Жастар белсенді қатысады

1057

0

              

         Жастар ресурстық орталығында облыстық қоғамдық штаб мүшелері Назира Аймаханова мен Мамыр Байдәулетов «Жасыл ел» еңбек жасағының өкілдерімен, белсенді жастармен кездесті. Басқосудың мақсаты − референдум жайлы түсіндіру.

         Штаб мүшелері референдумның мән-мағынасын  ашып айтты. Саяси шараға жастар қалай қатысады, ол қандай өзгеріс әкелетіні кеңінен сөз болды.

          − Референдум – халықтың нақты бір мәселеге байланысты пікірі, көзқарасы, таңдауы. Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғашқы конституциялық өзгеріс бойынша референдум 1995 жылы өтіп, халық бірауыздан Ата Заңды қабылдады. Уақыт алға жылжып, қоғам талабы өзгерген соң заң да өзгерісті талап етуде. Белсенді пікір білдіру – әрбір азаматтың борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт,  − деді М.Байдәулетов.

          «Сайлауға барып, депутаттарға дауыс бергендей, заңға енетін өзгерістерді таңдаймыз ба?» деген сауалға Назира Аймаханова жауап берді.

Жастар белсенді қатысады

         − Әрине сайлаудағыдай таңдау жасаймыз. Бұл жолы өз құқықтарымыз бен бостандықтарымызды ойлап, белгілеуіміз қажет. Мемлекет болашағы үшін конституциялық референдумның маңызы ерекше. Ол тұтас мемлекеттің жарқын келешегінің іргетасын қалайды. Қоғамда күрмеуі шешілмей жатқан өзекті  мәселелер көп. Оның орындалуына сіздер де атсалыса аласыздар. Ол үшін саяси науқанға белсенді қатысу керек. Ата Заңға сәйкес елімізде барлық азаматы үшін тең мүмкіндіктер қажет. Кейін неге өз пікірімді білдірмедім дегенше,  5 маусымда өтетін референдумға қатысуға шақырамын, − деді Н. Аймаханова.

Жастар белсенді қатысады

         Қатысушылар өз сауалдарын қойып жауап алды. Жастар бірауыздан саяси шараға қатысатындарын айтты.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр Бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<