ЕСЕП КОМИТЕТІНІҢ ТӨРАЙЫМЫН ҚАБЫЛДАДЫ

407

0

Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрайымы Наталья Годунованы қабылдады.

Кездесу барысында Елбасына Респуб­ликалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп коми­тетінің қазіргі қызметі және мем­ле­кеттік бағдарламалардың аудиті, сондай-ақ өңірлердегі тексеру комиссияларына көрсетіліп жатқан әдістемелік қолдау жұмыстары туралы мәлімет берілді.

Нұрсұлтан Назарбаев бюджет қаржысын тиімді игеруді және оның қолды болуына жол бермеуді қамтамасыз ету ісіндегі Есеп комитетінің маңызды рөлін атап өтті.

– Есеп комитеті – мемлекет қаржысының орынды игерілуін және бюджеттің атқарылуын тәуелсіз бағалауды қамтамасыз ететін маңызды орган. Қаражат тек көзделген мақсатқа бөлінуге тиіс, – деді Қазақстан Президенті.

Н.Годунова «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік аудит жүйесін әлемдік стандарттарға сай жаңғыртудың барысы жөнінде баяндады.

– Қазіргі уақытта Есеп комитеті өз жұмысында қаржыға қатысты құқық бұзушылық фактілерін анықтау тәжірибесінен гөрі тиімділікті бағалауға басты мән беріп отыр. Біз қаржылық құқық бұзушылыққа негіз болатын себептерді анықтау ісінде аудит нысандарына қолдау көрсетеміз және тиісті ұсынымдар береміз, – деді Есеп комитетінің төрайымы.  

Сонымен қатар, Н.Годунова мемле­кеттік бағдар­ламалар мен мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларына аудит жүргізу және республикалық бюджетті жоспарлау кезіндегі алдын ала бағалау жұмыстары жөнінде баяндады.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<