор өзекті мәселе болып табылатыны сөзсіз. Әрине, бұндай жағдай жалаң сөздермен, шақырулармен болмайтындығы белгілі. Ауылда жұмыс орындарының болуы, заманауи мектеп, дәрігерлік емхана, клуб, инфрақұрылымдар (газ, жол, интернет т.б.), балабақшалардың болуы негізгі алғышарттар екенін жақсы түсінеміз.

Бәрін мемлекет жасап береді немесе жасауға тиіс деген пікірлер аракідік болса да кездесетіні рас.

Халық даналығы «Әлемнің әміршісі – еңбек», «Еңбек ет те міндет қыл» «Еңбек еткен жетер мұратқа», «Талаптыға нұр жауар» деген қанатты сөздер жақсы тұрмыс, астың молшылығы, даму әркімнің өзіне және еңбекте екендігін білдірсе керек.

Жалпы, пайдалы қазбалар, көмір, мұнай, газ қорлары сарқылмалы көздер екені белгілі. Ғылым мен техниканың дамуы мүлде жаңа энергия көздерін ашып, жасанды интеллект дайындалып, түрлі озық технологиялар әзірленіп, цифрландыру, байланыс, интернет салалары қарқынды дамуда.

Ең ежелгі, ешқашан маңызын жоғалтпайтын адам баласы жаратылғаннан бері келе жатқан ауыл шаруашылығы адамзат өмірінде басты тренд болып қала беретіндігі бұлжымас аксиома.

Міне, осы саланы басты тақырып қылып алған «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы – елімізде демократиялық үрдістердің қалыптасып, зайырлы мемлекет құруда аянбай еңбек етіп, белгілі міндеттер мен жауапкершіліктерді жүктеген, өзіндік амбициясы мен құрамында 300 мыңнан астам мүшесі бар қоғамдық бірлестік.

Бүгінгі күні партия барлық облыстарда, республикалық маңызы бар Астана, Алматы және Шымкент қалаларында филиалдары бар қуатты құрылымға айналды.

2023 жылы өткен ҚР Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын сайлаудың нәтижесінде 8 партия мүшесі Мәжіліс депутаттығына, 226 партиялас түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттары болып сайланды. Олардың қатарында біздің облыстан үшеуі облыстық мәслихат депутаты болса, 15-і қала және аудандық мәслихат депутаты атанды.

Мәслихаттар өкілді орган және халық пен билік арасындағы көпір ретінде жергілікті бюджет жобаларын, дамудың барлық экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, жер қатынастары мәселелерін, ауыл, қала, облысты абаттандыру жоспарларын, азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету қағидаларын, сенаторларды таңдау секілді көптеген істер атқарады. Сондықтан «Ауыл» ХДПП өкілдерінің барлық деңгейдегі мәслихаттар мен Парламент мәжілісінде болуы маңызды және ауылға, ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді шешуде жетекші роль атқарады.

Халық сеніміне адам кездейсоқтық ие болмайтындығы белгілі. «Ауыл» партиясы құрылғаннан бері басты мақсат елге қызмет ету қағидасымен жұмыс істеп, түрлі сәтсіздіктерге мойымай, бүгінгі нәтижеге жетіп отыр.

Ауыл шаруашылығы мен ауыл – егіз ұғым, ал ауыл қазақтың темірқазығы екенін бір сәтте естен шығармай ауылды сақтау, дамыту,  адами құндылықтарды арттыру арқылы еліміздің біртұтастығын қамтамасыз ететініміз айқын. Сондықтан депутаттарымыз ауыл шаруашылығын, ауылды қолдау мәселелерін өткір қойып жатса қоғамда бұл бәріміз үшін және болашағымыз үшін деген түсінік қалыптасуы керек.

Елімізде, аймағымызда ауыл мен қала өміріндегі айырмашылықтарды азайту бағытында үлкен жұмыстар жүргізілуде. Жолдар, газ жүргізу, клубтар, спорт кешендерін, дәрігерлік амбулаториялар, жайлы мектептер салу, өндіріс орындарын ашу арқылы жастардың ауылда тұруына ықпал ету – бүгінгі өзекті мәселе.

Партия тарапынан бірнеше жобалар жасалып, жұмыстар атқарылуда. Мысалы, «Шартты базалық табысты енгізу» жобасы – жергілікті бюджет салықтары мен коммуналдық шығыстарға жыл сайынғы төлемдер арқылы республикамыздың әрбір азаматының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жаңа идея. Сонымен қатар «Бос тұрған ғимараттарды айналымға енгізу», «Суармалы жерлер – ауыл табысының негізі» жобалары ауыл экономикасын, тұрмыс жағдайын көтеруге бағытталған бастамалар.

Суармалы жерлерді тиімді пайдалану – біздің облыс үшін аса өзекті мәселе және аграрлық сектор аймақ экономикасының драйверіне айналуда. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаулар және инвесторлық салымдар аймақтың басты дақылы – күріштен жоғары өнім жинап, ауылдық елді мекендерді дамытып, халқының әлеуметтік мәселелерін шешуде нақты әсерін тигізуде.

Парламент Мәжілісі депутаттары ауыл шаруашылығы, ауыл мүддесін қорғайтын заң жобаларын жасауға, қабылдануына жоғары белсенділікпен қажырлы еңбек етуде.

Еленген еңбек кімді де болса жігерлендіретіндігі шындық. Осы бағытта «Ауыл» партиясы өздерінің табысты, белсенді мүшелерін марапаттауды әрдайым жүзеге асырып келеді. Биыл 8 партия мүшесі мемлекеттік наградалар және 60-тан астам партия мүшесі ведомстволық наградалармен марапатталды. Оның ішінде біздің облыс бойынша белгілі кәсіпкер, су шаруашылығына аса қажетті затворларды шығарушы өндірісті металл өңдейтін цифрлық станоктармен жабдықтап, машина, механизмдердің күрделі детальдарын жасайтын «Квант» зауытының директоры, партияның белді мүшесі Жаңабай Бекішев «Құрмет» орденімен марапатталса, 3 адам ведомстволық наградалар, бір топ тұлғалар құрмет грамоталары, төсбелгілер және алғыс хаттарға ие болды.

С.ӨМІРЗАҚОВ,

«Ауыл» ХДПП Қызылорда облысы

бойынша өңірлік филиалы төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<