Қызылорда жылу-электр орталығы 2025 жылдың тамызында пайдалануға беріледі — Нәлібаев уәдесі

434

0

Фото: Видеодан кадр

Бұл туралы «Jibek Joly» телеарнасының «Уәде» бағдарламасына сұхбат берген Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Мемлекет басшысы жылу электр орталығының құрылысын тездетіп аяқтап, ел игілігіне табыстауды бізге, Үкіметке тапсырды. Өткен жылы түріктің «Акса Энерджи» компаниясымен келісім-шартқа отырған еді. Негізі бұл нысан жеке инвестицияға салынып жатыр. Өңірге керекті 240 мегаватт электр энергиясын шығарады. Қаламызды толық жылумен қамтамасыз етеді. Жобаның құны 215 млрд теңгені құрайды», — деді ол. 

Өңір басшысының атап өтуінше, нысан елімізде жеке қаржыға салынып жатқан ең бірінші жылу-электр орталығы саналады. 

«Оның маңыздылығын ескере келе Мемлекет басшысы нысан құрылысын алдағы 2 жылдың ішінде аяқтап, ел игілігіне беруді тапсырып отыр. Біз қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Мердігер өткен жылдан бастап жұмысқа қызу кірісті. Атыраудың құрылыс компаниясы ЖЭО нысанын салатын болды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары басталды. Аталған компания бүгінде, Chevron, Siemens сынды үлкен компаниялармен 76 млрд теңгеге құрал-жабдықтар сатып алу келісімшартына қол қойған. Оның 40 млрд теңгедей қаражатын төлеп қойды. Біз бұл жобаны 2025 жылдың тамыз айында аяқтап, сол жылғы жылу беру маусымында ел игілігіне береміз деп жоспарлап отырмыз», — деді Нұрлыбек Нәлібаев. 

Оның дерегінше, өңірге 180 мегаватт электр энергиясы қажет. Ал жаңа ЖЭО 240 мегаватт энергия өндіретін болады. Облыс артылған электр энергиясын басқа өңірлерге сатуды жоспарлап отыр. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<