Берекенің кілті – кәсіпте

640

0

Арал ауданында кейінгі жылдары кәсіпкерлік өркен жайып келеді. Ауданға жол түскен сапарымызда соның бір парасын бағамдауға мүмкіндік туды.

Мемлекет берген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, кәсіпкерлікке ден қойған жанның бірі – Асхат Абылаев. Ол аудан орталығынан автожөндеу орталығын ашып, табан ет, маңдай терімен тапқан ризығын жеп отыр. Өзінің айтуы бойынша, екі қолға бір күрек таппай біраз сандалған. Бірақ еті тірі, техника тілін түсінген ол ойлана келе көлік жөндеу ісімен айналыса бастайды. Істің ыңғайын білетін азамат алғашқыда үйінің ауласында қызмет көрсетіп бастаған. Кейін сапалы жұмысқа риза болған тұрғындар саны арта түсіпті. Алайда, қажет техникалардың болмауы біраз қол байлаған. Міне, осыдан соң мемлекеттен қаржылай қолдау алып, кәсібін кеңейтуге бел буады.  Ол бүгінде көліктерді арнайы орында жөндейді.

− Ізденген, ерінбеген адамға мемлекет көмек қолын созып отыр. Екі ай бұрын 1,2 млн теңге қайтарымсыз грант алып, кәсіп бастадым. Бұрын үйде де осы жұмыстарды атқарғандықтан, алғашқы кезден-ақ өзімнің тұрақты клиенттерім келе бастады. Осы күндері көлік жөндететіндер саны артуда. Әуелгіде қорқасоқтадым, қазір тәуекел еткеніме қуанамын. Қаржылай көмекке арнайы құрылғылар сатып алдым. Бірге жұмыс істейтін көмекшілерім бар. Арнайы жөндеу орнын жалға алып отырмыз, − деді кәсіп иесі.

Қолы қимылдағанның аузы да қимылдайды. Адал еңбекпен тапқан табыстың берекесі артады. Бұл – кәсіпкер үшін де абырой. Осы қатарда Светлана Жалтумаева да бар. Ол «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында қаржы алып, «Әсем» сұлулық салонын ашқан.

− Бұған дейін білім саласында еңбек еттім. Кейін облыс орталығында арнайы бет күтімі академиясына барып, салаға деген қызығушылық пайда болды. Арнайы курстан өткен соң бос уақытымда үйренген дағдыны кәдеге жаратып, жұмыс істеп жүрдім. Нәтижесі көңіл қуантты. Келуші саны да артты. Екі жұмыстың бірін таңдау керек болды. Осылайша таңдауым кәсіпкерлікке ауды. Аудандық әкімдіктегі жауапты мамандардың кеңесімен несиеге  керекті құрылғыларды сатып алуға мүмкіндік туды. Қызмет көрсету аясын кеңейтіп, көмекке шеберлер ала бастадым. Қазіргі кезде 6 адамды жұмыспен қамтып отырмын, − деді ол.

Кейіпкеріміз бұл саланы таңдағанына өкінбейтінін айтады. Жан қалауы осы сала, қызмет тұтынушылар қатары да артып келеді. Бүгінде оған ауылдардан келіп бет күтімін жасататындар бар.

Ауданның жаңалығы жалғыз бұл емес. Бәрімізге белгілі бір жайт, өңірдегі өндіріс орындарының біршамасы Арал ауданында орналасқан. Оның ішінде тұз бен балық өндірісінің орны бөлек. Алдағы уақытта бірнеше игі бастама қолға алынбақ. Бұл туралы Арал аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бас маманы Ерболат Тасқынбаев айтып берді.

– Шөміш елді мекенінде орналасқан «Aral Quartz» ЖШС-ның «Кварц құмын байыту бойынша тау-кен комбинатының құрылысы» жобасының І кезеңі іске асырылды. Комбинат жылына 120 мың тонна байытылған кварц концентраты мен құрғақ құрылыс ұнтақтарын шығаратын болады. Аталған жобаның құрылысы кезінде 39 адам жұмыспен қамтылса, ІІ кезеңі аяқталып, толық іске қосылғанда комбинатта 70 адам жұмыс істейтін болады. Жалпы бұл комбинаттан шығатын өнімге сұраныс жоғары. Мұндағы өнім шетелге, сондай-ақ, шыны зауытына да сатылмақ, – деді ол.

