Жүз жастағы жарқын бейне

968

0

Соғыс және еңбек ардагері, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі», «Құрмет» ордендерінің иегері, Сыр елінің елеулі есімі Бөрібай Құлманов бүгін 100 жасқа толып отыр.

Балалық күндерін жылусыз жетімдер үйінде өткізіп, он екі жасында ашаршылықтың аранына, жиырма бір жасында соғыстың от-жалынына түскен Бөрібай атаның көрген қиындықтарын ой безбеніне салудың өзі ауыр. Сом салмақты көтеріп, тоң азапты жібітіп аман-сау бүгінге жеткен осы бір тұлғаның болмысы болаттан құйылған ба дерсіз. Неткен рухы мықты жан деп таңғаласыз.

Расында, ол кісіні іздегенде көзінен нұры, сөзінен сүді қашқан көненің бір белгісін ғана көреміз деп барғанбыз. Қалай дегенде қиялымызға ғана сыятын жүз жастың оңай емесі анық-ты. Бірақ, алдымыздан аласармаған, өр кеуделі жан шықты, көңіл шуағы өң-жүзіндегі ескі әжімнің өзін әрлеп көрсетеді екен.

 Ал біз алтын сандықты ашуға құмарланғандай қариядан сыр тартуға асықтық.

– Ата, ғасыр жасау – мыңның біріне бұйырмаған жазмыш. Осы жүз жастан түйген басты қағидаңыз қандай?

– Тірі болу аз, ірі болу керек, балам. Ірі болу жұртқа биіктен қарап тұру емес, керісінше кішік көңіл, кең жүрек бола біл. Жаман ойламау керек, жақсы ойда жүргенің абзал. Ой шындыққа айналады. Отанды сүй, елге керек екеніңді сезінсең, көрер жарығың еселенеді, өйткені сен елге керексің. Ол үшін ешқашан еңбектен қашпа, қиыннан жалтарма!

 Тағдыр маған бір адам көтере алмайтындай ауырлық артты. Қайтсем осыларды аман сақтаймын деген әкем мен шешем бірінен соң бірі қайтыс болды. Өзіммен бірге туған інім аштықтан әл-дәрмені таусылып, көз алдымда үзілді. 

 Аңырап мен қалдым, көз жасымды сүртетін ешкім жоқ. Интернаттың ботқасы қарнымызға көбірек барсын деп оған қолмен көсеп тұз араластырып жейтінбіз. Соның бәрі артта қалды. Бұл да өтеді, жақсылыққа жетемін деген ізгі ойдан ешқашан ажырамау керек.

– Ата, жүз жасқа жігерлі жүрекпен жетудің сыры неде?

– Су ақпай тұрып қалса, иістенеді, жерге сіңіп жоғалады. Ағын су – өмір қуаты. Үнемі қозғалыста болу керек.

Мен соғыста қатты жарақат алдым. Екі қабырғам мен өкпемнің жартысын снаряд жұлып кеткен. Осыған байланысты дәрігерлер маған ешқашан дене қимылын үзбеңіз деген. Өмір бойы дене жаттығуын тоқтатқан емеспін. Бұрын азанымен тұрып, аяқ­жолдармен қаланы аралап жүруші едім. Осы жүзге келген жасымда да сол дағдымды сағынамын, бірақ оған қуат керек. Бүгінде 1 мен 3-ші қабат арасындағы баспалдақпен қайта-қайта жоғары-төмен түсіп-шығып жүремін.

Бұл – бір, екінші, жаман әдетке, жаман ойға жолаған емеспін.

– Жиырма жасыңызда Мәскеудің әскери училищесіне түсіпсіз. Ауыл баласына бұл да қиын соққан шығар?

– Мен әуелі Қызылордадағы ауылшаруашылық техникумда оқыдым.  Оны бітіріп, Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бір-екі ай жұмыс істедім. Сол кезде әскерге жасы толған орта білімі барларды әскери училищеге жіберіп жатты. Себебі ол кезде кеңес үкіметін жан-жақтан жау анталап тұрды, сондықтан әскерді күшейту басты мақсат болған.  Жаспын, Мәскеуді көргім келді ме, тез есейгім келгені ме, әйтеуір сол шақыруды қабылдағанның бірі болыппын. Сөйтіп, 1940 жылдың тамыз айында РСФСР Жоғарғы Советі атындағы Мәскеу жаяу әскер училищесіне түстім.   

Сол училищеде жүргенімде соғыс басталды. Соғыстың ең отты жерлеріне түстім,  он жеті айға созылған Ржев үшін болған ұрыстың бел ортасында жүрдім. Ауыр жарақат алып, алты ай емделіп, айыққан соң тағы да майданға кірдім. Германия жеңілген соң Шығыс Түркістан республикасын құру үшін жүргізілген соғыстың сарбазы болып, Қытайдың Шыңжаң өлкесінде тұратын мұсылмандардың азаттық күресіне де қатыстым.

 Жеңіспен оралып, бейбіт күндегі еңбек майданының алғы шебіне түстік. Облыстық партия комитетінде қызмет еттім. Қармақшы, Қазалы аудандық партия комитеттерінде 2-ші, 1-ші хатшы болдым. Партия қайда жұмсаса, сонда бардық. Оны Отан-Ананың тапсырмасы деп білдік.

1986 жылы зейнетке шықтым.

Үш қызым, олардан тараған ұрпақ бар, ағайыным алқалап ортаға алып отырады, шүкір.

Жеңіс мерекесі күні облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова үйіме арнайы ат басын бұрды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың құттықтауын жеткізіп, ұлы жеңіске үлес қосқаным үшін, елге жасаған еңбегім үшін алғыс білдірді.

Мұнан кейін «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова, елге белгілі емші Кенжебай Тоғызбаев секілді бірқатар азаматтар келіп, сәлем берді, батамды алды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев жиі соғып, жағдайымды сұрап тұрады. «Арма деген – әлге қуат» жастамыз ғой, сондай кезде мерейім өсіп, көңілім тасып қаламын.

– Жас ұрпаққа не айтасыз?

– Адам ептілікпен де, есеппен де биікке шыға алады, бірақ оның ғұмыры баянды болған емес. Жүзге келсең де жүзің жарқын болу керек.

Адамның көркі – адал еңбек. Абырой мен бақытқа кенелтетін де сол. Азабының артында рахаты тұратын бір-ақ нәрсе бар, ол – еңбек. Өйткені, еңбек тынымсыз қозғалысты қажет етеді, ал, қозғалыста болу – ұзақ өмір сүрудің негізгі сүрлеуі.

Абайдың «талап, еңбек, терең ой» дегені осы заманға келеді. Талапқа қолдау, еңбекке құрмет, ойланғанға оң жол көрсететін тәуелсіздігіміз – бүгіннің де, ертеңнің де ең зор байлығы.

Баршаңа менің жасымды берсін. Қазақ елі көркейіп, ұрпағымыз көбейсін!

Жазып алған:

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<