Шежіреші шерткен сыр

2110

0

Қасиетті топырағында жүз шайыр өмір сүрген Қармақшы жерінің тумасы, ақын, шежіреші Әлімбай Әлиасқаровтың есімі Сыр жұртшылығына жақсы таныс. Ақын шығармалары кезінде “Пернедегі термелер”, “Нақыл сөздер” топтама жинақтарына енген. Ал 1965 жылы “Еңбек күйі” атты өлеңдер жинағы, 1975 жылы “Қанатты қыз” жыр жинағы “Жазушы” баспасынан жарық көреді. Бұл кітаптарға ақынның өлеңдері, хикаялары, аңыздары енгізілген. Ал 2008 жылы “Қазақ шежіресі” атты деректі еңбегі ұрпақтарының қолдауымен жарық көреді. Онда қазақ халқының арғы-бергі тарихы, рулық-туыстық қатынастың ерекшеліктері қамтылған. Сондай-ақ, “Сырдария кітапханасы” 200 томдығының бір томы Әлімбай Әлиасқаров шығармаларына арналған.


Ол әйгілі Сыр саңлағы, Шығыс әдебиетінің жауһары – “Шаһнаманы” қазақ тіліне аударып, ұлттық әдебиетке зор табыс алып келген Тұрмағамбет Ізтілеуов мектебінде білімін шыңдайды. Бертін келе кеңес мектебінде оқып, 7 сыныптық білім алып шығады. Бұрын ескіше оқып, төте жазуға машықтанған жігіт енді кирилл әліпбиін де игеріп алады. Осы тұста көне жазбаларын қайта өңдеп, жаңа әліпби бойынша көшіріп, жергілікті басылымдарға жолдайды. Мәселен, ақын туындылары 1927 жылдан бастап байырғы “Еңбекші қазақ”, қазіргі “Сыр бойы” және “Қармақшы таңы” мерзімдік басылымдарында тұрақты жарияланып отырған.


Ә.Әлиасқаров Шығыс әде­биетінің классикалық туын­дыларын, сонымен қатар, жергілікті сүлейлер шығар­машылығын терең білетін. Бұдан бөлек, ел тарихындағы есімі әйгілі батырлар жайлы небір құнды деректерді жинақтап, халыққа жеткізеді. Осылайша талантты ақын, білімді де білікті жігіт елдің сауатын ашып, рухани таным деңгейін көтеруге үлкен үлес қосады. Әйтсе де білімді азаматтарды қия бастырмай, “қарауылға” алған сол бір кезеңде бұл да “қызыл жағалылардың” қырына ілініп, 1937 жылы “халық жауы” деп жазықсыз жазаға тартылады. Бұл уақытта Ә.Әлиасқаров 29 жаста болатын. Содан Ұлы Отан соғысы басталғанша өмірін Солтүстікте, Колыма өлкесінде өткізеді. Айдауда жүріп, тауқымет тартқан жігіт 1942 жылы өз еркімен майданға сұранады. Ол өтініші арада бірнеше ай өткенде ғана мақұлданады.
Сталинград маңайында со­ғысқа кіріскен ол Отан қорғау алдындағы жауынгерлік мін­детін жанқиярлықпен ат­қарып, майданның алғы ше­бінде жүреді. Белорусь май­данында, Польша мен Венгрия жерлерін азат ету кезінде ерлікпен шайқасады. Иә, 39- гвардиялық атқыштар полкінде взвод командирі болған Әлім­бай Әлиасқаров Ұлы Жеңісті Еуропа жерінде қарсы алған еді. Соғыстағы ерлігі үшін “Қызыл жұлдыз”, “Ұлы Отан соғысы” ордендерімен және бірнеше жауынгерлік ме­дальдармен марапатталған. Сон­дай-ақ, ол майданда жүріп жазған отты жырларымен жауынгерлерді жігерлендіріп, елге жолдаған хаттарында да қамкөңіл халықтың Жеңіске деген сенімін арттыра білген. Мысалы, “Майданнан хаттар” атты топтамасының төртінші хатында:
…Біздің қыран қызыл ердің,


