Құрылтай

«Арал – Каспий магистралі»: Үш жобаның құрылысы басталды

13

0

Кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев телекөпір арқылы «Қызылорда-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» және «Бейнеу-Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысын бастап берді.

Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев, Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай жобаны бастауға әзірлік жөнінде баяндады. Бұл маңызды іс-шараға облыс әкімі Мұрат Ергешбаев және Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдері қатысты.

Президент телекөпірде сөз сөйледі. Көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екеніне тоқталып, еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша ауқымды жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді.

– «Жол – тіршіліктің күретамыры». Мемлекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Баршаңызға белгілі, еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын не­гізгі көпір саналады. Батыс пен Шығыс ара­сында құрлықпен тасымалданатын жүк­тің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сон­дықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стра­те­гиялық міндет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, елімізде бұл бағытта көптеген шаруа атқарылып жатыр. Былтыр «Дос­тық-Мойынты» темір жо­лының екінші же­лісі іске қосылды. Соның арқасында жүк тасымалы көлемі 5 есе артты. Сондай-ақ Алматы бекетін ай­на­лып өтетін теміржол же­лісі жұмыс істей бастады, нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. Ең бастысы, осындай ауқымды жо­баларды өз мамандарымыз жүзе­ге асырып жатыр. Бұл жұмыстың бәрі Қазақстанның көлік-логистика сала­сын­дағы әлеуеті зор екенін көрсетеді.

– Өткен жылы еліміздегі жалпы тасымал көлемі 6 пайызға артып, шамамен 37 миллион тонна болды. Биыл «Мойынты-Қызылжар» және «Дарбаза-Мақтаарал», ал келесі жылы «Бақты-Аягөз» теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, біз автокөлік саласына ерекше назар аударып отыр­мыз. Соңғы жылдары Қазақстанда тас жолдарды түбегейлі жаң­ғырту жұмысы қолға алынды. Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба табысты аяқталды. «Батыс Еуропа-Батыс Қытай», «Қарағанды-Алматы», «Орталық-Оң­түстік», «Атырау-Астрахан», «Талды­қорған-Өскемен», «Қалбатау-Май­қапшағай» бағытындағы жолдар – соның айқын дәлелі. Кейінгі 5 жылда авто­кө­лікпен жүк тасымалдау көлемі екі есе артты. Былтыр осы қызмет түрінен түсетін табыс 1,5 триллион тең­геге жетті. Өздеріңіз біле­сіздер, еліміз арқылы 8 ха­лықаралық дәліз өте­ді. Бұл жолмен күн сайын 35 мың­ға жуық ав­то­көлік жүреді. Өт­кен жылы 13 мың шақырым автокөлік жо­лын салу жә­не жөндеу жұ­мысы жүр­­гізілді. Со­ның 6 мың ша­қырымы халық игілігіне берілді. Келесі жылы авто­­көліктерді өт­кізу бекеттері то­лық жаңар­тылады. Мұн­дай ауқымды жұ­мыс Тәуел­сіздік тарихында ал­ғаш рет жү­зеге асырылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы қазір Қазақстанның әр аймағында автожолдар жөнделіп жатқанын атап өтті.

– Жақында Сарыағаш айналма жолының құрылысы мен «Жезқазған -Қарағанды» автожолын жөндеу жұмысы басталды. Сонымен қатар еліміз бойынша көптеген тұрғын үй, мектеп, аурухана, инженерлік желі салынып жатыр, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бір сөзбен, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналатын болды. Бұл мемлекетіміздің өсіп-өркендеу жолына түсіп, жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейнеу-Сексеуіл» бағытында 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жолдың құрылысы басталғанына тоқталып, бұл бағдарды халықаралық ауқымдағы автожол деп атады.

– Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз. «Бейнеу- Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал-Каспий магистралі» деп атаған дұрыс, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент жалпы ұзақтығы 774 шақырымды құрайтын «Қызылорда-Сексеуіл», «Ұлғайсын-Сексеуіл» жолдарын кеңейту, түбегейлі жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді.

– Бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Осындай жобалардың әрқайсысы тұтас Қазақстанның көлік жүйесімен үйлеседі. Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке тартылған көлік желілері енді шығыстан батысқа қарай бағытталған жаңа тармақтармен кеңейіп жатыр. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Қазақстандағы автокөлік тасымалы саласы табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жолдың құрылысын жүргізумен бірге заманауи цифрлық экожүйе құру маңызды міндет саналады. Жергілікті автоөндірісті тарта отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау әлеуетті еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Арал маңындағы иен даламен тартылып жатқан жолдар бұған дейін тұйық нүкте саналып келген бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына айналдырады. Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақытылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 Телекөпір барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, Президентке аймақ тұрғындарының ризашылығын жеткізді.

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында республикалық маңызы бар жолдардың құрылысын тездетуді тапсырған болатын.

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев кейінгі жылдары еліміз арқылы өтетін халықаралық жүк тасымалының көлемі айтарлықтай өскеніне тоқталды.

– Бүгін біз Президентіміздің тікелей тапсырмасымен еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытудағы аса маңызды жобалардың басталуына куә болдық. Жүк тасымалының өсімі қолданыстағы жол инфрақұрылымын жаңғыртуды, өткізу қабілетін арттыруды және қауіпсіздік деңгейін күшейтуді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгін басталып отырған үш жоба Қазақстанның көлік жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау бағытындағы жұмысты жалғастырады. Бұл жобалардың уақытылы және жоғары сапалы болып іске асуы Президентіміздің бақылауында, Үкімет басшысының тұрақты қадағалауында болады, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Айта кетейік, ауқымды жобалар толық жүзеге асқаннан кейін еліміздің негізгі халықаралық көлік дәліздері өзара тиімді байланысып, үздіксіз құрлық дәлізі қалыптасады. Жолдардың өткізу қабілеті екі есе артып, жүк тасымалдау уақыты қысқарады, логистикалық шығындар азаяды және жол қозғалысының қауіпсіздігі едәуір жақсарады.