Айтпақшы, комбинаттың қуаттылығын арттыру, өнім түрлерін көбейту үшін жүзеге асырылып жатқан ІІ кезеңде құрылысқа 4 гектар жер телімі, «Шығыс Сарышоқы», «Рай» және «Жантілес-2» учаскелерінде кварц құмын өндіруге жер пайдалану құқығы берілген.

Сөз орайы келгенде айта кетейік, мұндағы «Аралтұз» акционерлік қоғамының ас тұзын өндіру зауытын да жұмысы жүйелі, ісі тиянақты өндіріс орнының бірі деуге болады.  «Аралтұздың» өндіріс аймағында бүгінде 4 цех орналасқан. Олар – украин цехы мен бірінші, екінші және үшінші испан цехы. Қазір үш цех жұмыс істеп тұр. Ал бірінші испан цехы жаңартылу үстінде. Жаңғыртуға 2 млрд теңге қарастырылған. 2014 жылы іске қосылған цехта 200 адам қызмет етеді.

Негізінен зауыт жыл басында 170 мың тоннаға жуық ас тұзы мен 190 мың тоннаға тарта техникалық тұз өндірген. Бұл – былтырмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш. «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржыландырылған зауытта жалпы саны 1200 адам жұмыспен қамтылған. Айтпақшы, мұнан шыққан өнімнің 20 пайызы ішкі нарықты қамтыса, қалған 80%-ы экспортқа жөнелтіледі.

Сапар барысында аудан орталығындағы қалаішілік жолдарды жөндеу жұмыстарын да көзбен көріп қайттық. Мәселен, біз аялдаған Панфилов көшесін ретке келтіруді «Арал құрылыс» ЖШС өз мойнына алып, жұмыстарын бастап кетіпті. Үш ай мерзімге созылатын жұмыс нәтижесінде автомобиль жолы толықтай жөндеуден өтіп, екі жақты жаяу жүргіншілер жолы мен жарық шамдары орнатылады. Құрылысқа қажетті материалдар Ақтөбе облысынан әкелінген. Жол жөндеу жұмысының жайы туралы мердігер мекеме «Атағұлов» ЖК төрағасы Ғалымжан Атағұлов айтып берді.

− Жол жөндеу жұмыстары кезінде ең бірінші кезекте сапаға көңіл бөліп отырмыз. Қолданылатын материалдардан бастап, оның дұрыс қалануы мен төзімділігі назарда ұсталады. Асфальт құюға дейінгі жұмыстарға 12 адам тартылған. Ал асфальт төсеуге тағы да арнайы бригада алынады, − дейді ол.

Осы тұста айта кетейік, биыл республикалық, облыстық және аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, «Қаратерең-Жаңақұрылыс», «Бөген-Ақлақ» бағытында және Қызылжар елді мекеніне кіреберіс жолдың құрылысы жүргізілмек. Осы секілді жол жөндеу бағытында жасалып жатқан жұмысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жанқожа Құдайберген баяндады.

− «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сексеуілде кентішілік автомобиль жолы орташа жөндеуден өтті. Аудан орталығында екі көше жөнделуде. Панфилов көшесі бір бағытты, ені 5,5 метр болып, асфальт жабындысы толық төселеді. Жалпы қалада 226 көше болса, оның 70-тен астамы асфальтталған. Биылдың өзінде «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасы аясында 17 көшені жөндеуге жоба-сметалық құжаттарын әзірлеп, келесі жылға жоспарлап отырмыз. Аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, 13 көшені жөндеуге құжат әзірленуде, − деді ол.

Иә, Аралдың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Тұрғындар да бір айлыққа иек артып отырмай, тірлікке тірек болатын кәсіптің көзін табуға көшкен. Өз кезегінде мұндай беталыс келешекте өңірдің экономикалық күш-қуатын молайтуға, халық тұрмысының түзелуіне ықпал етері анық. Ал жоспарланған кәсіп нысандары іске қосылса, жұмыс нәтижелі боларына сенім мол.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

Арал ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<