Батты жауға тырнағы.
Тұлғасындай күш-жігердің
Достар тірі жүр бәрі.
Майдан үсті апыр-топыр,
Жатыр жаулар қан болып.
Фашист қашып бара жатыр,
Сәтті біздің бар жорық,– деген жыр жолдары соның айғағы.
Соғыстан оралған соң елдегі тұрмыс-тіршілікке бел шеше кірісіп, егіншілікпен айна­лысады. Өмірден көрген-түйгені мол азамат адал еңбегімен абыройға бөленіп, ағайын-туыс, ауыл-аймаққа сыйлы болды. Балаларын оқы­тып, ел қатарына қосып, немере-шөбере сүйеді. Сол құрметпен зейнеткерлікке шық­қан қазыналы қария елдің бірлігі мен берекесін сақтауға барынша үлесін қосты. Жоғарыда ақынның 1937 жылы “халық жауы” деп айыпталып, Ұлы Отан соғысына өз еркімен аттанғанша айдауда болғанын айтқан едік. Бұл жазадан ол 1958 жылы ақталып шықты. Иә, қилы-қилы тағдыр жолынан өтсе де қайсар ақын қаламын қолынан тастамайды. Майдан күнделігінен, сондай-ақ, өмірдегі адами құндылықтар жайлы көрнекті ойларын жаңа туындыларына арқау етеді.
Әлімбай Әлиасқаровтың “Қорқыт”, “Төрт дәруіш” дастандары – Шығыс әдебиеті дәстүрімен аңыз желісінде жазылған көркем туындылар. Шығарманың түпкі мазмұны – адамгершілік қағидаларын терең насихаттауға саяды.
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің профессоры, фило­логия ғылымдарының канди­даты Ұлжан Жанбершиева өз еңбегінде “Төрт дәруіш” дастанын Сыр бойы ақын­дарынан Әбзәли Егізбайұлы, Базар жырау, Әлімбай Әли­асқаров жырласа, оңтүстік ақын­дарында Шәді Жәңгіров жырлағанын айтады. Оның ішінде Ә.Әлиасқаровтың шы­ғар­ма­шылығы туралы Ұ.Жан­бер­­шиева былай деген екен:
“Ә.Әлиасқаровтың әрі көлемді әрі көркем жазылған “Төрт дәруіш” дастанының оқиғасы былай басталады:
Бір патша қанша бай болса да, бір перзентке зар болыпты. Бір күні уәзірлерін шақырып, кеңес құрады. Оларға нашар киініп, қабірлерді аралап, құдайға жалбарыну керектігін айтады. Осылайша қабірлерді аралап шыққан уәзірлер төрт дәруішке кездеседі. Олар: бірі – науқас, бірі – есінен алжасқан, енді бірі – адами қасиеті аз, аң сияқты ел кезген жан болса, төртіншісі – диуана екен. Оқиға осы төрт дәруіштің басынан кешкен жайларын баяндаудан тұрады.
Дастанда көтерген басты идея – адамға тән асыл қасиеттерді мойындау, қас­терлеу, сондай-ақ, адам баласының өз бақыты жолында күресе білуі керектігін дәріптеп жеткізеді. Шығарманың идея­лық мазмұнындағы тағы бір құндылық – зұлымдықты әш­керелеп, дүниеқоңыздық пен жауыздықтан бойды аулақ ұстау. Жалпы, бұл дастанда әділдік, гуманистік ойлар негізгі мотивке айналған. Сол секілді, ақынның 750 жолдан тұратын “Қорқыт” дастанының негізгі тақырыбы да адам­гершіліктің биік нысаны – бір­лік пен ынтымақты насихат еткен. Бұл дастан да ежелгі аңызды баяндау әдісімен жазылған…”
Жасы ұлғая келе Әлімбай Әлиасқарұлы Меккеге сапар­лап, қажылық парызын өтейді. Сондай-ақ, қайраткер ақын кеңес үкіметінің саясатына кереғар келсе де, дін мәселесін қозғап, 1983 жылы Қармақшы ауданының Жосалы ауылында алғашқы мұсылмандар мешітін ашуға ұйытқы болған дейді. Сонымен қатар, осы жылы Ташкент қаласында өткен Орта Азия дінбасыларының басқосуына Сыр елінің атынан арнайы қатысқан екен.


Бүгінге дейін ақынның жыр-термелері ел арасында кең таралып, халықтың құлағына сіңіп қалған. Соның бірі былайша өріледі:


– Құрметтеймін, халқым-ау,
Тіршілікте бәріңді.
Кек тұтар деп ойлама,
Жайсаң да қанша зәріңді.
Қызығы сол ғой өмірдің –
Сыйлаймын жас пен кәріңді,
Бірлікте – барлық береке,
Көрмейін әрі-сәріңді.
Ұрлық, өтірік, өсексіз,
Еңбектен ізде нәріңді.
Болмашыға ренжіп,
Кетірмеңдер әріңді.
Қызық өмір сол болар,
Отырсаң үйде аман-сау,
Базар етіп барыңды…


“Ақын Әлімбай Әлиасқаров шығармаларының ең өзекті тақырыптары – Отан, туған жер, адами қасиеттер болса, идеясы – ұлттық рухты, патриоттық сезімдерді ұялату, Отанды сүюге, табиғат байлығын қор­ғауға, елжандылыққа, жауап­кершілікке тәрбиелеу. Қазақ сөз өнерінің ортасынан ойып тұрып орын алуға тиісті ақынның әлі де зерттеуді қажет ететін туындылары жетерлік. Ол алдағы күндердің еншісінде. Әлімбай Әлиасқаровтың өз әлемі, өзіне ғана лайық тұғыр-тағы болатынына сенемін, – деп жазған екен немересі Сәруар Әлиасқаров. Расында, отты жырларымен, ойлы да шұрайлы шығармаларымен қазақ әдебиетінің өркендеуіне өзіндік мол үлесін қосқан ақын еңбектері әлі де зерттеуді қажет етеді.


Ғазиза ӘБІЛДА,


«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<