Сенат спикері Орталық Азия елдерінің парламентаралық форумында Арал мәселесін көтерді

771

0

Фото: ашық дереккөз

Орталық Азия елдерінің Парламентаралық форумы реформаларды заңнамалық қамту тәжірибесімен алмасу алаңы бола алады. Бұл пікірді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Парламентаралық форум реформаларды заңнамалық қамту тәжірибесімен алмасу алаңы бола алады. Қазақстандық тарап салық заңнамасын реформалау жөніндегі жұмыстар бойынша тәжірибе алмасуға дайын. Қазір бізде ұлттық табысты барынша әділ бөлуді қамтамасыз ету бағытында үлкен жұмыс атқарылуда. Біз жаңа қоғамдық келісімнің негізін қалайтын Әлеуметтік кодексті дайындау тәжірибесін де бөлісуге дайынбыз. Әріптестеріміз де заң шығару және жүйелі қайта құру тәжірибесін ортаға салуға дайын екеніне сенімдімін», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат спикері өңірдің өзекті мәселелерін – трансшекаралық өзендерді бірлесіп пайдалану, экологиялық және энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, өзге де мәселелерді шешу үшін форум әлеуетін пайдалану маңызды екенін айтты.

«Парламенттің күш-жігерін Орталық Азия өңірі үшін ортақ су проблемасына жұмылдыруға болады. Соңғы жылдары Арал мәселелері, оның кебу салдарын азайту және теңіздің қалған бөлігінің таяздауына жол бермеу бойынша өзбек әріптестерімен белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Арал теңізінің апаты Қазақстан мен Өзбекстан ғана емес, Орталық Азияның барлық еліне залал келтіреді», – деді палата төрағасы.

Мәулен Әшімбаев басқа елдердің парламентшілерін бірлескен жұмысқа қосылуға шақырды.

«Мұздықтардың еруі, аймақтың негізгі су артериялары ағынының азаюы да өзекті болып отыр. Бұл біздің елдеріміздің азық-түлік қауіпсіздігіне, энергетикалық және экологиялық тұрақтылығына елеулі қауіп төндіреді. Бұл мәселелерді соңғы жылдары тәжік әріптестеріміз белсенді көтеріп келеді. Парламентшілер осы өзекті мәселелер мен сын-қатерлерді жеңілдетуге өз үлесін қоса алар еді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұған дейін хабарланғандай, Түркістанда Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші Парламентаралық форумы өтті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттерінің Парламентаралық форумына қатысушыларға құттықтау хат жолдады.

Фото ашық дереккөз

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<