Мұғалімдерді жұмысқа қабылдаудың жаңа ережесі. Педагогтар не дейді?

1797

0

BAQ.KZ тілшісі. Елімізде педагогтарды жұмысқа қабылдау қағидаларына өзгерістер енгізілді. Енді мұғалімдер жұмысқа конкурс және нақты критерийлер бойынша қабылданады.

Елімізде білім жүйесіне енгізіліп жатқан жаңа ережеге қатысты мұғалімдердің пікірін білдік. Олардың айтуынша, жаңа ереже тиімді болмақ. Толығырақ мақаладан оқыңыздар.

Мұғалімдер жұмысқа қандай ережемен қабылданады?

Бұған дейін Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов педагогтарды жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты жаңа бұйрығы Әділет министрлігінде тіркелгенін хабарлаған болатын. 

Енді педагогтерді жұмысқа қабылдау жаңа форматта конкурс және нақты критерийлер бойынша жүзеге асырылады. Бұл өзгерістер мұғалімдерді жұмысқа орналастыру кезінде ашықтықты қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және жұмысқа қабылдау кезінде меритократия қағидаларын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұған дейін нақты ереже болған жоқ, яғни мектеп директоры кімді және қандай көрсеткіштер бойынша жұмысқа қабылдау керегі туралы өзі шешетін. Бірқатар аймақта сағаттар санын дұрыс бөлмей, үш-төрт мұғалім бір ставкаға қабылданған жағдайлар тіркелді. Мұндай жағдайлар қандай себептерге байланысты орын алатынын болжау қиын емес, – деді министр.

Енді білім беру ұйымдары барлық бос немесе уақытша бос лауазымға конкурс өткізеді. Бірақ бұл шағын жинақты мектептерге қатысты емес. Байқауға біліктілік сипаттамаларына сәйкес келетін мұғалімдер қатысады.

Жұмысқа қабылдаудың ережесі:

– Жұмысқа орналасу кезінде үміткер конкурсқа қатысу туралы өтініш береді. Өтініш беруші өзінің бағалау парағын қоса ұсынады. Онда барлық жетістігі, нәтижелері, еңбек өтілі, әкімшілік немесе әдістемелік қызмет тәжірибесі, курстық дайындық және басқа да ақпарат көрсетіледі. Әрбір бағыт бойынша кандидат белгіленген критерийлер арқылы бағалау шкаласына сәйкес өз балдарын дербес қояды.

– Конкурстық комиссия өтініш берушінің өзі қойған балдардың, оларды растайтын құжаттардың сәйкестігін тексеріп, қорытынды ұпай шығарады. Нәтижесінде бос орынға ең көп балл жинаған үміткер қабылданады. Субъективизм деңгейі барынша төмендейді.

– Бұрынғы жұмыс орнынан ұсыныс хаттар да сұратылады. Үміткер оң ұсыныс үшін 3 балл жинаса, ал теріс ұсыныс үшін 5 балл жоғалтады.

– Ұйымдар үміткердің қандай да бір бұзушылықтарға, оның ішінде педагогикалық этика бойынша бұзушылықтарға жол берді ме, жоқ па, сол туралы ақпаратты ескере алады. Мұндай фактілер анықталса, педагог кез келген кезеңде конкурстан шеттетіледі.

– Ережеде үміткердің біліктілік санатының міндетті түрде болуы қарастырылады.

– Енді жоғары оқу орындары мен колледж түлектеріне жұмысқа қабылдану үшін диплом жеткіліксіз болады. Олар Ұлттық біліктілік тестілеуден өтіп, одан әрі мектепте «педагог» бірінші санатын алуға міндетті.

