Әлеуметтік салаға басымдық беріледі

342

0

Кеше облыстық мәслихаттың кезектен тыс 30-сессиясы өтті. Депутат Нұридин Әмитов төрағалық еткен сессияға облыс әкімінің орынбасарлары мен кеңесшілері, мемлекеттік мекеме басшылары қатысты.

Сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер алдымен облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен «Nur Otan» партиясы депуттаттық фракциясының бірлескен отырысында жан-жақты талқыланды. Ол жөнінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай кеңінен тарқатып айтты.

Бірінші мәселе облыстық мәслихаттың 2018 жылғы 12 желтоқсандағы «2019-2021 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» №271 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізуге байланысты болды.

– Облыстық бюджеттің кіріс көзін 3 млрд 441 млн 533 мың теңгеге ұлғайту жоспарланып отыр. Аталған қаржы қоршаған ортаға эмиссия үшін төленетін төлемақы, жұмыс берушілердің Қазақстанға шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруі немесе мерзімді ұзартуы, коммуналдық мемлекеттік кәсіпорындардың таза кірісінің бір бөлігінің түсімдері сияқты бірнеше бағытты камтиды. Осындай өзгерістерге сәйкес облыстық бюджетті 33 млрд 413,1 млн теңгеге нақтылау ұсынылды, – деді Н.Қордабай.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестікті дамыту бойынша Сыр өңірі еліміздегі үздік бес аймақтың қатарында екені белгілі. Осы бағыттағы жобаларды жүзеге асыру әлі де жалғаса береді. Бюджетті нақтылау кезінде 4 жоба мемлекеттік міндеттемелерді орындауға, 3 жоба консультативті қолдау көрсетуге және конкурстық құжаттарды сараптамадан өткізуге арналды. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған инвестициялық жобаларды қоса қаржыландыруға 37,1 млн теңге жоспарланды.

Жергілікті жеке кәсіпкер Қайрат Орын­ба­сарұлы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Қызылорда қаласының Ақжарма ауылдық округінде 150 орындық мәдениет үйін салуға ниетті. 2,5 мыңнан астам халқы бар елді мекенде мәдени-көпшілік шаралар әзірге балабақша ғимаратында ұйымдастырылып келеді. Көпшіліктің тілегімен кәсіпкер клуб ғимаратының құрылысын осы жылы 3 ай ішінде аяқтауға уәде беріп отыр.

Сессияның күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бекітілген соң облыс әкімінің орынбасары Қ.Ысқақов аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму динамикасына шолу жасады. Айтуынша, республикалық бюджеттен облысқа 26,3 млрд теңге трансферттер бөлінді. Оның 21,5 млрд теңгесі – ағымдағы нысаналы, 4,8 млрд-сы – нысаналы даму трансферттері.

– Республикалық бюджет қаржысының қомақты бөлігі немесе 7,4 млрд теңге халыққа атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін бөлінді. 2019 жылдың маусымынан бастап азаматтық және мемлекеттік қызметшілердің жекелеген санаттағы жалақысын көтеруге 9,7 млрд теңге қарастырылды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына арнап тұрғын үй салу үшін қосымша қаражат жұмсалады, – деді Қ.Ысқақов.

Күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты депутаттар ұсыныс-еркертпелер айтып, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданды.

Назерке Саниязова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<