Дина Бөкебай. «Бір ғұмыр жете ме сүюге сені»

3172

1

*** 

 Бір ғұмыр жете ме сүюге сені, 
 өмірді,
 Кітаптың кейіпкерлерін?!
 Жақыннан қалған жазықсыз ғана көңілді,
 Кір жұқтырмаған жанарыңменен емдедім.
  
 Бір өлең жете ме жанымды жайып беруге,
 Ауыз тиюге қайғымнан?
 Жалығам кейде өзіме қайтып келуден,
 Сен де сертіңнен тайдың ба?
  
 Жер беті жетпек жетімсіреген нешеуге?
 Ұмыта берем, өмірдің өзі бір ертек.
 Есейгендерден үйреніп алдым кеше мен,
 Көңілді таптап, гүл өртеп.
  
 Жымиып өтсем, жеңілмес ойды тұмшалап,
 Махаббатыма құл санам.
 Жеткізбей қойған шақырымдарды қайтеміз?
 Ақылым жетпей жүр соған...
  
 ***
  
 Уақыттың үніне ғашық құлағым,
 Сағат тоқтауын тілейді сыңарым.
 Түсімдегі кеше көрген қар қызы
 Бекторымен қол ұстасып жүр әні.
  
 не-ге?
 Қиял кезу- өміріңді аяу ма?
 Құламауға қалам ұшын таянған.
 Өзімізді түсімізден таба алсақ
 Ең шынайы өнер ғана оянбау.
  
 Үрейленер түстің келмей өлгісі,
 Жүрек жақтан құс ұшады, көнбісім.
 Тамырымды жарып шығар аңдаусыз
 Тән ішінде тұтқындалған болмысым
 өлең оқып түнекке...
  
 Әңгіме айтар Фрейдпен әлі ұйқысы келмеген,
 Жайлы қонақ жалғыздығым бөлмеде.
 Азапты ойлар кетпей тұрып пышақтап,
 ессіздігімізді құшақтап,
 Бейсанамызда жолығайықшы пенделер.
  
 ***
  
 Не жазам саған?
 Кеудемнің құсын ұшырып алдым,
 Жанымды бүгін үсіріп алдым,
 Жадымнан сені өшіріп алдым,
 Ғасырдың демін көшіріп алдым
 ..байқамай.
 Не жазам саған?
 Ойымнан алыс оза алмай кеттім,
 Тағдырды ғана жаза алмай кеттім,
 Өзімнен өзім жырақтап кеттім,
 Армандарымнан бір аттап кеттім
 ..байқамай.
 Не жазам саған?
 Жалғыздығыммен дос болып қалдым,
 Жанардың гүлі жас болып қалдым,
 Тас көңілдерді жылытып қалдым,
 Өмір сүруді ұмытып қалдым,
 ..байқамай.
 Не жазам саған, жарығым? 
  
 Хронофобия
  
 сағаттың тілі 1-ден 24-ке дейін шыр айналады,
 шыр айналады ішімде ойлар.
 Сағат құрастырушы жердегі Құдай болады
 адамдар түсінбей дал.
  
 сағаттың тілі 1-ден 24-ке дейін ән салады
 ән салады Адель бірге.
 Уақыт тоқтамауы үшін қанша алады?
 Сен, айтшы, жан емің не?
  
 Сағатым 1-ден 24-ке дейін күледі ойсыз,
 Әдеттегідей, тілін шығарып.
 Сіз телефонсыз жүре алмайсыз,
 оқымау керек, жақында жырым шығады.
  
 Сағаттың тілі 1-ден 24-ке дейін...
 таныс па үрейім?
 Сырт-сырт... қайталайды қасқа жүрек.
 Уақыттың әуеніне вальс билейік,
 Тек аяғымды баспаңыз. Ок?
  
 ***
  
 Сағыныш түсі, тағы да аздап таң суық,
 Құлагердейін құлаштауыма қамшы көк.
 Көздері жанған үкідей сенен қорқамын
 Үзіліп түсер тамшы боп.
 Көзге көргісіз түнекті сүйем сендегі
 Ал сенің барың жалқылықтарға ем бе еді?
 Құдайдың бәрін құдай ететін сиқырың
 Адам еткен бе пендені!?
 Ей, шерлі ғалам, қиянат жаса у ұсын
 Мекендеп жүрсем жүректің жалғыз қуысын.
 Адамзат білер ең ұлы гимн – жалғыздық.
 Және де менің туысым.
 Жаһанда саған табылмас сірә,күш теңдер
 Түсім де емессің үш ұйықтағанда үш көрген.
 Қосыла шырқап қайтам ба деп ем әніңді
 Көшеде тағы ішкендер!..
  
 «Amor fati » 
  
 Қиын емес жерде жатып бәрінің гүлін алу 
 ...өзің жайлы өзгеден біліп алу .
 Өлеңге ұқсап жымиып тұрам өксіп
 Өлеңге ұқсау - дәл қазір тірі болу .
  
 Аяулы емес ең соңғы өңің сұлу,
 құшқым келіп ауылдың желін шыны. 
 бәлкім бақыт дегенің 
 Құрастыру өзіңді сынып теріп,
 Жүрегіңді өзгеге жұлып беріп өмір сүру.
  
 Ғажап емес жаныңа жақын кеп жылай беру, 
 үнсіз ғана қиялға ұнайды еру. 
 бар дұғасы - миында 
 жүрегінде - мешіті 
 ғажабы сол, өлеңді Құдай көру. 
  
 Көркем қандай
 Үлгеру гүлін алып,
 Жылы кетіп, көктаста жыры қалу. 
 Беске оқысам өмірім сені...
 бірақ
 ең ауыры - дәл қазір тірі болу. 
 ең тәуірі - дәл қазір тірі болу. 

Дина БӨКЕБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<