– Педагог қызметін негізгі жұмысымен қоса атқаратын мұғалімдерді бір пән бойынша 8 сағаттан аспайтын жүктемемен конкурссыз жұмысқа қабылдауға рұқсат етіледі. Сондай-ақ осы білім беру ұйымының мұғалімдері арасында жүктемесі 8 сағаттан аз бос орындарды үлестіруге болады. Бұл ретте бір пән бойынша бос 9 немесе одан да көп сағатты жасанды түрде бөлшектеуге жол берілмейді.

Қабылданған ереже педагогтермен, сарапшылармен, мектеп директорлары және әдіскерлермен, білім басқармаларының басшыларымен және басқа да білім беру ұйымдарының өкілдерімен талқыланды.

Аталған шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға және педагог лауазымына үміткерлерді сапалы іріктеуге бағытталған.

Осы ретте енгізіліп жатқан жаңа ереже жайында мұғалімдер де өз ойларын білдірді.

Сала мамандары үшін маңызды

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Руханият» КММ-нің қазақ тілі оқытушысы Айман Сейдахметова жаңа реформа жайында оң көзқараста.

Сенат депутаттары бірнеше маңызды жаңа нормаларды қамтитын заң жобасын қарастырып, мақұлдаған болатын. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтың сала мамандары үшін аса маңызды болып табылатын екі ерекше норманы атап өткенін білеміз. Соның ішінде педагогтарға қатысты нормасында мемлекеттік білім беру ұйымдарына педагогтарды конкурс арқылы қабылдау енгізіліп, мұғалімді жұмысқа қабылдауға қатысты шешім тек директорларға тәуелді болмайтындығы дұрыс қабылданған шешім деп ойлаймын. Себебі педагогтарды жұмысқа қабылдау кезінде сыбайлас жемқорлық көріністеріне жол берілмейді. Сондықтан осы жолда педагогтар жұмысқа конкурс арқылы іріктеліп, конкурстық іріктеудің нақты қағидалары бекітіліп, барлығына түсінікті әрі ортақ ереже бойынша қабылдау көзделетін болса, педагогтардың кәсібилігіне және барлық талапқа сай болуына ден қойылып, сәйкесінше педагогты жұмысқа қабылдау туралы шешімді бір ғана адам емес, көпшілік қабылдайтын болса, педагогтың шынайы келбеті, ұстаздық шеберлігі мен шығармашылық әрекеті жоғары бағаланары сөзсіз, – дейді ол. 

Айман Сейдахметованың пікірінше, осы қабылданған норманы нақты жүзеге асыру жолында мұғалімдер ұлағатты тұлғаны ережеге сай дұрыс қалыптастыра алады. 

Өйткені еліміздің одан әрі өркендеп дамуы жас ұрпақтың қолында, ал келешек жастардың дұрыс тәлім-тәрбие мен терең білім алуы маңызды деп санаймын. Сондықтан аталған жаңа ереже алдағы уақытта өзінің оң әрекетін көрсете алады деп ойлаймын, – деп айтты елордалық мұғалім.

Мұғалім ешқандай конкурсыз жұмысқа қабылдануы керек

Ал Көкшетау қаласы №19 жалпы орта білім беретін мектептің информатика пәні мұғалімі Серікгүл Болат мұғалімдер жұмысқа конкурссыз қабылдануы керек деген пікірде.

Мен 2011 жылы ең алғашқы ұстаздық еңбек жолымды Зеренді ауданы №3 М. Ғабдуллин атындағы мектеп-интернатынан бастадым. Ешқандай тәжірибе болмады. Бірақ мектеп директоры қабылдады. Жұмысқа кірерде ешқандай емтихан тестін де тапсырмадым. Жас маман ретінде қабылдандым. Уақыт өте келе тәжірибе жинай бастадым. Міне қазіргі күні 10 жыл еңбек өтілі бар педагогқа айналдым. Жалпы қай мамандық иесі болмасын тәжірибені жұмыс барысында жинақтайды, – дейді ол.

Осы ретте жас ұстаз қазіргі педагогтарды жұмысқа қабылдау қағидаларына қатысты ойын жеткізді.