Аймақ басшысы облыс халқын Отбасы күнімен құттықтады

618

0

Сурет ашық дереккөзден

Құрметті ағайын, қадірлі қауым!

Сіздерді Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Отбасы – адамның өсіп-өнетін, қанатын қомдап түлеп ұшатын алтын ұясы ғана емес, мемлекеттің іргетасы. Бала мейірім мен адалдықты, адамгершілік пен тектілікті туған топырақта, өскен ұяда бойына сіңіреді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бақытты әрі берік шаңырақ – берекелі қоғамның және мемлекеттің мызғымас тірегі. Отаншылдық пен жауапкершілік, парасаттылық пен ізеттілік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты асыл қасиеттер ең жақын жандардың үлгі-өнегесі мен ықпалының арқасында қалыптасады. Ізгілік идеалдары мен қағидаларына негізделген тұлға дүниетанымы ата-ана тәрбиесінен бастау алады» деп атап көрсетті.
«Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Президент «Ұлттық қор – балаларға» жобасының арқасында жаңа жылдан бастап балалардың есепшотына қаражат түсе бастайтынын айтты. «Адал азамат және тұғырлы тұлға болудың негізі бала кезден қалыптасады. Сондықтан біз жас ұрпақтың қауіпсіз әрі алаңсыз өмір сүруін қамтамасыз етуге тиіспіз» деп білім мен тәрбие саласындағы негізгі бағыттарды айқындап берді.
Халқымыздың қадым заманнан бері қастер тұтқан отбасы құндылықтары бар. Олар өмірге әкелген, тіршілігіңе нәр берген ата- ана алдындағы парызыңды өтеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жарасымды отбасы құрып, ұлағатты ұрпақ өсіру болып жалғаса береді.
Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінде отбасы құндылықтарын қадірлеудің, дәріптеудің алтын тіні үзілмей келеді. Сол дәстүрді әрі қарай сабақтастыру үшін салынған Қызылорда қаласындағы Неке сарайының құрылысы аяқталуға жақын. Мұндағы жұмыс жас жұбайлардың некесін салтанатты түрде қиюға, отбасы институтын қалыптастыруға, ұлттық тәрбиені дәріптеуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталады.
Меценат Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы да жақын арада пайдалануға беріледі. Бұл орталықтың қызметі жас отбасыларға, қыз-келіншектерге, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеу, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерді жаңғырту болмақ.
Кеше ғана Отбасы күні қарсаңында Астана төрінде биыл 10-шы рет «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының жеңімпаздарын марапаттау шарасы өтті. Ұлттық конкурста жерлесіміз, ғасыр жасаған қазалылық майдангер, қазыналы қарт, Қазалы ауданының Құрметті азаматы Қабақ Смағұловтың әулеті лауреат атанды. Тамырын тереңге жайған әулетті жеңістерімен құттықтап, ардақты ақсақалға мықты денсаулық, ұрпағына береке-бірлік, молшылық тілейміз!
Отбасы құндылықтар қалыптасатын қайнар көз, тәрбие бастауы болғандықтан, оның іргесінің беріктігі өте маңызды. Бүгінгі мерекеде барша отбасылардың шаңырақ шаттығына, мызғымас бірлігіне, берекелі тірлігіне тілектестігімді білдіремін. Мереке құтты болсын!

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<