Қарызсыз мемлекет жоқ

381

0

Сурет ашық дереккөзден

Кейде мемлекеттің сыртқы қарызы жайлы сөз болғанда жағымсыз пікірлерді көп естіп жатамыз. Алайда қоғамда эмоция тудыратын бұл тақырыптың экономикалық жағынан біз біле бермейтін сыры жетерлік. Тіпті елдің сыртқы қарызын жан басына шағып, үрейлі қауесеттер айтылатыны бар. Бүгін біз осы тақырыпты жалпыға түсінікті етіп тарқатып көрмек ниеттеміз. Сонымен, бір мемлекет өзге елден неге қарыз алады, оны кім, қалай төлейді, одан қандай зиян немесе пайда болуы мүмкін?

Берешектің де «берекесі» бар

Әуелі бір дүниені ескерте кеткен жөн, мақала тақырыбының өзі айтып тұрғандай, әлемде қарызы жоқ ел жоқтың қасы. Мейлі, жаһандағы ықпалды бірінші экономикасы бар алпауыт АҚШ-ты аласыз ба, кәрі құрлықты шоласыз ба, дамушы мен дамуы тежелген мемлекеттерді қарайсыз ба – берешексіз ісі жүрмейді. Бұл тақырыпты сәл кейін тарқатармыз. Алдымен өзіміздегі хәлге тоқталайық.

Қазір Қазақстанның барлық сыртқы қарызы 162,7 млрд долларды құрайды. Кейінгі 1 жылдың ішінде 2 млрд долларға өсті. Айтпақшы, кейбір жандар мемлекет қарызының көбі Қытайға тиесілі деп ойлайды. Дегенмен олай емес, сыртқы қарыздың басым бөлігі, 41,5 млрд АҚШ доллары Нидерландқа тиесілі. 2021 жылмен салыстырғанда, оның мөлшері 5,8 пайызға немесе 2,6 млрд долларға қысқарған. Екінші орынға 15,3 млрд доллармен Ресей жайғасыпты. Көрші ел алдындағы міндеттемелер 41,6 пайызға немесе 4,5 млрд долларға өскен. Одан кейін еліміз Ұлыбританияға 15,2 млрд доллар, АҚШ-қа 12,4 млрд доллар, Францияға  11,2 млрд доллар қарыз.

Жалпы, қарыз деген құлаққа жағымды естілетін сөз емес, бірақ оны сыртқы қарызға қарата айтудың себебі жоқ. Бірден айтайық, сыртқы қарыз – бюджеттің немесе халықтың қаражаты есебінен төленбейтін борыш. Мемлекет өз шығынын негізінен Ұлттық қордан түсетін салықтық және салықтық емес түсім мен трансферт есебінен, ал қалған бөлігін қарыз есебінен жабады. Бұл қаражаттың басым бөлігі экономика мен инфрақұрылымның негізгі секторларын дамытуға бағытталады. Сондай-ақ қарызға алынған ақша денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік көмек және қамтамасыз ету сияқты әлеуметтік міндеттерді орындауға жұмсалады. Басты дүние қарыздың мөлшері емес, елдің сол қарызды қайтара алуында деп есептеледі.

Құрылымы бойынша мемлекеттік қарызды екі бөлікке бөлеміз, ішкі және сыртқы. Басқа елдер, шетелдік ұйымдар және жеке инвесторлар алдындағы қарыз – сыртқы қарыз болса, сәйкесінше, отандық компаниялар мен отандық инвесторлар алдындағы қарыз – ішкі қарыз. Сыртқы қарыз өз ішінде Үкіметтің борышы, Ұлттық Банктің борышы, жергілікті атқарушы органдардың борышы болып бөлінеді. Сыртқы қарыздардың ішінде фирмааралық қарыздар да бар. Бұл – елге сырттан тікелей тартылып отырған инвестициялар. Шетелден келетін компаниялар елімізде құрылып жатса, олар жұмыс орындарын ашады, өз капиталымен келеді. Біз қолымыз жетпейтін кейбір өндірістік тауарларды сол қаражаттың есебінен өндіруге мүмкіндік аламыз. Олар да қарызға есептеледі. Сол сияқты екінші деңгейлі банктердің қарызы бар. Бұл бірақ, қатты мән беретін, алаңдатарлық жағдай емес, тек банктердің қосымша сырттан қарыз алуға белгілі бір дәрежеде мүмкіндігі бар. Сырттан қарыз алатын тағы бір сектор – өзге де секторлар деп аталады. Оның ішінде квазимемлекеттік сектор бар. Ұлттық компаниялардың, оның ішінде «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан Темір Жолы» сияқты компаниялардың қарыздарын айтамыз. Былтырғы 1 тоқсанның қорытындысы бойынша, Үкіметтің борышы 22 717 миллиард теңге немесе мемлекеттік борыштың 86 пайызы, Ұлттық Банктікі 2 632 миллиард теңге немесе мемлекеттік борыштың 10 пайызы, жергілікті атқарушы органдар сыртқы кредиторларға 1 069 миллиард теңге қарыз, бұл – мемлекеттік борыштың 4 пайызы. Осылайша Үкіметтің ғана емес, Ұлттық Банк пен жергілікті атқарушы органдардың да қарызы өсіп жатқаны байқалады.

Бұл тұста нақты айта кетелік, Қазақстанның мемлекеттік қарыздарының басым бөлігі – яғни 66 пайызы, орта есеппен кейінгі 5 жыл ішіндегі ішкі қарыздан құралған. Ал сыртқы борыштың мөлшері 7,8 триллион теңгеге жетті (16,9 миллиард доллар). Қарыз ақшаның жартысынан көбісі еурооблигациялар шығару арқылы алынған. Бұл – халықаралық ұйымдар да Қазақстанның экономикасына қаржы салып жатқанының белгісі. Мемлекеттік борыш өскен сайын оны өтеуге кететін шығындар да, пайызын төлеу өсетіні белгілі. 2022 жылы ол 1,3 триллион теңге болған, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 32,7 пайызға жоғары. 2018-2023 жыл аралығында борыштарды өтеуге кетіп жатқан шығындардың үлесі жалпы борыш сомасының 5,2 пайызы болған. Бұған қарап, қарыз ақшалар айтарлықтай арзанға алынған деп айтуға болады. Сарапшылардың сөзінше, Қазақстанның мемлекеттік қарызы көп деп айтуға келмейді, тіпті кейде қарызы көп елдің экономикасы да қуатты деген қорытынды шығаруға болады. Түсініктірек болу үшін басқа мемлекеттердің ахуалымен салыстырамыз.

Өзге елдердің де өтелмеген қарызы көп

Дүниежүзілік банктің зерттеуі бойынша, мемлекет борышының мөлшері жалпы ішкі өнімнің 77 пайызынан асатын болса, ел экономикасына кері әсер етуі мүмкін. Соған қарамастан, көптеген елде мемлекеттік борыштың деңгейі бұдан жоғары. Экономикасы дамыған елдерде жиынтық мемлекеттік борыш сонау 2011 жылы-ақ жалпы ішкі өнімнің 100 пайызынан асып кеткен. Қазір экономикасы дамып жатқан және нарығы да енді қалыптасып келе жатқан елдерде мемлекеттік борыш шамамен жалпы ішкі өнімнің 60 пайызынан асады, яғни әуелде айтып өткендей, мемлекеттің қанша қарыз екені маңызды емес, қайтару әлеуеті, қауқары маңызды. Мәселен, дамыған елдер арасында ең көп мемлекеттік борыш әлемдегі төртінші экономика саналатын Жапонияда, жалпы ішкі өнімнің 229,1 пайызы, Сингапурда (167,8 пайызы) тіркелген. Кредиторлар бұл елдерге «қарыз беруге» бейім. Өйткені қайтарып алатындарына күмәні болмайды. Бұл елдер жыл сайын бюджет шығындарының шамамен 10 пайызын сыртқы қарызын төлеуге жұмсайды. Ал Аустрия 39, Чехия 36, Чили 26,1, Сауд Арабиясы 25,9 пайызын төлейді.

Forbes.kz-ке сыртқы қарыз бойынша пікір айтқан Сапарбай Досжанұлы мемлекеттік түсімдер шығындарға қарағанда аз болатынын, сондықтан сырттан инвестиция тарту бұл әлемдік тәжірибеде кездесетін қалыпты жағдай екенін жеткізген.

