Үкіметтің ресми сайтында жарияланғандай, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен жүргізуші куәлігін алу рәсімін жетілдіруге арналған кеңес өтіп, онда азаматтарға қолайлы, ашық әрі әділ жүйе қалыптастыруға бағытталған нақты шешімдер қабылданды.
Статистикаға сүйенсек, өткен жылы елімізде 670 мыңнан астам адам көлік құралын басқару құқығына ие болған. Бұл жүргізуші куәлігін алу жүйесіне түсетін жүктеменің жоғары екенін көрсетіп, оны жаңғырту қажеттігі айқындалды.
Қабылданған өзгерістердің өзегі – емтихан тапсыру тәртібін оңтайландыру. Енді үміткерлер теориялық және практикалық емтихандарды ақылы негізде шектеусіз тапсыра алады. Дегенмен әр әрекет арасында кемінде он күнтізбелік күн үзіліс сақталады.
Бұған дейін жүйеде үш тегін мүмкіндік қарастырылған еді: алғашқы екеуі бір күн аралықпен, үшіншісі 30 күннен кейін берілетін. Осы мүмкіндіктер таусылған соң, азаматтар қайта оқу курсынан өтуге міндеттелетін.
Цифрландыру үдерісі де назардан тыс қалмады. Теориялық емтиханда толықтырылған шынайылық элементтері қолданылып, практикалық кезеңде компьютерлік көру жүйесі енгізіледі. Бұл емтихан барысындағы барлық әрекетті дәл тіркеп, заңбұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді. Ақпараттық қауіпсіздік мәселесі де күшейтіледі. Жүргізуші куәлігін алу процесіне қатысты цифрлық жүйелер аса маңызды нысандар қатарына енгізіліп, заңсыз араласуға қарсы жауапкершілік артады.
Жаңа өзгерістер әкімшілік жауапкершілікті де қатаңдатады. Емтихан кезінде микроқұлаққап, жасырын камера немесе өзге де тыйым салынған құрылғыларды пайдаланған тұлғалар жауапқа тартылады. Тіпті оларды теориялық емтихан тапсыру құқығынан бір жылға дейін айыру шарасы қарастырылған.
Сонымен бірге автомектептердің жұмысына қойылатын талаптар да күшейеді. Енді олардың қызметі жүргізушілерді даярлау сапасы мен азаматтардың пікіріне қарай бағаланып, лицензиялау жүйесі енгізіледі. Талапқа сай келмейтін ұйымдар нарықтан шеттетілуі мүмкін.
Жалпы алғанда, енгізілетін өзгерістер жүргізуші куәлігін алу рәсімін барынша әділ, ашық және заманауи деңгейге көтеруге бағытталған. Бұл тек қызмет сапасын арттырып қана қоймай, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де оң ықпал етпек.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»






