Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуіне қатысты

585

0

Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуіне қатысты Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбековке, Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонға, Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевке, сондай-ақ Түрікменстан Меджлисінің төрайымы Акджа Нұрбердыеваға қошемет білдірді.

Мемлекет басшысы ішкі өңірлік мәселелерді шешу үшін тұрақты консультативтік жұмыс кездесулерін өткізу бастамасы Өзбекстан Президенті Ш.Мирзиёевке тиесілі екенін атап өтті.

– Туындайтын барлық мәселелерді біз бірлесіп шеше аламыз. Біздің кездесуіміз бәрімізге ортақ Наурыз мейрамы қарсаңында өтуінің символдық мәні бар. Қазақстан көршілерімен, әсіресе, тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, дүниені сезінуі ортақ Орталық Азия елдерімен тығыз экономикалық ынтымақтастық орнатуға әрдайым ұмтылыс танытты, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті Орталық Азия елдерінің әлеуетін біріктірудің, ішкі өңірлік сауданы арттырудың, өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және халықтарымыздың жақындасуының маңыздылығын атап өтіп, жоғары деңгейдегі осындай консультативтік кездесулерді өткізудің артықшылықтарына тоқталды.

– Елдеріміз арасындағы саяси ынтымақтастық мәселесі бойынша елеулі жетістікке қол жеткізгенімізді айтқым келеді. Біз сыртқы саясат ведомствосы басшылары арасында диалог орната алдық. Нью-Йоркте Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы кезінде сіздердің сыртқы істер министрлеріңізді көріп, риза болдым. Осылайша зор қолдау көрсеттіңіздер. Біз әрдайым бір-бірімізге қолдау көрсетіп жүруіміз керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерінің барлық көшбасшыларының ерекше күш-жігер танытқанын атап өтіп, өңір елдері арасындағы өткен жылғы мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту үдерісіне оң баға берді.

Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азия елдерінің Қазақстанмен қарым-қатынасты дамыту мәселесіне назар аударды.

– 2017 жылы сіздердің елдеріңіздің әрқайсысына жіберілген Қазақстан экспорты 35 пайызға жетті. Үкіметаралық комиссиялардың отырыстары өткізілуде. Шекараларда жаңа бекеттер ашылуда. Паспорт тексеру тәртібі жеңілдетілуде. Жаңа жолдар мен көпірлер салынуда. Шекараларға қатысты келісімдер жасалуда. Көлік қатынасы орнатылуда. Жаңа әуе рейстері ашылып, жүрдек пойыздар жөнелтілуде, – деді Қазақстан Президенті.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы өңірдің жетекші державалары – Ресей Федерациясымен және Қытай Халық Республикасымен байланыстарды одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.

Қазақстан Президенті Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік жұмыс кездесуіне қатысты 

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев өткізіліп жатқан кездесудің табысты болатынына, оның нәтижелері өңірдегі барлық халықтың игілігіне қызмет ететініне сенім білдірді.

Содан кейін Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков сөз сөйледі. Ол өңірімізде өзара тиімді ынтымақтастық орнатудың маңызды екенін атап өтті.

– Бүгінгі кездесу біздің достық және тату көршілік қарым-қатынастарымызды жаңғыртып, жандандыра түседі. Осы басқосу елдеріміз бен халықтарымыздың одан әрі жақындасуына бағытталған ортақ ұмтылыстарымызға тың серпін береді. Қонақжайлық танытып, Орталық Азия елдері басшыларының кездесуін ұйымдастырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа ризашылығымды білдіремін, – деді Қырғыз Республикасының Президенті.

Тәжікстан Республикасының Президенті Э.Рахмон сөйлеген сөзінде Орталық Азияның көлік-транзит әлеуетін дамыту, су және энергетика ресурстарын тиімді пайдалану, мәдениет саласындағы өзара іс-қимыл және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне тоқталды.

– Біз терроризм, экстремизм, есірткінің заңсыз айналымы, трансұлттық ұйымдасқан қылмыс, діни радикализм сияқты қауіпсіздікке төнетін сын-қатерлерге қарсы тиімді әрі жедел әрекет ету үшін барлық тетіктерді пайдалануымыз керек. Бұл мәселелерді шешу ықпалдастығымыздың басым міндеті саналады. Өйткені бір елдегі жағдайдың өзгеруі бүкіл өңірдегі ахуалға теріс ықпал етуі мүмкін, – деді Э.Рахмон.

Өзбекстан Республикасының Президенті Ш.Мирзиёев сауда-экономикалық ынтымақтастықты және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында мемлекетаралық ықпалдастықты дамытудың маңыздылығын атап өтті.

– Біздің барлық бірлескен іс-қимылымыз, жобаларымыз бен бағдарламаларымыз өзара сенім мен құрметті нығайтып, халықтарымыздың мүддесіне сай келетін әрі елдеріміз тарапынан толық қолдау табатын тығыз өңірлік ынтымақтастықты нақты жаңа мазмұнмен байыта түсетіні сөзсіз, – деді Өзбекстан Президенті.

Түрікменстан Меджлисінің төрайымы А.Нұрбердыева Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің жұмыс кездесуіне қатысушыларға арналған үндеуін оқып берді.

– Орталық Азиядағы жақын көршілермен ынтымақтасу Түрікменстанның сыртқы саяси стратегиясының басымды аспектілерінің бірі болып саналады. Біздің ел екіжақты және көпжақты форматтағы барлық бағыттар бойынша тең құқылы және сенімді диалогты ілгерілетуге жан-жақты қолдау білдіре отырып,  өңірдегі елдермен ауқымды ықпалдастық орнатуды көздейді, – деді А.Нұрбердыева.

Дереккөз: akorda.kz

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<