– Әлемде АҚШ, Ұлыбритания, Жапония, Италия, Қытай, Франция сияқты бай-қуатты дамыған елдер мемлекеттік сыртқы қарыздары көп мемлекеттердің көшін бастайды. Тіпті олардың сыртқы қарызы жалпы ішкі өнім сомасымен тең немесе көбірек те болуы мүмкін. Егер халықаралық тәжірибе туралы айтатын болсақ, онда сыртқы қарыздың қолайлы деңгейі ретінде халықаралық рейтингтік агенттіктер мен әртүрлі халықаралық сарапшылар сыртқы қарыздың үлесін 40-50 пайыз аралығында ұстау қажеттігін атайды. Егер сыртқы қарыздың жай-күйін таяу шетелдермен салыстыратын болсақ, онда, мысалы, біздің көршілеріміз, Ресейдікі – 56 млрд, ал Қытай елінің қарызы – шамамен 454 млрд АҚШ долларын құрайды. Тіпті Өзбекстанның мемлекеттік сыртқы қарызы 23 млрд АҚШ доллары шамасында. Десек те, Қазақстан сияқты дамушы елдердің мұндай тәуекелдерге бармағаны дұрыс, өйткені, ол біз үшін қауіпті, сондықтан сыртқы қарыз көлемі жалпы ішкі өнімнен төмен болады. Мәселен, біздің жалпы ішкі өніміміз 30-35 млрд АҚШ долларын құраса, сыртқы қарыз 16-17 млрд АҚШ долларын құрайды, бұл қарыз көлемі көтерілмеуі керек. Парламент тарапынан бұл заңдық негізде шектеліп отырады, – деген ол.

Осы тұста бір қызықты жайтқа тоқталайық. Әлемнің ең ірі державасы АҚШ 34 триллион доллар қарызға батты. Оның үстіне қосылатын пайызы АҚШ-тың қорғаныс саласына бөлінетін қаражатымен бірдей. Мысалы, 2022 жылы қорғаныс саласына елдің жұмсаған шығыны 800 млрд доллар болған. Питер Петерсон қорының хабарлауынша, осы қарқынмен кете беретін болса, келесі 10 жыл ішінде америкалық федералды үкімет қарыздың тек үстіндегі пайызын төлеуге кететін шығыны инфрақұрылым мен білімге бөлінетін қаражаттан асып түседі.

АҚШ қарыз алған мемлекеттердің тізімінде Жапония (1 трлн доллар), Қытай (1 трлн доллар), Ұлыбритания (716 млрд доллар) бар. Ал президент Джо Байден қарызды уақытында қайтаратынын айтып, саспайды. Басқа гарантия жоқ. АҚШ-тың қарыз алған ақшасы қайда кетті десек, 2022 жылы Америка Құрама Штаттарының федералды үкіметі Ауғанстан, Пәкістан, Ирактағы соғысқа 8 триллион доллар жұмсапты, яғни, соғыстарға қарыз алып ақша жұмсаған. Ал 2020 жылы АҚШ 2 трлн доллар қарызға алынған қаражатты терроризмге қарсы күрес жүргізуге бағыттаған. 2030 жылға қарай 2 трлн доллардың үстіне тағы 2 трлн қосып төлеу керек болады. Тіпті алдағы 10 жылда АҚШ үкіметі тағы 20 трлн доллар берешек алуды жоспарлап отырған көрінеді. Қарыз көлемі көбейе беретін болса, елдегі түрлі салалардағы инвестиция ағынын азайтуы мүмкін.

Жалпы АҚШ-тың қарыз алуға деген әуестігі 2001 жылы басталды, содан бері басылмай келеді. Оның салдары көп болуы мүмкін. Бірінші, ғаламдық қауіпсіздікке қауіп төндіреді. Екінші, АҚШ қарызды қайтару үшін бюджет шығынын қысқартуға мәжбүр болады. Үшінші, қарызды қайтаруға шамасы жетпей, дефолт жариялаған жағдайда, берешек берген елдер ақшасын қайтара алмайды, олардың да экономикасы құлдырайды. Төртінші, жалғыз резервтегі валюта – доллар зардап шегуі мүмкін. Баяғы фунт пен гульденнің кебін киіп, «резервтегі» деген статусынан айырылып қалуы мүмкін. Бесінші, қарызды қайтару үшін АҚШ үкіметі салықты көбейту не болмаса шығындарды азайтуы мүмкін. Бірақ екі нұсқаны да көбі қаламайды.

Сонымен, сыртқы қарыз жөнінде аз-кем шолу жасадық. Оның пайдалы да, зиян да тұсы барын байқадық. Алайда ел қоғамы осы тақырып төңірегінде негізсіз әрі бос байбалам сала беруін тоқтатқаны абзал екені аңғарылды.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<