Нысандардағы жұмыс назарда болады

928

0

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірқатар әлеуметтік және өндірістік нысанды аралады.

Алдымен аймақ басшысы «Қорқыт ата» әуежайының инфрақұрылым мәселелері мен жаңадан салынатын терминалдың жобасы бойынша cала мамандарымен пікірлесті.

Бұған дейін облыс әкімі демеушілерді тарта отырып, 70 млн теңге қаражатқа әуежайдың ескі терминалын ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстарын жүргізді, нәтижесінде әуежай алаңы жаңарып, ауласы тазаланып, қалыпқа келді.

Жерлесіміз, меценат Болат Өтемұратов­тың қоры өңірде халық­аралық стандарттарға сай заманауи терминал салуға ниет білдірді. Бұған дейін де облыс әкімі Сыр еліне келген қор өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізіп, ортақ жобаны пысықтап, талқылады.

Қазіргі күні әуежай жылына 137 мың адамға қызмет көрсетсе, жаңа терминал қосылғаннан кейін шамамен 220 мың жолаушыны қабылдай алады. Ал, жүк тасымалдау көлемі 150 тоннадан 240 тоннаға дейін ұлғаяды.

Құны 12 млрд теңгені, алаңы 7500 шаршы метрді құрайтын әуежайда телескопиялық трап екі қабатты болады, ал жолаушыларға, оның ішінде қозғалыс қабілеті шектеулі азаматтарға ыңғайлы болу үшін эскалаторлар мен лифттер қарастырылмақ. Жылдам әрі жайлы қызмет көрсету өзін-өзі тіркеу бағандары мен жүктерді беру және өңдейтін автоматтандырылған жүйемен жабдықталады. Терминал 2024 жылы аяқталмақ.

Облыс әкімі әуежай өңірдің негізгі қақпасы және оның заманауи сипатқа ие болуы тиіс әрі халыққа қолайлы қызмет етуі қажет деді. Бұл ретте орынбасары М.Жайымбетовке, қала әкімі А.Шәменов­ке, жауапты басқарма және әуежай басшысына әуежайды күтіп ұстау, таза­лығына ұдайы мән беруді жүк­теді. Сондай-ақ, қор өкілдерімен бірге тер­минал құрылысына қажетті жұмысты үйлестіріп, уақытылы аяқтау­ды тапсырды. Мұнан бөлек, қала­дағы кәсіпкерлік және әлеуметтік нысан­дардың қасбеттерін әрлеп, аумағын тазалау жұмыстарын міндеттеді.

Нұрлыбек Нәлібаев Н.Бекежанов атындағы облыстық академиялық музы­калық драма театрының жөндеу жұмыс­тарын көрді. Өнер ордасы Сыр өңірінде 1960 жылдан бері жұмыс жасауда. Дегенмен, театр ғимараты ескір­гендіктен, жөндеуді қажет етті. Аймақ басшысының тікелей қолдауымен театрдың қасбетіне жөңдеу жұмыстарын жүргізу басталды. Демеушілер есебінен ғимараттың ішкі жұмыстары да зама­науи талапқа сай қайта жаңарады.

Облыс әкімі киелі өнер шаңы­рағы қаланың басты мәдени ны­саны болғандықтан, орынбасары Н.Сақтағановқа, жауапты басқарма бас­шысы мен мердігер компания өкіліне қысқа уақыт ішінде жөндеу жұмыстарын уақытылы әрі сапалы орындау қажет екенін еске салды. Сондай-ақ, театр аумағын таза әрі жинақы ұстауды тапсырды.

Айта кетейік, облыс орталығында 1000 орынға арналған көпфункционалды Өнер орталығы салынуда. Құны 3,7 млрд теңге екі қабатты өнер орталығының  құрылысы шамамен келер жылдың соңында ел игілігіне берілмек.

Әрі қарай облыс әкімі шыны зауытындағы өндірісті іске қосуға дайындық барысын саралады. Аймақта өңдеу өнеркәсібін дамыту мақсатында құрылысы басталған зауыт қазан айының ішінде алғашқы өнімін шығарады деп жоспарлануда. Бұл ретте облыс әкімінің тапсырмасы негізінде осыған дейін арнайы штаб құрылды. Туындаған мәселелер шұғыл шешіліп, инвесторларға көмек көрсетілді. Нәтижесінде өндіріске қажетті газ, су, электр  желілері тартылып, теміржол тұйығын жеткізу құжаттары әзірленуде. Балқыту пеші қосылып, қазірдің өзінде 1450 градус температураға жетті. 

Алдағы уақытта шыны зауытының айналасында жаңа өнім түрлерін шығаратын 8 ілеспе кәсіпорын ашу көзделді. Мұнда шыны-талшықты, композиттік материалдар, айна, смарт­фондар мен планшеттерге арналған ультражұқа шыны жобалары да шығарыла бастайды.

Өндірісте жергілікті шикізат – Аралдың кварц құмы қолданылады.

Облыс әкімі жұмыс процесін бақылап, бірінші орынбасары Серік Қожаниязовқа және шетелдік компания өкілдеріне өндіріс орнының алғашқы өнімін шығару жұмыстары іркіліссіз және уақытылы басталуы қажет екенін тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<