Облыс әкімі қарттар үйіне барды

160

0

Қызылорда өңірінде 78 мыңнан аса зейнет жасындағы ардагер бар. Олардың әрқайсысы мемлекеттің қолдауын сезінеді. Аймақта қариялардың лайықты деңгейде өмір сүруі үшін зейнеткерлерді сауықтыру және спорттық шаралармен қамту жұмыстары ұдайы жүргізіледі.
Халықаралық қарттар күнінде облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев №1 Қызылорда арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығына барып, мұндағы қызмет алатын ардагерлердің жағдайын біліп, пікірлесті.

Біз «Қартын сыйлаған елде қасиет бар» деген аталы сөзге бас иген дана халықтың ұрпағы ретінде ардагерлерімізді ардақтап, сый-құрмет көрсетуді перзенттік парыз санаймыз.
Абыз ақсақалдыққа, қадірлі қариялыққа жету – өмір мектебінен өткен әрбір адамның мерейлі кезеңі. Сіздер қай уақытта болмасын орамды ойларыңызбен елді берекелі бірлікке, тату тірлікке үндеп келесіздер. Мен Өздеріңізбен орайы келгенде жиірек жолығып, еркін пікірлесіп, кесімді ойларыңыз бен ұтымды ұсыныстарыңызды тыңдауға қашанда әзірмін. Сіздер аман болыңыздар,-деді облыс әкімі Н.Нәлібаев.
Мерейлі сәтте ардагерлерді құттықтауға келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев замандастарына бақ-береке тіледі.
Бүгінде бұл орталықта 250-ге жуық ардагер және мүгедектігі бар азаматтар қызмет алады. Заман талабына сай жабдықталған ғимаратта өткен жылы спорт алаңы салынып, пайдалануға берілсе, биыл қызмет алушылардың рухани демалыстарына ерекше көңіл бөлінбек. Бұл ретте еліміздің тарихи, мәдени орындарына саяхат жасауға шағын автобус сатып алу үшін бюджеттен 21 млн.теңге қаржы қаралды.
Басқосуда облыс әкімі қариялардың игілігіне арнап әлеуметтік орталыққа арнайы сыйлық табыс етті.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі